Ислам дініндегі зайырлылық принципі
Ислам дініндегі зайырлылық принципі
03.06.2020
917
0

Қазақстан Республикасы – зайырлы мемлекет болып саналады. Ал, зайырлылық дегеніміз қандай мемлекеттік құрылым? Біз Ата заңымызда атап көрсетілген мемлекетіміздің негізгі басым бағыты саналатын зайырлылықты дұрыс ұғынбайынша, қоғамындағы діни құндылықтарды бағалау мен тұтынудың деңгейін де толық түсініп-біле алмаймыз. Бұл құбылыс – отандастарымызға заң шеңберінде діни еркіндік бере отырып, олардың бойына зайырлы мәдениет құндылықтарын сіңіруге басымдық беру керектігін көрсетеді.

Қазақстан Республикасының 2011 жылы қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңында айқын «ханафи бағытындағы исламның және православтық христиандықтың халықтың рухани өміріндегі тарихи рөлін мойындайтынымызды» айтылады.

Қазақстан Республикасы өз азаматтарының діни құлшылық пен рәсімдерді орындауына құқықтық тұрғыда ешқандай кедергі келтірмейді. Ислам тарихына қарайтын болсақ, Хақ Елшісі (с.а.с) Мекке дәуірінде Құрайыш аристократтарынан қысым мен құқай көрген бір топ мұсылмандарды екі дүркін Эпиофияға көшіргені белгілі. Ал, ол кезде Эпиофия – Ислам мемлекеті емес еді. Бірақ, Эпиофия мемлекеті қоныс аударып келген мұсылмандардың өз сенімдерінің негізінде құлшылық жасап, өмір сүруіне рұқсат берді.

Шариғат бойынша мемлекет құрылымы Ислам құндылықтарына негізделмесе де, діни құлшылық пен ритуалдардың жүзеге асуына рұқсат беретін саяси жүйені «дарул-сулх», яғни, дінге бейбіт ұстаныммен қарайтын мемлекет деп атайды.

Қазақстанда халықтың көпшілігі ұстанатын дін ислам болғандықтан, зайырлылық принципке байланысты Алла Тағала Бақара сүресінің 256 аятында «Дінде зорлық жоқ»  және Кәф сүресінің 29 аятында «Бұл ақиқат Раббыларыңнан де. Сонда қаласа ғана сенсін, қаламағаны қарсы келсін» - деп дәстүрлі діни танымның зайырлылық қағидаларымен ұштасатынын аңғаруға болады.

Біз көпэтносты, көпдінді мемлекет болғандықтан діни плюрализмнің (пікір алуандығы) болатыны заңды құбылыс. Христиан, ислам, буддизм діндерінің кітаптары, діни жоралғылары, діни мейрамдары мен сенімдері әртүрлі болып келеді. Бірақ, бұл ерекшеліктер дінаралық, этносаралық қақтығысқа апармауы тиіс. Себебі ортағасырдағы ғалымдар ондай мәселелердің шешімін тауып жазып кеткен. Тек осы мәселеде түсінбей жүрген жастарға түсіндіріп көкейлеріне сіңіру керек. Жоғарыда аталған діндердің бір ауыздан келісетін құндылықтарының бірі адамның өмірі, денсаулығы, сенім бостандығы және еркіндігі.

Сол сепбепті Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев Ұлытауда берген сұхбатында «Қазақ ешқашан дінінен айрылып көрген емес. Қаншама азаматтарды - білімді, дінді насихаттайтын молдаларды дайындап келеміз. Осының барлығы дұрыс қой, дініміз де, дәстүріміз де қазаққа  керек, әрине. Дегенмен, тек біздің дініміз ғана дұрыс екен деп жүрген басқа елдердің жағдайы мүшкіл болуда. Мысалы, бір мұсылманның ішінен сүннит пен шиит болып бөлініп, қан төгіп жатқан халықтар қаншама? Бір діннің ішінде өзара ұғыспай, ағымдармен келіспей, соғысып жатқан католиктер қаншама? Сондықтан біз абайлауымыз керек. Біздің дініміз керемет, басқа діндердің керегі жоқ демеген жөн. Біздің дініміз - өзіміздің дініміз. Бірақ басқаны да үйренуіміз, білуіміз, сыйлауымыз, құрметтеуіміз қажет. Сонда мұсылманның діні де құрметтелетін болады» - деп дәстүрлі діндерді және өзге ұлттардың барлығын құрметтеу адами қасиет екенін айтты.

Дегенмен де, жоғарыда аталған діни мәтіндерден дәлел келтіргеннің өзінде, «Барлық билік Аллада. Ол әділ үкім етеді. Үкім жасауда Алладан артығы жоқ...» - делінген «Әнғам» сүресінің 57-аятын басшылыққа алып отырып, радикалды топтағы адамдар ел басқарып отырған тұлғаларға қарсы шығуға үндейді. Негізінде бұл аят Хазіреті Әлидің ел басқарып тұрған кезінде билігінен мін іздеумен болған харижилер деген діни ағым өздерінің арам пиғылдарын жүзеге асырмақ болып, ел басшылығына бағынбайтындықтарын айтады. Сол кезде хазіреті Әли: «Ия, үкімді тек Алла шығармақ. Алайда, адамдарға тақуасы болсын яки тақуасы болмасын бір басшы қажет. Басшы мұсылман болса, айтылған үкімі орындалуға тиіс. Ал, мұсылман емес болса, құлақ асу қажет» - деп бұл аяттың түп мағынасы елге түсіндіріліп, хауариж ағымының теріс пиғылын әшкерелеген. Сол себепті Ата-бабаларымыз  заңға бағыну Аллаға бағыну және «Таспен ұрғанды аспен ұр» - деп өзге ұлттарды дініне, нәсіліне, жынысына қарамастан көмек беріп бауырына басқан. Бұл дегеніміз кең байтақ жерімізде зайырлылықтың, гумманизмнің қағидалары болғанын аңғаруға болады. Өскелен ұрпаққа қазақ халқының діни танымын түсіндіріп демократиялық, зайырлы, құқықтық мемлекетте өмір сүру заман талабы екенін жеткізуіміз керек.

  

    Дінтанушы маман   А.Мейірбек

0 пікір