Созақ ауданында Түркістан облысы дін істері басқармасының ұйымдастыруымен «Рухани керуен» жобасы аясында аудан тұрғындарымен рухани-танымдық бағыттағы кездесу ұйымдастырылды.
Іс-шараның басты мақсаты – ұлттық мұра мен рухани құндылықтардың маңызын түсіндіру, жастардың діни танымын кеңейту, деструктивті діни ағымдардың ықпалынан сақтандыру және шетелде діни білім алуға қатысты ықтимал қауіптер жөнінде ақпарат беру.
Кездесуге арнайы қонақ ретінде дінтанушы, теолог Мәди Бесбаев, актер, мәдениет саласының өкілі Дәурен Әбиев, спортшы Қыдырғали Оңғарбаев, жайдарманшы, блогер Бақдәулет Жаманқұлов және Түркістан облысы дін істері басқармасының «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ директоры Медет Халықов қатысты.
Жиын барысында қазақ халқының ұлттық болмысы, салт-дәстүрдің тәрбиелік мәні, отбасы құндылықтарын сақтау, жас ұрпақтың рухани-адамгершілік тәрбиесі және қоғамдағы діни тұрақтылықты нығайту мәселелері талқыланды.
Шақырылған қонақтар өздерінің кәсіби және өмірлік тәжірибелеріне сүйене отырып, жастардың дүниетанымын қалыптастыруда ұлттық тәрбиенің алатын орнына тоқталды. Сондай-ақ ақпараттық кеңістіктегі діни мазмұндағы материалдарға байыппен қарау, күмәнді идеологиялық ықпалдарға ермеу және дұрыс ақпарат көздерін таңдаудың маңыздылығын түсіндірді.
Басқосуда ұрпақтар сабақтастығын сақтау, ата-ана өнегесі, үлкенге ізет пен кішіге құрмет көрсету, елге қызмет ету және азаматтық жауапкершілік мәселелеріне де ерекше назар аударылды.
Ашық әңгіме форматында өрбіген кездесуде қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, спикерлермен еркін пікір алмасты.
«Рухани керуен» жобасы аясындағы кездесу ұлттық құндылықтардың қоғамдағы орнын айқындауға, жастардың рухани сауаттылығын арттыруға және ел ішіндегі ынтымақ пен қоғамдық келісімді нығайтуға бағытталды.







+7 (72533) 3 51 24
csi_uko_kz@mail.ru