Бейбітшілік ел мұраты
Бейбітшілік ел мұраты
16.11.2020
1036
0

XX ғасыр еліміз үшін қиыншылыққа толы ғасыр болып есте қалды. Қазақ даласында болған ірілі-ұсақты ұлт-азаттық көтерілістер, байлардың мал-мүлкін тәркілеудің себебінен болған «ғасыр қасіреті» деген ат алған аштықтың зұлматы мен репрессия, бес жүз мыңнан аса қандас бауырымыздың өмірін қиған Ұлы Отан соғысы және ядролық сынақтар алаңы болған Семей полигоны. Бірақ халықтың аузы аққа тиген, қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған мамыражай тіршілік кешкен күн 1991 жылы еліміздің тәуелсіздік алуымен азаттықтың, теңдіктің таңы қайта орнап, ақ түйенің қарны жарылды. Ел мұратына жетіп «атейзм» түсінігі тоқтап еркін түрде Алласын аузына алып, шүкір тобасын ұмытпайтын күнге жетті. Қазіргі кезде ел-жұрт жасқанбастан мешітке барып бес уақытын түгендеп жүрген жайы бар. Ақсақалдардан қалыспай жас буын өкілдері де мешіттің алдыңғы қатарынан орын алуда. Соңғы жылдары ҚМДБ қарасты мешіттердің саны артып күннен күнге саны еселене түсуде.

Дегенмен ел арасында намазға жығылып сүннет амалдан болған сақалды өсірді дегені болмаса өз ата-бабасының мыңдаған жылдар бойғы ұстанған сара жолынан тайқып анау ширк, мынау бидғат деп шу шығарып, бүліктің басталуына себепші болып жүргендер бар. Михрабта құтпа оқып тұрған имамға деген құрметсіздік, тіпті адастыға шығаруда кездесіп жатады. Соңы намаз оқымағандар кәпір деп көшеге қару асынып, бейбіт тұрғындарға қастандық жасап өмірлерін қиып, халықтың тыныштығын бұзған жағдайларда болды. Бірақ Алла Тағала Әнбия сүресінің 107 – аятында «Біз сені әлемдерге тек рахым ретінде ғана жібердік» - деп бір-бірімізге мейірімді болуға шақыруда. Ал Алла Елшісі Пайғамбар Мұхаммед (с.а.с.) бір сөзінде былай дейді: «Бейкүнә бір адамды өлтіру – күллі адамзатты өлтірумен тең» - деп үлкен бір күнәлі істі жасаудан қайтарды. Өзге адамға зиян келтіру былай тұрсын, мұсылман деген кім деген сұраққа Алла Елшісі былай деген екен: «Тіліменде ісіменде ешкімге зиян бермеген адам» деп жауап беріпті. Яғни өзін мұсылман санаған еліміздің әрбір азаматы мен азаматшасы бір-бірімізге зиян беріп, тыныштықты бұзудан сақтанайық. Ол үшін отбасыдағы тәлім-тәрбиеге баса мән берілу керек. Әрбір әке баласына «ала жіпті аттама, бөтеннің мүлкіне қол салма, үлкенді көрсең қол беріп амандас» деп күнделікті өмірде ақыл кеңесін беріп, жол көрсетіп отырса қоғамда тәртіпсіздік болмасты. Абай атамыз айтқандай «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп, және хақ жолы осы деп әділетті» деген түсінік әрбір саналы адамның бойында болуы қажет.

   

Кез-келген қоғамның өркендеп дамуы, кемелдікке жетуі – елдегі бейбітшілік пен тұрақтылыққа тікелей байланысты. Қазіргі әлемнің отты ошақтарында болып жатқан әскери қақтығыстардың себебінен халықтың тоз-тозы шығып, әсем қалалары қирандылардың астында қалуда. Нәтижесі аңыраған ана, жетім қалған бала, жесір қалған әйел, көктей солған жас тағдырлар.  Асыл дініміз ислам әсте мұндай қатыгездікке шақырмаса керекті. Ислам сөзі – бейбітшілік, тыныштық деген ұғымды білдіргендігі себепті екі мұсылман амандық саулық сұрасқанда Ассалаумағалейкүм (Алланың саған есендігі мен тыныштығы болсын), Уағалейкүмассалам (сағанда Алланың есендігі мен тыныштығы болсын) деп жауап қатады. Ендеше ісіміз дініміздің сипатындай болсын. Еліміз бейбітшілікте тыныштықта болсын. Себебі елдің арман мұраты тек қана – бейбітшілік.

  

Түркістан облысы

"Дін мәселелерін зертте орталығы" КММ-нің

теолог маманы Қ.Қосмаханов

 

0 пікір