Сайрам ауданында ұлттық құндылықтарды ұлықтау, рухани-адамгершілік тәрбиені дәріптеу және қоғамдағы ынтымақ пен өзара сыйластықты нығайту мақсатында «Рухани керуен» жобасы аясында аудан тұрғындарымен кездесу өтті.
Аталған іс-шара Түркістан облысы дін істері басқармасының тапсырысы негізінде ұйымдастырылды.
Жобаның басты мақсаты – халқымыздың ғасырлар бойы қалыптасқан рухани мұрасын насихаттау, жастардың бойына отансүйгіштік пен адамгершілік қасиеттерді сіңіру, отбасы құндылықтарын дәріптеу және қоғамдық келісімді нығайту.
Тағылымды жиынға арнайы қонақ ретінде белгілі айтыскер ақын, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Біржан Байтуов, Қызылорда облысының Дін мәселелерін зерттеу орталығының қызметкері, республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі Бақтияр Оспанов, жайдарманшы, актер Жанболат Досболов және мемлекет және қоғам қайраткері Оразкүл Асанғазиева қатысты.
Сонымен қатар, кездесуге ауданның зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, ақ жаулықты аналар, жастар, білім беру, мәдениет және спорт салаларының қызметкерлері мен жергілікті тұрғындар жиналды.
Басқосу барысында ұлттық тәрбие мен ұрпақтар сабақтастығы, дін мен дәстүрдің үйлесімі, отбасындағы жауапкершілік, жастардың рухани дүниетанымы және қоғамдағы бірлік пен татулық мәселелері кеңінен талқыланды.
Қонақтар өздерінің өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, қазақы тәрбиенің ерекшеліктері, ана тілін құрметтеу, ұлттық болмысты сақтау және жас ұрпақты саналы азамат етіп тәрбиелеу жөнінде тағылымды ойларын ортаға салды.
Сондай-ақ бүгінгі қоғамда рухани құндылықтардың маңызын арттыру, үлкенге құрмет пен кішіге ізет көрсету, жастарды ұлттық дәстүрден ажыратпай тәрбиелеу және қоғамдық тұрақтылықты сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылды.
Еркін пікір алмасу форматында өткен кездесуде қатысушылар өздерін толғандырған сауалдарын қойып, қонақтармен ашық әңгімелесті.
«Рухани керуен» жобасы аясындағы тағылымды басқосу ұлттық мұраны дәріптеуге, ұрпақтар арасындағы рухани байланысты нығайтуға және қоғамдағы өзара түсіністік пен келісімді арттыруға бағытталды.





+7 (72533) 3 51 24
csi_uko_kz@mail.ru