Дүрбелең – аурудың жартысы...
Дүрбелең – аурудың жартысы...
09.04.2020
984
0

Жұмыс барысымен өткен жылғы желтоқсан айының басында облыс көлеміндегі қала, аудандарға іс-сапар ұйымдастырылған болатын. Қыс ауасы таңның атуы кешеуілдеп, жарықтың баяулайтын кезеңі. Келесі бір ауданға бару үшін автовокзалда көліктің жүруін күтіп отырған кезімде (әлі дала қараңғы, шамамен таңғы сағат 7.00 шамасы) бір топ ер азаматтар мен әйел кісілердің Халыққа қызмет көрсету орталығын (ХҚКО) айналып, ары-бері топырлап жүргенін көрдік.

Жиналған көпшілік өздері қолдан кезек күту тәртібін де жасап жатқандығы сөздерінен байқалады. Тіпті кейбіреулері таңғы сағат 5-те келгендігін, автокөліктің ішінде күтіп отырғанын да тілге тиек етуде. Енді мұның бәрін неге айтып жатыр дейсіздер ғой? Бұл кісілердің қыстың суық ауасында бүрсеңдеп далада жүруіне мемлекет тарапынан берілетін атаулы әлеуметтік қөмекке (АӘК) байланысты көпшілік кеңінен қолданатын WhatsApp әлеуметтік желісі арқылы жалған ақпараттың таралуы еді. Мүмкін естеріңізде де шығар? «АӘК қатысты құжаттарды рәсімдеу 3-4 желтоқсан күндері ғана жүргізіледі, одан кейін өткізілген құжаттар қабылданбайды» -  деген сарындағы жалған ақпарат елді аяққа тұрғызған болатын. 3-желтоқсан күні еліміздің басты арнасы «Qazaqstan» ұлттық телеарнасы арқылы бұл ақпараттың жалған екендігі жайлы ресми мәлімет берілсе де халық ол ақпаратқа сенбеген болатын...

Әрине қазір ақпараттық технологияның дамыған заманы. Ақпарат толқыны ағып жатқан дария секілді. Ол жердегі айтылған мәселелердің барлығының рас не жалған екендігін айырып үлгермей жатып, келесі бір ақпарат ұялы телефоныңызға келіп көңіліңізге күдіктің ұясын салып кетеді. Көпшілікте ес болсын ба? Абай һәкімнің «Сегізаяқ» өлеңімен өрнектегенде:

Көп айтса – көнді,

Жұрт айтса, болды, - бейнесі шығып тұрғандай?!

Осыдан бір ай алдын елімізде COVID-19 індетін жұқтырған алғашқы отандасымыз тіркелді. 16-наурыздан бастап мемлекетімізде Төтенше жағдай жарияланып, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларына карантин режимі енгізілді. Осынау сын сағатта халық басына қауіп төніп тұрғанда арандатушылар шығып, елдің көңіліне күдік саларлық жалған ақпараттарды таратты, өкінішке орай әлі де таратылып келеді. Жалған ақпаратты таратушыларды құқық қорғау органдары тауып, заң аясында шара көріп, жазалап жатқанымен халықтың көңіліндегі күдік пен қорқынышты толығымен сейілтті дей алмаймыз. Мұндайда сол жалған ақпарат таратушыларды қолдап, жанған отқа май құйғандай болып «мемлекет әдейі істеп отыр», «билік халықтан жасырып отыр» деген сарындағы қолпаштау сөздері де кері әсерін тигізуде. Бұған дейін халқына қамқоршы болған билік әлем болып күресіп жатқан пандемия сәтінде өз ұлтына жалған сөйлемейтінін, ел болып жұмылып, біз бұл қиыншылықты бірге күресіп жеңерімізді ұмытпасақ екен.

Мұндайда барлығымыздан сұралатыны әрине тыныштық пен төзім. Елді дүрліктірмей, жалған ақпарат таратпай, мейілінше өзіміз бен жақындарымызды, айналадағы адамдарды сабыр мен шыдамдылыққа шақыру. Осы тұрғыда медицинаның атасы атанып кеткен Абу Әли ибн Сина:

Дүрбелең – аурудың жартысы,

Тыныштық – денсаулықтың жартысы,

Шыдамдылық – сауығудың бастауы – дейді. Шынында да дүрбелең мен үрей бізді кез-келген қиыншылыққа бастауы бек мүмкін. Ал, кез-келген қиыншылықтың дауасы – уақыт пен сабыр.

Ал, сол сабыр сақтау туралы Құранда көптеген аяттар келтіріледі. Соның бірі Құранның «Бақара» сүресінің 153-аятында:

الصَّابِرِينَ مَعَ للّهَ ا إِنَّ

«Шүбәсіз, Алла сабырлылармен бірге» - дейді.

Сонымен қатар, сахаба Абдурахман бин Ауфтан (р.а.) келіп жеткен хадисте Алла елшісі (с.а.с.): «Бір жерден оба шықты деп естісеңдер, онда барушы болмаңдар. Ал егер сендер тұрған жерден шықса, обадан қашып ол жерден шықпаңдар» - деген. Міне, бұл риуаят бүгінгідей жұқпалы ауру жайылғанда орындалатын қажетті шара.

Биыл 175 жылдығы аталып өтіп жатқан Абай Құнанбайұлының заманында Семей қаласында жұқпалы ауру тарап, сол обаның алдын алу мақсатында ұлтымыздың ұлық перзенті өзі бас-көз болып жұмыстар атқарып, көпшілікке үндеу арнағанын «Абай жолы» романын (2013 жылы «Жазушы баспасы, 60-62б.) оқыған исі қазақ жақсы біледі.

«Жаза қатты, жан тәтті» - деп жатамыз ғой. Мемлекет біздің тәтті жанымызды ойлап, карантин ережесін сақтауға тапсырма берген тұста біз жан-жаққа тартып елдің шырқы мен құтын қашырғанша, бірлік пен тірліктің сөзін ту етейік. Себебі, бұл біздің халқымыздың көріп жатқан бірінші қиыншылығы емес. Терең тарихымызға көз тастасақ ұлтымыз бұдан да қиын-қыстау заманды басынан өткізген – халық. Бұл күндердің ауыртпашылығы да артта қалары ақиқат.

 

 Түркістан облысы қоғамдық даму басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ

директорының орынбасары                                              Медет Халықов

 

 

0 пікір