Өмірдегі асыл қазына
Өмірдегі асыл қазына
18.11.2022
767
0

Білімнен қымбат нәрсе жоқ,

Көңілде жатса баспай тот.

Жақсы жолдас досын сақтар,

Жақсы басшы елін сақтар.

Өнерсіз іс оң болмас,

Өнерлі жігіт қор болмас.

Өмірдегі асыл қазына – білім, білімнің кілті – еңбек. Еңбек – адамды іскер етеді, кітап – адамды ақылды етеді. Кітапты көп оқыған оқымысты болады, аз оқыған ақылсыз болады. Кітаптан безгеннің өмірде берекесі болмайды, не ісі күнде оңбайды. Ақылды адамның шын досы кітап. Кітапты көп оқыған озады, оқымаған тозады. Кітапқа үңілген өмірге үңіледі, өмірге үңілген көңілді жүреді. Алтын жердің қазынасы, кітап білімнің қазынасы деп – бекер айтпаса керек М.Керімбекұлы.

Еңбек етсең терлейсің, еңбексіз өспейсің. Еңбек ақылдыны өсіреді, ақылсызды көп сүріндіреді. Ғылым – білімнің жемісі, еңбек – зейнеттің жемісі. Есейгенде еңбек ете білсең қуанышың көбейеді, жалқау болсаң – жылауың көбейеді. Еңбек түбі – береке, еңбексіз жүрген келеке. Ақыл алға сүйрейді, жалқаулық жарға сүйрейді. Еңбек ете білсең есебің түгел. Адам бақыты еңбектен басталады. Еңбек ете білгеннің жемісі күнде үйінде болады, ғалымның білімі басында болады.

Қазіргі таңда жастарымыздың асыл қазынасы ұялы телефон ғана болып бара жатқандай, сол арқылы жеңіл жолмен нан табушылар көбеюде. Асан қайғы бабамыз: «Ақырдың кезінде бір көзді тажал келеді, әрбір адам өз үйінде отырып бұзыла береді» - деген  екен. Ғұламаларымыз сол кезеңде өмір сүрсе де болашақты әдемі болжап кеткен. Сол кезде айтып кеткен бір көзді тажалы қазіргі қолымыздағы ұялы телефон болып тұрған сияқты. Сондықтан өсиет ақылға байланысты, өсек мінезге байланысты, өнеге еңбегіңе байланысты. Өсиеті көп қарт елге үлгі, өсекші қарттың ісі күлкілі. Қарттың өсиетін көп тыңдаған дана болады, көп оқыған ғалым болады. Қартты даналығынан, ғалымды білімінен біледі. Өсиет қарттың сөзі, өнегелі қарттың ісі өзгеге үлгі болады. Ақыл айтар қарты жоқ, қарты болса да айтар өсиеті жоқ ел оңбас деген. Тіршілігі жоқ дегеннің өзі қонағын күте алмайтыны. Үлкен тұрып, жас сөйлесе елдің тозғаны, қарты бар болып, өсиет айтпаса жердің тозғаны – деп бекер айтпаса керек.

Өмірде қарты жоқ ел тозады, суы жоқ жер тозады, ұлы мен қызы жоқ ел мүлдем жойылады – деген. Адамады ақылды ететін білім, дана ететін ілім. Білім оқу арқылы, ілім көңілге тоқу арқылы іске асады. Білімді оқып үйренесің, ілімді көңілге тоқып үйренесің. Кітап білім, өмір ілім деген. Кітапты көп оқыған білімді болады, оқығанын көңілге тоқыған ілімді болады. Жасында білімді үйренсең, есейгенде ілімді боласың. Білімнің негізі оқу, ілімнің негізі көңілге тоқу.

Қорыта келе өмірдегі асыл қазына білім. Білімсіз дүние бос. Адамды ақылды ететін білім. Білімді оқып үйретеді, өмірден көңілге тоқып үйренеді. Жеті жасқа дейін ата-ана білім берсе, жеті жастан кейін мектеп білім береді. Санасы өскеннің білімі жоғары, санасы жоқтың ақылы жоқ. Білім адамды шыңға шығарады, ақылдыны көп ойландырады. Ақылмен сөйлеген озады, ақылсыз сөйлеген тозады – деп бекер айтпаса керек. Адамның  даналығы білім мен ақылды жан-жақты меңгеруінде. Адам ақылы білімнен шығады, білімсіз адам топас күйінде қалады. Адамдық даналықтың биік шыңы, ақыл кілті, білім құлпы деген М. Керімбекұлы.

 Қ.Салықбаев

Түркістан облысы дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

бөлім басшысы                                                                     

0 пікір