Конфессияаралық келісімнің Қазақстандық үлгісі
Конфессияаралық келісімнің Қазақстандық үлгісі
09.09.2024
570
0

Бүгінгі таңда әлем бойынша түрлі қақтығыстар мен тұрақсыздықтардың барлығы дерлік ұлттар мен діндер өкілдерінің арасындағы қарама-қайшылықтардан, өзара түсіністіктің жоқтығынан туындап жатқанын ескерсек, еліміздегі Конфессияаралық келісімнің маңызы зор екенін түсінуге болады. Қазіргі таңда, елімізде 130-дан астам ұлт пен ұлыстың, 18 конфессия өкілдерінің ұлттар мен діндер бір шаңырақтың астында өмір сүреді. Дүние жүзінде осыншама көпэтносты және көпконфессияның бастарын қосып тату-тәтті, бейбіт өмір сүріп жатқан мемлекеттер саусақпен санарлықтай.

Қазіргі уақытта еліміздегі қызмет етіп жатқан конфессиялар – Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы, Қазақстан Республикасындағы Митрополит округі, Қазақстандағы Рим-Католиктік шіркеуі, Протестантизм, Қазақстандағы Иудаизм, Буддизм, Христиандық бағыттағы түрлі діни ұйымдар бейбітшілік пен келісімді және қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз етуде.

Мемлекеттің конфессияаралық келісіміне қатысты ұстанымын ең алдымен оның жүргізіп отырған саясатымен заңдарынан көруге болады. Алғашқы тәуелсіздік жылдары Конфессияаралық келісімнің Қазақстандық үлгісінің ортақ шешімі: бір жағынан, кеңестік атеизм жолымен жүрмеу, екінші жағынан – діни фанатизмге ұрынбау позициясын таңдады: «екі шектеу – діни фанатизмнен және абсолютті атеизмнен сақ болу бірдей маңызды» еді.

Бүгінгі күні конфессияаралық келісімнің Қазақстандық үлгісінің басты мақсаты – еліміздегі діни ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз ету, түрлі діни ағымдарға жол бермеу. Еліміздегі діни тұтастықты қалыпты ету үшін тек дәстүрлі діндердің міндеті ғана емес, барлық діндердің арасында өзара түсіністікке, келісімге, бейбітшілікке негізделген қарым-қатынастардың маңызы орасан зор. Әр түрлі конфессия өкілдерімен достық қарым-қатынасты орнатып, оларға қамқорлық көрсету, толерантты болу адами құндылықтардың шыңы болып табылады.

 Мемлекеттік Конституция мен заңдар негізі еліміздің әрбір азаматын қорғауға және оларға қамқорлық жасауға кепілдік береді. Ата заңымызда конфессиялық, этникалық, нәсілдік, әлеуметтік белгілері бойынша кемсітудің кез келген нысандарына тыйым салынған. Қазақстан адам құқықтары жөніндегі халықаралық шартқа қосылды.

1992 жылы Қазақстанда «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» заңы, 2011 жылы «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңы, «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексі өзара міндеттемелер негізінде елдегі дін саласын ретке келтірді. Діни мазмұндағы іс-шаралар мемлекет заңдарына қайшы келіп, азаматтық құқықтарды бұзып жатса, мемлекет бейтарап қарап тұрмайды. Конфессияаралық саясатта Қазақстан төзімділік қағидаттары туралы декларацияны ұстана отырып, діни толеранттылық пен бейбіт қатар өмір сүрудің жақтаушысы болып табылады.

Қазақстанның дін саласындағы саясаты – конфессияаралық келісімнің, діни ахуалдың тұрақтылығының кепілі. Ел аумағындағы барлық діндердің теңдігін қамтамасыз ету үшін әділеттілік қағидаты мен дінаралық татулық санасын қалыптастыру мәселесі мемлекет үшін де, қоғам үшін де өте маңызды. Сондықтан мемлекеттің дін саласындағы саясаты елдегі діни тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін тек дәстүрлі діндердің ғана емес, барлық діндердің арасында өзара келісімге негізделген қарым-қатынастардың сақталуын басты мақсат деп біледі.

Конфессияаралық келісімде өмір сүрудің қазақстандық тәжірибесі жаһандық деңгейде сұранысқа ие болды. Қазақстан астанасы діни лидерлердің кездесу орны мен диалог алаңына және бүкіл әлемнің рухани-конфессияаралық орталығына айналды. Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының съездерін өткізудің үлкен тарихи маңызы бар. Осы форумдарды өткізу республиканың өзінде конфессияаралық келісімді нығайтуға оң ықпалын берді.

Қорытындылай келе, осы саясаттың арқасында Қазақстан мемлекеті ешқашан діни негізде қақтығыстар болмаған елдер қатарына кіреді. Тәуелсіздік алған жылдардан бастап ұлтаралық келісім мен этносаралық қатынастарды дамыту арқасында Қазақстан ұлтаралық, дінаралық тұрақтылыққа жетті. Осының арқасында Қазақстан бүгінде көптеген әлем елдеріне үлгі өнеге деп айтсақ артық болмас. 

 

  Асхат Дүйсен

Түркістан облысы дін істері басқармасының

«Дін мәселелері зерттеу орталығы» КММ-нің

бөлім басшысы                                                                                  

 

 

0 пікір