Тәу етер жалғыз киеміз
Тәу етер жалғыз киеміз
14.12.2022
743
0

         Егемендік ата-бабамыздың маңдай тері мен аққан қанының арқасында келгенін тәуелсіз жас ұрпақ ұғына білуі қажет. Тәуелсіздік – қазақ халқының бостандыққа ұмтылған асқақ армандары мен қайсар рухының жемісі. Тәуелсіздік – ұлттың, тілдің, дәстүрдің, салт-сананың мызғымас тірегі, күші, алтын діңгегі, халықтың бас жұлдызы. Жер бетінде қанша ұлт болса, сонша арман бар. Сол арманға біздің қазақ халқы үлкен табандылық пен рухшылдықпен жетті. Сондықтан да Тәуелсіздік күні біз үшін зор құндылық. Жүздеген жылдар патша отарының озбырлығына мойымай, кеңестер одағының сойылына сойылмаған, тарих сахнасында көптеген зәбірдің дәмін татып, одан аман шығып, қаһарман халықтың кейіпін көрсете алған.

         Ғасырлар бойы ұлтымыздың ұлықтығын жоғалтуға тырысқан сайқал саясатта аз болған жоқ. Азаттықтың ақ таңы атқанша, түрлі ауыртпашылықтарға тап болып, озбыр саясаттың құрбанына айналып, өз баласына дәм татуға нан тауып бере алмаған ана, жазықсыз жабылған жала, қанды соғыс, жалындаған жастардың көзіндегі отының сөнуі осының барлығы еліміздің егемендігі жолындағы күресінің жанымызды жегідей жейтін, еріксіз жас алатын басты көріністері.

         Тәуелсіздік деген қастерлі ұғым халық, қазақ, тарих, ұлттық құндылық,  «Алаш», тәлкекке түскен тағдырлар, жастар, ызғарлы желтоқсан деген секілді ұғымдармен синонимдес сөз секілді. Бұл ұғымдарды бір-бірінен бөлектей алмаймыз. Тәуелсіздік жолында тарихтың қай жағынан алып қарасақта, осы ұғымдарға келіп тірелеріміз анық. Қазақ сонау Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламада, отарлық езгінің елегінде, ашаршылықтың азабында, Алаштың заманында, 1937-нің қырғынында мың өліп, мың тірілді. Бірақ рухымыз өлмеді. Өткен ғасырдың басындағы қиыншылықтарда айтып жеткізу мүмкін емес. Сағат Жүсіп, Табыл Құлияс секілді зерттеушілердің есебінше, ХХ ғасырдың басындағы үш зұлмат ашаршылық кезінде 10 миллионға жуық қазақтың, 3,2 миллионы ғана тірі қалған.

         1986 жылдың желтоқсан айының ызғарлы салқыны қазақ жастарының санасын сейреткенімен, көңілін күйретті. Тәуелсіздік жолындағы күрестердің бірі де, бірегейі 1986 жылғы желтоқсандағы оқиға. Осы орайда біз аға-әпкелеріміздің елім үшін деп соққан жүректері мен ерліктерін ешқашан да ұмытпауымыз қажет. Қазақ елінің тәуелсіздігі жолында 1986 жылғы қазақ жастарының сол кездегі әкімшіл-әміршіл жүйеге қарсы бой көрсетіп, әр ұлттың өзінің көсемі болу қажет деп ұрандату, егемендіктің еңсесіндегі алғы шарттардың бірі болды.

         Желтоқсанның ызғарын ұмыту мүмкін емес екендігін дұйым жұрт жақсы біледі. Осы тәуелсіздік жолындағы тартысқа тола толғамды қазіргі жастарымызға дүрыс түсіндіріп, тарихи шындықпен шегендеп, боздақтардың талабы мен тарқалмаған тарамдарын таратуымыз қажет. Қайрат, Сабира, Лаззаттай аға-апаларымыздың арманы дәл қазіргі таңда асқақтауда.    

         16 желтоқсан тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек екендігін Президентіміз айтып кеткен болатын. Біз азаттық, бостандық, еркіндік үшін, ең алдымен Желтоқсан қаһармандары рухының алдында қарыздармыз. Ұлттық рухымызды көтеріп, санамызды жаңғырып шын тәуелсіз ел болуымызға серпін берген бұл ұлт-азаттық көтерілістің тарихи мәнін жоғары бағалауымыз керек. Демек, 16 желтоқсан – Қазақ трихындағы «Қаһармандар» күні десек те болады. Бұл күні баршамыз нағыз батырлардың рухына тағзым етіп, өшпес ерлігіне басымызды июге тиіспіз. Тәуелсіздік таңын атырған, азаттық асуына жеткізген Желтоқсаншыларды жас ұрпаққа үлгі етуіміз тиіс. Тарих ұмыт болмауы керек, тарихқа қастандық жасауға болмайды. Ұмытуға болмайтын тарих екендігін жете түсінуіміз қажет. Дұйым жұртқа 16-желтоқсан мереке ғана емес, боздақтарды еске алу күні болып мәңгілік жадыларында сақталған. 

         Қазақстан – қазақ халқының ата-баба мекені, ежелгі қонысы. Еліміз өлшеусіз табиғат байлығымен ғана емес, ең алдымен сан түрлі ұлттардан құралған халқымен ерекше екенін ұмытпаған абзал. Бүгінгі бейбіт те шуақты күндерді бағалай отырып, жаңа биіктерде ұмтылу – біздің буынның бағыты болуы тиіс. Ғасырлар бойы аңсап жеткен тәуелсіздігімізді қоллымыздан ұшырып алмай аялап, берік ұстау бүгінгі ұрпақтың қолында. Мемлекетіміздің қазіргі өскелең жас ұрпағына еліміз тарихын тереңірек түсіндіру, оны қастерлеу баршамыздың міндетіміз. Желтоқсан – халқымыз үшін қасиетті әрі қастерлі ай.

 

А.Тағай 

Түркістан облысы дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

бөлім басшысы м.у.а.                                                                          

 

0 пікір