ҚР дін саласындағы мемлекеттік ұстанымы
ҚР дін саласындағы мемлекеттік ұстанымы
12.12.2023
329
0

1991 жылы ҚР өз алдына тәуелсіздік алып дербес мемлекет ретінде орнығып өз қолы өз аузына жеткен соң алғашқы жұмыс әрине тәуелсіз елдің Конституциясының жазылуы еді. Ата заңның алғашқы бабында Қазақстан өзін зайырлы мемлекет деп атап көрсетті. Сол уақыттан бері қарай Қазақстанды әлем жұртшылығы «зайырлы» ел ретінде таниды. Түсініктеме беру үшін дін саласы бойынша әлем елдерінде қалыптасқан мемлекеттік саясаттың бірнешеуін жаза кетейін.

Теократиялы, атейзм және лайцизм. Атейзм тарихтан белгілі болғандай Құдайды жоққа шығаратын ілім жолы. Дегенмен әлі күнге дейін атейзмді мемлекеттік саясат ретінде ұстанып отырған біршама мемлекеттер бар. Теократиялы мемлекет – діннің мемлекетті басқаруы. Яғни кез-келген діннің қандай да бір елдің мемлекеттік заң шығару құзыретіне дейін көтерілуі. Мұндай мемлекеттер қазіргі таңда Иран, Сауд Арабия Корольдігі, Ватикан секілді елдер. Ал соңғысы Батыс Еуропа елдерінде «Лайцизм» деп аталған «Зайырлылық» ұстанымы біздің мемлекетіміздің негізгі бағыты. Зайырлылық турасында анықтамалар өте көп. Солардың бірнешеуін тізбектер болсақ: «барлық діндерге бейтарап қарайды», «діни басшылықтан тәуелсіз», «теологиялық қағидалар мен нормалардан азат» деген мағыналарды білдіреді. Дегенмен қоғам арасында «зайырлылық» ұғымын атейзммен теңестіретін адамдарда табылып жатады. Зайырлылық – «атейзм» немесе «дінді жоққа шығару емес», керісінше – адамның ар-ождан бостандығын діни сенім еркіндігіне кепілдік беруді білдіреді. Бұл анықтама «ар-ождан бостандығы», «төзімділік» және «толеранттылық» сияқты құқықтық, моральдық түсініктермен тығыз байланысты. Мемлекеттің дінге деген қатынасының демократиялық сипатта екендігін танытады. Қоғамның кез келген мүшесіне, оның діні, тегі, нәсіліне қарамастан, әр адамның қандай да бір дінге сену, сенбеу мәселесіне араласпайтын ұстаным. Яғни, адамның ар-ожданының, моральдық болмысының еркіндігіне мүмкіндік беретін, мемлекет азаматтарының арасындағы қарым-қатынасты тек құқықтық негізде шешуді қамтамасыз ететін бүгінгі мемлекеттік басқару жүйесінің ең басты тетігі. Осы жүйені негізге алған елімізде дәл қазіргі уақытта 18 конфессия өкілдері бір аспанның астында ымырагершілікте өмір сүруде. Дегенмен тарихи және мәдени ерекшелігімізді ортаға қоя келе 2011 жылы қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер» туралы заң қабылданып, преамбуласында «сүнниттік Ханафи мазхабы мен христиандық православтардың тарихи рөлін танитынын, Қазақстан халқының рухани мұрасымен үйлесетін басқа да діндерді құрметтейтінін, конфессияаралық келісімнің, діни тағаттылықтың және азаматтардың діни нанымдарын құрметтеудің маңыздылығын танитынын негізге алды».

Зайырлылық практикалық тұрғыда әлемнің көптеген елінде болып жатқан процесс. Жер бетіндегі 160 - қа жуық мемлекет осы қағиданы берік ұстанады. Сондай-ақ ол елдерде өзге дін өкілдерінің діни құлшылықтарын, ритуалдарын орындауға мүмкіншілік берілген. Белгілі бір діннің өкілі өзге дін өкіліне саусағын шошайтып келеке етуге тыйым салынған. Яғни ар-ождан бостандығы. Мұндай жағдай біздің елде де бар. Қазіргі таңда еліміз аумағында 18 конфессияға тиесілі 3932 діни ұйым тіркелген, 2790 ислам, 345 православ, 93 католик, 588 протестант, 61 Ехоба куәгері, 24 жаңа апостолдық шіркеу, 13 Кришна санасы қоғамы, 7 иудаизм, 6 Бахаи қоғамы, 2 буддистік, 2 Иса Мәсіхтің соңғы күнгі әулиелер шіркеуі (мормондар), 1 Бірігу шіркеуі (муниттер).

    Жоғарыда айтылған зайырлылық ұстанымын тіпті ислам дініде қолдаған іс. Себебі ислам дінінің қағидаттары бойынша өзге дін өкілдеріне зорлық қиянат істер жасауға тиым салынған. Алла Елшісі Мұхаммед (с.а.с): Кімде-кім кітап иелеріне жәбір көрсетсе ақыретте соның дұшпаны менмін деп қатаң ескерту жасаған. Сондай-ақ тағы бір хадисінде былай дейді: Кімде-кім зиммиді (мұсылмандармен бірге өмір сүретін өзге дін өкілі) өлтірсе, ол жұмақтың иісінде иіскемейді, деп жеткізген екен.

Қорытындылай келе айтпағымыз қандай да бір қоғамның ілгерілеп алға жылжуы мемлекет ішіндегі діни тұрақтылыққа байланысты. Таяу шығыс елдеріндегідей сүннит пен шиит ағымы секілді немесе бір территорияда өмір сүріп өзге дін өкілдерінің құлшылықтарына бөгет жасап бөлінушілік қоғамға зардабын тигізуші үлкен фактор. Сондықтан адамгершілік ар-ұятымызға нұқсан келтірмейік. Заң алдында діни ұстанымызға қарай артықшылық берілмейтінін ескерейік.

 

Түркістан облысы дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ

маманы                                                                                    Қ.Қосмаханов

0 пікір