Ана – адамды өмірге әкелетін қасиетті жан. Баласы үшін өзінің қуанышы мен тыныштығын, денсаулығы мен әдемілігін қашанда құрбан етуге дайын абзал жан. Баласы үшін тас емшегін жібітіп, тар жатырын кеңіткен ананың орнын адамзат баласы қашанда жоғары бағалаған. Олай болуы заңды да. Адам баласы дәл осы ананың жатырында пайда болады, болмысы сонда қалыптасады, анасының қаны мен денесінен өзіне қажетті ең құнды дәрумендерді алады, сөйтіп күн санап, тіпті сәт санап үлкейіп, анасының қабырғасын керіп, ақыры жарық дүниенің есігін ашады. Ал, шыбын жанын ортаға салған әз ана босану барысында өлім мен өмірдің арасында арпалысумен болады. Бірақ бұл қиындықтың бәрін жаңа босанған перзентін қолына алысымен-ақ ұмытуға дайын. Ол ол ма?! Бала дүниеге келгеннен кейін де оны үнемі қасында ұстап, ақ сүтімен азықтандырып, түнгі ұйқысын төрт бөліп, сәбиді тынышталдырып, балам аш болмасын деп, еңбектеніп тыным таппайтын, перзенті ер жетсе, алаңдамай қоймайтын және де осы ана. Ендеше, адамзат үшін асыл қазына, тағдырдың берген ұлы сыйы – Ана. Ол баланы тәрбиелеуден, ауырса емдеуден, қамқорлық етуден еш шаршамайды да, жалықпайды да.
Ислам әлемінде аты кең таралған Имам Зәхәби туралы оның замандастары оның жас кезінде тек өз қаласында ғана ілім алғанын айтады. Себебі, оған анасы қаладан шықпа деген екен. Осылайша, ол анасы қайтыс болғанға дейін қаладан шықпаған екен. Кейіннен имам Зәхәби: «Мен ілім іздену үшін басқа жерлерге барғам келетін. Алайда, анам қарсы болды да мен оған мойынсұндым. Сол мойынсұнғаным үшін Алла менің іліміме берекесін жаудырды», – деген. Ия, ата-ананың балаға жасаған дұғасы қашанда қабыл болады.
Сәбиді тынышталдырып, балам аш болмасын деп, еңбектеніп тыным таппайтын, перзенті ер жетсе, алаңдамай қоймайтын және де осы ана.
«Ана сүтін ақтамағанды ешкім мақтамайды»т.б. сынды тәрбиелік мәнге толы мақал-мәтелдер айтып, ананың ерекше орнын анық көрсете білген.
Халық жазушысы Мұхтар Әуезов атамыз: «Әйел – бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді», деген. Расымен де, әйел баласы – қоғамның тәрбие көзі. Болашақ ананың мейірлі көзі мен ыстық алақанында. Сондықтан, тұлғаларды тәрбиелейтін болашақ ана болмысы мен тәрбиесіне мән бермейінше мұратқа жету неғайбыл.
Ана. Осы дүниедегі барлық тіршіліктің бастауы. Баланың жанашыр қамқоршысы. Кез келген адамның Құдай берген асыл қазынасы – анасы болады.
Қазақта «Балаңды өз тәрбиеңмен тәрбиелеме, ұлтыңның тәрбиесімен тәрбиеле» деген парасатты сөз бар. Ұрпақты құнды байлыққа балаған халқымыз бала тәрбиесіне ешқашан салғырт қарамаған, әрі тәрбие беру жолында еш көп ұлағатты істер жасаған. Яғни, сәбидің болашағы – алған тәрбиесіне тікелей қатысты екенін ескеріп, оған ұлттық сипат беру – ұлт болашағын ойлаудан туған даналық болған. II Дүниежүзілік соғысының батыры Бауыржан Момышұлы «Ұшқан ұя» романында бала тәрбиесіне қатысты мынадай мысал келтіреді: «Ертегісіз өскен бала – рухани мүгедек адам». Жол бастап, ел басқарған батыр да дана азаматтарымыздың өнегелі істеріне әсер еткен де ата-ананың тәрбиесі. Ауылының көркі, татуылықпен береке-бірліктің ұйытқысы болған Айша бибі, Баба әже, Домалақ ана, Зере сынды аналардан туған балалардың білімі, қоғамда алар орны, олардың рухани көсем болғаны барлығымызға аян.
Ұлы далада талай ту ұстаған баһадүр де, әлемге мәшһүр болған дүлде де, қалам ұстаған жазушы да, ғибраты мол ғалымда көп болғанын білеміз. Ал олардың барлығын дүниеге алып келген – ана. Қазақстан тарихында аты аңызға айналған аналар көп.
Қорыта келе қазақ халқымыз «Анаңа ауыр сөз айтпа, атыңа ауыр жүк артпа», «Анаңды» Меккеге үш арқалап апарсаң да қарызынан құтыла алмайсың», ана сүтін ақтамағанды ешкім мақтамайды» т.б. сынды тәрбиелік мәнге толы мақал-мәтелдер айтып, ананың ерекше орнын анық көрсете білген.
Д. Аманов
Түркістан облысының дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
Мақтаарал ауданындағы дінтанушы маманы

+7 (72533) 3 51 24
csi_uko_kz@mail.ru