Алаштың ағартушылық, демократтық бағыттағы ақ семсер арыстарының бipi, аумалы-төкпелі заманда қазақ елінің болашағы үшін өз басын қатерге тіккен тектілердің төресі – Міржақып Дулатұлының есімі бұл күнде зор ілтипатпен аталады.
Міржақып Дулатұлы 1917 жылы құрылған Алашорда үкіметінің белді мүшесі, Алашорда үкіметінің бағдарламасын жасағандардың бірі болғаны тарихи деректерден белгілі. Міржақып – қазақтың ертеңі үшін туылған жан.
Адамзат тарихында қилы-қиямет оқиғалармен, дүбірлі даму үрдісімен ерекше орын алған ХХ ғасырдың басы қашаннан еңбегі еш, тұзы сор қазақ халқы үшін де сындарлы кезең болғаны белгілі. Осындай талма тұста, шешуші сәтте ұлт үшін қызмет көрсетудің үздік үлгісін көрсеткен алтын айдарлы арыстарымыздың халқының жоғын жоқтап, мұңын мұңдап, аузы алты қарыс патша өкіметіне қарсы бас көтерген қазақ азаматтарының іс-әрекеттерін ұлт азаттығы үшін күрес деп бағалаған жөн. Басым көпшілігі сауатсыз, қараңғыда бұйығып жатқан елді оятып, жаңаша өмірге, еркіндікке, елдікке тарту, әлбетте, оңай бола қойған жоқ. Соның үшін де Ахмет – ұйықтап жатқан елді оятар ма екен деп «Масасын» ұшырды. Міржақып – «Оян, қазақ!» деп ұран салды. Сұлтанмахмұт – «Қараңғы қазақ көгіне, өрмелеп шығып күн болам» деп жалын атты. Әлихан – орыс газеттеріне қазақ жерін қалай болса солай тартып алып жатқан, қазақтарды шоқындыруды көздеген патша саясатына қарсы мақалалар жазды.
Міржақып десе – «Оян, қазақ!», «Оян, Қазақ!» десе – Міржақып еске түседі.
Көзіңді аш, оян қазақ, көтер басты,
Өткізбей қараңғыда бекер жасты.
Жер кетті, дін нашарлап, хал арам боп,
Қарағым, енді жату жарамас-ты,-деп жырлаған Міржақып қазағының ешбір ойсыз, харекетсіз «қалғып» жүргенін, сөйтіп бәрінен құр қалғандығын ашына жырлайды. Өмірді босқа өткізбей, өзге елдер тәрізді жарыққа ұмтылуға шақырады. Ел басына күн туғанда «етігімен су кешіп», біртұтас Алаш идеясы төңірегінде жазылған ақынның бұл өлеңі күллі халықтың оянып, бостандыққа қол жеткізуін аңсаған, ізгі тілектен туындаған игі шығарма. Ресей патшалық үкіметінің шымбайына тиген бұл кітап ХХ ғасыр басындағы қазақ қоғамындағы түрлі топтардың бәрінің көңілінен шыққан. Бүкіл халықтың көңілінен шыққан бұл кітаптың елге ұнағаны соншалықты, кітапты мешіттер, молдалар елге таратты. Осыдан-ақ, бұл кітаптың мән-мағынасын, маңызын байқауға болады. Патша өкіметі кітап авторының соңына түсіп, кітапты оқуға тыйым салды. Соған қарамастан халық арасында таралып, тіпті, сол кездері қыз артынан жасауға да қосылып берілген дәстүрде болған.
Әлем тарихында Міржақып қазақ үшін өте үлкен еңбектер істеді. Ең бірінші – «Оян, қазақ!» деген манифесін, қазақтың тұңғыш романы – «Бақытсыз Жамалды» жазды. Қазақтың тұңғыш «Серке» газетін Санкт-Петрбург қаласында Ресей империясының астанасында шығарды. 1913 жылы қазақ, қазақ емес, «қырғыз» атанып жүргенде «Қазақ» деген атпен ұлы Ахмет Байтұрсынұлымен тағы бір газет шығарды. 1915 жылы Ақмола жерінде «Бақытсыз Жамал» романы бойынша пъеса қойды. Алаш әскерін құрды. Алаш маршын жазды. Бірінші Қазақ Конституциясының авторларының бірігейі. Міржақыптың кереметтілігі – қазақтың тұңғыш математигі! Ең бірінші математикадан «Есеп құралы» деген 5 кітап шығарды. 1907 жылы Польша астанасы Варшавада халықаралық тіл – «Эсперанто тілі» қоғамының төрағасы да болды. 1914 жылы Мәскеу Шығыстану институты әйгілі шығыс классиктерінің шығармаларын құрастырып «Шығыс жинағы» деген кітап шығарған. Сол кітапқа қазақтан Абай мен Міржақып қана кірген. Яғни, қазақта сол кезде Абайдан кейінгі екінші әлемге танылған осы кісі еді. Ол – қазақтың маңдайына бақ болып біткен сөнбес жарық жұлдыздарының бірі болды.
Ақын өте жылдам жазған және өте өткір тақырыпқа жазған. Елдік сұранысты жақсы білетін журналист болды. «Қазақ» газеті сондай сапада, сондай мазмұнда, сондай биіктіктен көрінуіне ақынның еңбегі орасан. Сол кездері көпшілікке танымал болған «Қазақ» газетін Міржақып Дулатұлының қарымды қаламы, көксемсер сөзі, жалынды публицистикасынсыз елестету мүмкін емес. Ол – қазақ журналистикасын жаңа сапаға көтеріп, елмен жалғастырып, саяси мазмұн, астар бере білді.
Алашқа азаттық әперу жолында басын ажалға байлаған ақын осыдан 88 жыл бұрын айдауда жүріп өмірден өткен еді. 2022 жылдың соңында ұлттың ұяты мен миятына айналған Міржақып Дулатұлы тұлғасы экранда көрсетіліп, 6 бөлімнен тұратын телехикая, биыл сол телехикаяның жинақталған үлгісі болып фильмі кинотеатрларда көрсетілді.
Ұлы тұлғалардың өмірін білу, үлгі ету, тарихын білу әрбір қазаққа абыройлы міндет. Халқының талайлы тағдыры үшін өз өмірлерін бәйгеге тігіп, тәуекел етіп, тас жұтқан арыс азаматтарымыздың рухы алдында тағы бір тағзым етеміз. Алашты оятқан «Оян қазақтың!» ел үшін, қазақ үшін мәртебесі биік, дәрежесі үстем.
«Оян, қазақ!» – бұл сөздің құдіреті де қасиеті де сол – осы отты өлеңнің жарық көргеніне ғасырдан астам уақыт өтсе де, сол қаны тамшылаған өзекті күйінде қалып отырғандығы бүгінде қазақ байтағын індеттей жайлаған бойкүйездік, самарқаулық, жалқаулық, еріншектік – қысқасы ұлтымызды ұлық істерден кері тартып отырған барша кесапаттарды тап басып айта білген, содан арылуға үндейді, намысқа шақырады. Сондықтанда, тағы да «Оян, қазақ!».
Г.Бекжан
Түркістан облысы дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ
теолог маманы
Алашты оятқан – Оян қазақ!
Көп оқылғандар