Сәләфилердің ақидадағы қателіктері
Сәләфилердің ақидадағы қателіктері
27.11.2020
1075
0

             Тарихқа зер салар болсақ, дәстүрлі Ислам шеңберінен шығып кетуші ағымдар аз болмаған. Олардың кейбірі уақыт өте келе жойылып кеткенімен, идеологиялары мен принциптері толығымен жойыла қойған жоқ. Бұл жайтты теріс пиғылды топтар өз мүддесіне жаратпай қоймады. Осы арқылы дәстүрлі Ислам дініне, сондай-ақ, қоғамның ұлттық ауызбіршілігіне кері әсерін тигізіп, халқымыздың салт-санасына қараспай, қалың жұртшылық арасында бүлік туғызып жатқаны белгілі. Ендеше, Сәләфизм – Ислам ғұламалары бірауыздан бекіткен мәзһаб пен сенім мектептерін мойындамайтын ағым. Бұл ағымды баяндамас бұрын, «сәләфизм» ұғымын түсіндіре кетейік.

            Сәләфизм – араб тіліндегі  «сәләф» сөзінен шыққан. Ол тілдік мағынада «бұрынғылар», «әуелгілер» ұғымын беріп, қасиетті Құран Кәрімнің бірнеше жерінде де кездеседі. Ислам әлемінде сәләф-салихин атауы Мұхаммед пайғамбардың (с.а.с.) заманынан бастап алғашқы үш ғасырда өмір сүрген мұсылмандар толқынына берілген. Олар Пайғамбарымыздың (с.а.с.) сахабалары мен табиғиндер және атбаға-табиғиндер. Сәләфилердің ғалымдары  өте көп, біз сол сәләфилік жолдың негізін қалаған Ибн Тәймияға тоқталсақ.

             Ибн Тәймия 1263 жылы  қаңтар 22-сінде Харранда дүниеге келіп, 1328 жылы Дамаскіде қамауда ауырып қайтыс болды. «Шейх әл-Ислам» деген лақаппен танымал. 1269 жылы моңғол шапқыншылығынан аман қалу үшін отбасымен бірге Шамға көшіп келеді. Оның әкесі Абдуль-Халим Сукария медресесінде сабақ бере бастады және өмірінің ақырына дейін осымен айналысты. Ибн Таймияның ата-анасы оның білім ізденуін қолдады. Кішкентай кезінен-ақ Құранды жатқа білген ол әкесінен және басқа ғұламалардан Құран тәпсірін, хадис ілімін және араб тілін оқиды.  Ибн Таймия білімі мол, ұшқыр ойлы болып өседі. Замандастарының  айтуы бойынша ол он жеті жасында діни пәтуа беруге лайық болып, сол кезден бастап діни еңбектер жаза бастаған. Жасы 22-ге жеткенде әкесі қайтыс болып, оның орнына сабақ бере бастайды.

             Жаназасына 200 мың ер кісі, 150 мың әйел кісі қатысқан. Оны суфилер мазарына жерлеген.[1]

             Жазған кітаптары: Мәджмуғату фатауә, минхажус сунна, әл ақида уәл уәсәтия, рисалатул-арш, мәзкур.

             Шәкірттері: Қаим әл Жәузия 16 жыл шәкірт болған, Мұхаммед әз Зәхаби, Омар ибн Кәсир, Абдулхадим әл Мандиси, Әл Хасан әл Фариси, Заинуддин Омар Илимуддин әл Барзали, Аббас әл Бағдауия.

              Өз заманының атақты дін қайраткері, тәпсір, хадис және фиқһ ғылымдарын жетік меңгерген. Мұсылман әдебі бойынша бір ғалымның еңбектерін, оның ұстанымын қатеге шығарар алдында  өте мұқият, ұқыпты болған жөн, өйткені бұл іс барысында Алланың харам еткен амалы -  ғайбатқа кіріп кетуіміз мүмкін.  Кез келген ғалым қателесуі мүмкін, бірақ бұл қателік мұсылман үмметінің шытынауына немесе көпшілік ғалымдардың діннің кез келген мәселесіне ижмағ (келісу) жасағанына қарсы келген жағдайда бұл ғалымға еру тыйым салынады. Көпшілік ғалымдардың пікірімен санасу шариғат талабы.

            Ибн Тәймия ақидаға байланысты көзқарастары:

            Ибн Тәймия Ақидату уәсәтия кітабында Иман бөлімінде: «Алла көктердің үстінде Арштың үстінде, Махлуқаттың үстіндегі ұлы бір жерде». Дәлел  ретінде келтірді: ....Ол жерге кірген нәрсені әрі одан шыққан нәрсені және көктен түскен нәрсені, оған қайда болсаңдар да сендермен бірге, Алла не істегендеріңді толық көруші.[2]

        «Муминдер қиямет күні Алланы күнді бұлытсыз ашық күнде көргені секілді Алланыда көздермен көреді дейді»[3]. -  деп  Алла Тағаланың  аспанда екендігін жеткізген.

       «Мұхаммад, Алланың Елшісі, қиямет күні Раббысы оны Аршыда Өзінің жанына отырғызып қояды» [4] - деп айтқан .

        Алла жайлы келесі сөздерді жазды: «Алла Табаракау уа Тағала Әл-Курсиға отырған кезде, одан жаңа ер –тоқымға отырғандай сықыр дыбыс естіліеді»[5]

    Аятты қате түсінуі: «Ол Рахман, аршыны меңгерді»[6]. деген аятты дәлел ретінде келтіріп оған қоса хадисті келтірді «Біздің кемшіліктен пәк, әрі Ұлы Раббымыз әр түннің соңғы үштен бір бөлігі қалғанда дүние аспанына түседі. Сол кезде Алла: «Кім маған дұға қылса, Мен оған жауап беремін. Кім Менен сұраса, Мен оған беремін. Кім менен кешірім сұраса, мен оны кешіремін». - дейді». Тирмизи - 446, Абу Дауд- 4733 хадис.Келтірілген аят пен хадисті дәлел ретінде келтіріп, Алла Тағала  аспанда деп пәтуә берген.[7]

         Ол өзінің қате сенімі бойынша, бір күні ол Дамаск мешітінің мінберінде: «Алла Тағала менің мінберден түскенім секілді түседі»,[8] - деп пікірін білдірген. Алайда, төрт мазхабтың ғалымдары Ибн Таймияның бұл мәлімдемесін қабылдамай, мұсылмандардың  сенімдерінің бұзылуына жол ашты. Мысыр сұлтаны Насырдың қасына жиналған ғалымдар мен мемлекет қайраткерлері оны осындай  сөздерді таратқаны үшін Каир қамалындағы құдыққа қамады. Пайғамбар туралы бұрмаланған сөздер үшін ол қайта-қайта түрмеге отырды.

        Енді Ахли-Сунна уәл жамаға ғалымдарының көзқарастары:

    ИмамТахауи (321.һ) (р.а) «истиуә»жайлы: «Аршы да  күрсі де хақ. Ол аршыға да, одан басқаға да мұқтаж емес. Ол барлығын және аршының үстіндегіні де қамтиды. Жаратылыстар оны қамти алмайды» - деп, Алланың құдретінің шексіз екенін айтқан.[9]

        Тозақтың шексіздігін жоққа шығарды:

           Бұл Әбу әл-Хасан-әл Әшғари мазхабы және осы Ғалымның терең ғұламаның Алла Тағаланың тағдыры мен есімдері түсіндіріліп, жазаланатындығы туралы аяттарға берген мағыналарына қайшы келді. Ол тозақтың азабы кәпірлер үшін мәңгілік болмайды дейді.

Имам Ағзам Әбу Ханифа өсиет кітәбінда яғни 12-ші өсиетінде: «Жаннаттық болып,олар  онда мәңгі қалады»-деп, жұмақ иелері онда мәңгі қалады. Ал тозаққа байланысты «Тозақ иелері тозақта мәңгі қалады» деп аятта тозақтың мәңгі екенін білдіруде.

       Имам Раббани (р.а) өзінің «Мактубат» кітабында былай деп келтіреді:

«Мүміндердің сауабы мен нығмет үшін дайындалған жұмақ пен кәпірлердің азабы үшін дайындалған тозақ қазір бар. Алла Тағала екеуін де жоқтан жаратты. Барлығы жойылып, қиямет күні қайта жаратылғаннан кейін олар мәңгілікке қалады,еш уақытта жоғалмайды. Сұрақтар мен есептерден кейін,мүміндер жұмаққа кіргенде, олар онда мәңгі қалады және ешқашан жұмақтан шықпайды. Сол сияқты, кәпірлер тозаққа кіргенде,олар тозақта мәңгі қалады және мәңгі азап шегеді. Олардың азабының азаюы жайыз емес».

          Ибн Таимия былай дейді: Пайғамбар (с.а.с) қабіріне зиярат жасауды, оған сапар шегуге тыйым салған болатын. Біз бұл әрекеттің түріне қарсымыз. Бұл Ибн Таймия тарапынан көтерілген ең өрескел мәселелердің бірі[10].

        Салахияда, әл-Жәбәл мешітінде ол  Омардың (р.а) көптеген қателіктер жібергенін айтты. Кездесуде ол өзінің   Хз. Әли үш жүз рет қателескенін айтты.

Бұл туралы «Күнүз» кітабында және Имам Ахмадтың сахихында және «Мират Каинат кітабында: Алла Тағала Омардың тіліне дұрыс сөз салды» деген. Расулуллаһ (с.а.с) «Омар жанылмайды» деп айтса да хадисте, Ибн Таймия да өзінің қателескеніне қарамастан, бұл хадис шарифтерге  де қарсы шықты.

          Бір ғалым жайында толық мәлімет немесе сипаттама алу үшін сол уақыттағы аталмыш ғалыммен замандас және одан кейін өмір сүрген ғалымдардың пікірін негізге алу ең тиімді жол. Бір ғалымға сын айтудағы мақсат оны төмен түсіру, даттау емес, негізгі мақсат – мұсылман бауырлардың санасында ол ғалым жайында дұрыс түсінік қалыптастыру. 

         Ибн Хажар әл-Хайтами (909-974һ/1504-1567 м) «әл-Фатауа әл-Хадисия» кітабында Ибн Таймия жайында: Ибн Таймия Алланың адасуға душар болған соқыр, саңырау болып, алыстатылған құлы. Ол жайында сол уақытта имамдар оның адасқанын, сөздерінің жалғандығын ашық айтқан.[11] 

          Атақты ғалым  Қади Юсуф ан-Набхани (1265-1350 һ/ 1849-1932 м) «Шауахидул Хақ» кітабында Ибн Таимия жайында: Төрт мазһаб ғалымдарының бірауыздан Ибн Таймияның бұл діндегі жаңалықтарынa  үзілді–кесілді қарсы болған. Олардың ішінде (төрт мазһаб ғалымдары) оның жеткізген хабарларының растығына қарсы болған, кейбіреулер оның ақыл кемелдігіне күмәнмен қараған. Ол тарапына айтылған қарсы пікірлерді тағы қосуға болады. Осы көптеген мәселелерде өзіне дейін ешкім ұстанбаған  жолды ұстанып, мұсылмандардың ижмағына қарсы тұрды. Бұл оның негізгі қателіктері болды. [12]   

           Қорытындылай келе, жоғарыда баяндаған сәләфилердің негізін қалаған Ибн Тәймияның көзқарастарының қате тұстарын көрсетуге тырыстық.  Ислам діні бүлікті емес, бейбітшілікті насихаттайды. Сәләфилердің арасында қой терісін жамылған қасқырдай сенімін жасырғандар барын жоққа шығара алмаймыз. Қолдан келетіні жастарды жат ағымның жетегіне еруден сақтау. «Сақтансаң, сақтаймын» - деген. Әр отбасы діни тұрғыдан сауатты болып, ақ пен қараны ажырата алатын болса, білгенін үйретіп, білмегенін үйренетін болса жат ағымның жетегіне ермейміз деген сенімдемін.

 

  Дінтанушы А.Шотбай



[1] Ибн Кәсир.  Әл Бидая уән нихая 7 том.14-бөлім.56-бет.

[2] Хадид сүресі. 57 - Аят

[3]  Ибн Тәймия. Ақидату уәсәтия да Таухид бөлімі, 20-бет.

[4]  Ибн Тәймия. Мажмуаъ Фатауа.  4-том, 374-бет.

[5] Шарх Хадис ән-нузул кітабы 400-бет.

[6] Таха-20/5 аят.

[7] Ибн Тәимия. маджмуғату фатәуә. Беирут V.416

[8] Ибн Баттута «Рихая 1-том 110-бет» хабарлады

[9] Жағфар ат Тахауи. «Баян әс сүннәти уәл жәмаға» еңбекке түсіндірме жазған әл Ғұнәими әл Мәйдани еңбегінде келеді  «Дәр ал басайр» баспасы. Қаир қаласы 1-ші басылым 2009 жылы жарық көрген 219 бет.

[10]Ибн Хаджар аль-Аскаляни, «Фатхуль Бари фи шарх Сахих әл-Бухари», 3-том . 53бет

[11] Ибн Хаджар аль-Аскаляни, «Фатхуль Бари фи шарх Сахих әл-Бухари», 3-том . 53бет 

[12] Ибн Хаджар, «әл-Фатава әл-Хадисийя»

0 пікір