Конфессияаралық келісімнің Қазақстандық үлгісі
Конфессияаралық келісімнің Қазақстандық үлгісі
18.08.2020
918
0

Тұғыры биік, тәуелсіз мемлекетіміздің өркендеп дамуы халқымыздың бірлігі арқасында екені мәлім. Біздің атамекеніміз өте көне, бай өркениеттердің, елеулі түрде ерекшеленетін көптеген дүниетанымдардың тоғысқан жерінде қазық тіккен құт-берекелі мекен. Асыл дініміз еліміздің аумағына VIII ғасырда келді. Ислам мәдениет, білім мен ғылымның өркендеуіне оң ықпал етті. Әбу Насыр Әл-Фараби, Жүсіп Баласағұн, Махмуд Қашғари, Қ.А.Яссауи секілді Ислам қайта өрлеу кезеңінің ғұламалары қазақтың дархан даласын төрткүл дүниеге танытты. Ислам Қазақстанда қашан да басқа діндермен бейбіт өмір сүріп келді. Біздің елімізде барлық этникалық топтардың дәстүрлері мен діни сенімдері сақталады.

Әлемде ұлттар мен ұлыстарды бір шаңырақтың астына біріктіріп, береке-бірліктің қадір-қасиетін танытып келе жатқан мемлекеттер саусақпен санарлықтай болса, соның ішінде бірегейі 130-дан астам ұлт пен ұлыстың өкілдері тату-тәтті өмір сүріп жатқан Қазақстан бүгінде әлем елдеріне үлгі өнеге деп айтсақ артық болмас. Конфессияаралық келісім – егеменді еліміз Қазақстан халқы үшін өзара түсіністікті қажет ететін қастерлі құндылық. Қандай да бір мемлекеттің дамуы үшін қоғамда ішкі тұрақтылық қажет. Еліміздің мемлекеттік саясаты азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын құрметтеуге негізделген қағидаттарды басшылыққа алады. Сонымен бірге, елдегі қалыптасқан мемлекеттік-конфессиялық қатынастар барлық конфессиялар мен діни топтардың тең құқықтығын қамтамасыз етуге бағытталған.

Елдегі діни жағдайдың жақсаруы мен әрбір конфессияның рухани дамуына, ең бірінші кезекте, мемлекеттің жүргізіп жатқан саясатының орны бөлек. КСРО кезеңі және оның алып келген зардабының нәтижесінде рухани бағытта азаматтардың жеке өмірлерінде, жалпы қоғамда, рухани азғындық пайда болды. Ақ пен қараны ажырата алмас хәлге келген азаматтардың белгілі бір бағыт-бағдарға, өмірдегі қарым-қатынастарды реттеп отыратын заңдылықтарға мұқтаждығы туды. Мемлекет саясатының ең басты мақсаты зайырлылық принциптерін дамыту арқылы дін саласындағы тұрақтылықты сақтау. Дін саласындағы мемлекеттік саясатты заман мен уақыт талабына сәйкес жетілдіру арқылы елдің іштен және сырттан келіп соғатын түрлі зиян мен зардаптардың алдын аламыз.

Конфессияаралық келісімнің басты мақсаты – Қазақстан еліндегі діни ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз ету. Елдегі діни тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін тек дәстүрлі діндердің ғана емес, барлық діндердің арасында өзара келісімге негізделген қарым-қатынастардың сақталуы деп біледі. Әр түрлі конфессия өкілдерімен достық қарым-қатынас орнатып, оларға қамқорлық таныту саясаттан бөлек адами құндылық болып табылады. Қазақстанның әлемдік және дәстүрлі діндер арасында сенімді байланыстар орнықтыратын өркениетаралық алмасулардың алаңына айналғандай. Мағыналы конфессияаралық орталық болып қалыптасқан «Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі» төңірегінде діни қауымдастықтар өзара түсіністік пен сыйластық табуда. Елбасының бастамасымен жүзеге асырылған аса өзекті де, ауқымды бұл жобаға БҰҰ және ЮНЕСКО секілді басқа да көптеген халықаралық ұйымдардың жетекшілері, белгілі саяси қайраткерлер, әлемдік сарапшылар жоғары баға беруде. Астанамыз Нұр-Сұлтан қаласындағы «Бейбітшілік және келісім сарайы» ғимаратында әр үш жыл сайын әлемдік және дәстүрлі дін лидерлерінің съездері өтіп тұрады. 2003 жылдан бастауын алған бұл үрдіс 2018 жылға дейін дәстүрлі түрде өтіп келді. Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің VII съезін 2021 жылы Нұр-Сұлтанда өткізу туралы шешім қабылданған болатын.

Аталмыш съездердің өту мақсаты – әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің қазіргі заманғы шешімін таппаған жаһандық проблемаларды бірлесе шешуге бағдарланған. Діндер мен мәдениеттер арасындағы жаһандық диалогты ілгерілету, әлемдік және ұлттық діндердің үнқатысуын (диалогын) қамтамасыз ету, діни төзімділікті, діни тағаттылықты нығайту болып табылады. Бұл Қазақстан еліне жүктелген ішкі және сыртқы саясатының шешуші басымдықтарының бірі болып табылады. Үлкен діни форумдардың бізде өтуі – біздің елімізге, қазақ халқына, біздің Президентімізге деген үлкен құрмет пен зор сенім. Бүгінде сол сенімді толық ақтап келеміз. Бүкіл әлемде әр алуан дінді ұстанатын адамдар Қазақстанның елордасындағы кездесуге зор үмітпен көз тігуде. Ұрыс-жанжал мен үрейден қажыған миллиондаған адамдар бейбітшілікті, тыныштықты, тұрақтылықты қалады.

Қорытындылай келе еліміз халықаралық аренада басқа мемлекеттерге үлгі бола алатындай еңселі істерді атқарып келеді. Сондықтан да конфессияаралық қатынастардың тұрақтылығын қамтамасыз етудің керемет үлгісін көрсете алды. Қазақстанның бүгінгідей қарыштап дамып отырғаны тұрақтылық, ұлтаралық, дінаралық келісімнің нәтижесі. Ұлтаралық келісім мен этносаралық қатынастарды дамытып, сонымен қатар өскелең жас ұрпақтың Қазақстандық патриотизмнің жаңа рухында және отансүйгіштікке тәрбиелеудің маңызы зор екендігін жадымыздан шығармауымыз тиіс.

           

 «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

теолог маманы   А.Тағай                  

 

0 пікір