Келес ауданында рухани-адамгершілік құндылықтарды дәріптеу, ұлттық салт-дәстүр мен діни танымды сабақтастыру, сондай-ақ қоғамдағы бірлік пен келісімді нығайту мақсатында «Рухани керуен» жобасы аясында тағылымды кездесу ұйымдастырылды.
Аталған іс-шара Түркістан облысы дін істері басқармасының тапсырысы негізінде өткізілді.
Кездесудің негізгі мақсаты – тұрғындар арасында рухани-адамгершілік құндылықтарды кеңінен насихаттау, ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеу, өскелең ұрпақтың бойында отансүйгіштік, ізгілік, имандылық пен азаматтық жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыру, сондай-ақ қоғамдық келісім мен өзара сыйластықты нығайту.
Іс-шараны Келес ауданының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің басшысы Илесов Даурен Оразбайұлы ашып, жиналған қауымды кездесудің мақсат-міндеттерімен таныстырды. Сонымен қатар, арнайы шақырылған қонақтарды таныстырып, олардың рухани құндылықтарды насихаттау және қоғамдағы бірлік пен келісімді нығайту бағытындағы еңбектеріне тоқталды.
Кездесуге арнайы қонақ ретінде белгілі айтыскер ақын, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Біржан Байтуов, Қызылорда облысының Дін мәселелерін зерттеу орталығының қызметкері, республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі Бақтияр Оспанов және жайдарманшы, актер Жанболат Досболов қатысты.
Сонымен қатар, жиынға ауданның ардагерлері, ақ жаулықты әжелер, жастар, әлеуметтік сала, мәдениет және спорт саласының мамандары, сондай-ақ бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Кездесу барысында ұлттық тәрбие, рухани құндылықтар, ислам дінінің адамгершілік қағидаттары, отбасылық жауапкершілік, жастар тәрбиесі, отансүйгіштік және қоғамдағы өзара сыйластық пен татулық мәселелері кеңінен талқыланды.
Арнайы шақырылған қонақтар өздерінің өмірлік тәжірибелерімен бөлісіп, ұлттық құндылықтардың қоғам өміріндегі маңызы, ұрпақтар сабақтастығы, үлкенге құрмет пен кішіге ізет көрсету, сондай-ақ жастардың бойында адамгершілік қасиеттерді қалыптастыру жөнінде тағылымды ой-пікірлерін жеткізді.





+7 (72533) 3 51 24
csi_uko_kz@mail.ru