Ғылым – ұстар шамшырағың
Ғылым – ұстар шамшырағың
04.02.2021
661
0

 

Еліміздің қуатты мемлекет болып, өркендеуі үшін және қоғамның тұрақты да, тәртіпті әрекет етуі әрбір адамзат баласына сауатты және білімді болуды талап етеді.

Ал, сауатсыздық адамды қала берсе қоғамды құрдымға жетелейтіні белгілі. Сауатсыз болу ел болашағына балта шабу екенін түсінуіміз керек.

Білімді болудың өзін ислам дінінің өзі қасиетті Құран аятымен: «Сені жаратқан Раббыңның атымен оқы». - деп тайға таңба басқандай айшықтап қойғанын көреміз. Бұл аяттан көретініміз білім алудың, сауатты адам болудың үлкен жауапкершілік екенін аңғаруға болады.

Ардақты Пайғамбар Мұхаммед Мұстафа (с.а.с.) ғылым-білімге шақырған хадистерін негізге алып білімге ден қойды. Мәселен, «Ғалымдар – пайғамбарлардың мирасқорлары», «Тал бесіктен жер бесікке дейін білім іздеңдер», «Білім мұсылман әйелге де, ерге де парыз», «Ілім үйренуге шыққан адам Алла жолында» деген секілді хадистерді көкейге түйген мұсылмандар ілім үйренуге талпынып, сауаттылықты барынша жаюға тырысқан.

Ғылым-білімсіз өмір жоқ. Осы ақиқатты бүгінгі ғасырымыз дәлелдеуде. Өнер-білімі бар, мәдениеті жоғары елдермен тереземіз тең түсу үшін біз де білімге көңіл қоюымыз қажет. Өйткені, адам мен адамды, ел мен елді теңестіретін тек қана – білім. Ғасырлар бойы ислам дінін ұстанған халқымыз: «Жемісті ағаш жерге иіліп тұрады, білімді адам елге иіліп тұрады», – деп білімдінің берері көп екенін айтқан.  «Ислам дін ғана емес, ол – біздің мәдениетіміз», – деген Елбасымыз Н.Назарбаев жыл сайынғы дәстүрлі халыққа Жолдауларында еліміздің жастарына  білім алу жолындағы талпынысына айрықша серпін беріп келеді.

Қазіргі таңда дін ілімі мен дүниелік білімді бір-бірінен бөліп-жармай, бір-бірімен ұштастыра білуіміз керек. Кейінгі кездері теріс діни ағым жетегіне ерген жастар дүниелік білімді тәрк етуде. Оның дұрыс еместігін әр заманда өткен қазақ зиялылары айтып кеткен. Айталық, Махмұд Қашқаридай данамыз: «Білімдінің сөзін тыңда, айтқанын үйрен, іске асыр», – десе, Шал ақын: «Білімің болса дағы ұшан-теңіз, пайдасы жоқ халқыңа қызмет етпей», – дейді. Ал, хакім Абай он сегізінші қара сөзінде: «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Онан басқа нәрселермен оздым демектің бәрі де – ақымақшылдық...», – деп, қазақ халқының даналығы айтқандай «білектінің  бірді, білімдінің  мыңды  жығатынын» қуаттай түседі. Әрине, «оқу инемен құдық қазғандай». Дегенмен, оның артықшылығы да осында.

Абай атамыз отыз екінші қара сөзінде ғылым-білім жайында «Білім-ғылым үйренбекке талап қылушыларға әуелі білмек керек. Талаптың өзінің біраз шарттары бар. Оларды білмек керек, білмей іздегенмен табылмас.

Әуелі - білім-ғылым табылса, ондай-мұндай іске жаратар едім деп, дүниенің бір қызықты нәрсесіне керек болар еді деп іздемекке керек. Оның үшін білім-ғылымның өзіне ғана құмар, ынтық болып, бір ғана білмектіктің өзін дәулет білсең және әр білмегеніңді білген уақытта көңілде бір рахат хұзур хасил болады. Сол рахат білгеніңді берік ұстап, білмегеніңді тағы да сондай білсем екен деп үміттенген құмар, махаббат пайда болады. Сонда әрбір естігеніңді, көргеніңді көңілің жақсы ұғып, анық өз суретімен ішке жайғастырып алады», - деп білім алудың маңыздылығы және сол алған біліміңді өзің үшін не болмаса дүние табу үшін емес адам үшін алу керектігін меңзегенінін байқауға болады.

Ыбырай Алтынсариннің мындай өлең шумағында:

«Кел, балалар, оқылық,

Оқығанды көңілге

Ықыласпен тоқылық!

Мал дәулеттің байлығы

Бір жұтасаң жоқ болар,

Оқымыстың байлығы

Күннен-күнге көп болар,

Еш жұтамақ жоқ болар», - деп білім алудың, қабілетті болудың артықшылығын айтқанын көреміз.

Шығыс және Батыспен тереземіз тең болуы үшін білімді болуымыз қажет. «Киіміне қарап күтіп алады, ақылына қарап шығарып салады» деген тәмсілді «біліміне қарап құрмет көрсетеді, дұшпаның сенімен санасатын болады» деп түсінсек, қателеспейміз. 

Қорыта айтқанда адамзат баласы барлық ғылым саласын меңгеруге ден қоюы тиіс. Мәдениет пен өркениетке ұмтылу үшін білім керек. Ал білім алу жалпы адам баласына міндет. Ал, білім алмау, сауатсыз болу үлкен қасірет екенін естен шығармаған  жөн.

 

Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

Мақтаарал ауданындағы дінтанушы маман                                           Д.Аманов

0 пікір