Радикализмді тудыратын негізгі факторлар
Радикализмді тудыратын негізгі факторлар
15.12.2023
559
0

«Радикализм» – (латын тілінде «radix» – түбір, түп-тамыр) жақтастары өмір сүріп отырған әлеуметтік-саяси жүйені сынға алатын және түбегейлі өзгерістер мен реформалардың жүргізілуін талап ететін саяси идеология. Радикалды адамның психологиясы – белгілі бір көзқарасты бұлтартпай ұстанып, басқа ұстанымдарға түбегейлі қарсылық танытады. Жалпы радикализм термині «Барлық саладағы түбегейлі өзгеріспен қоса, қолданыстағы құрылымнан толығымен бас тартуға насихаттау» деген мағынаны береді.

Кез келген  елде қандай да бір істердегі жағдайды түбірімен түбегейлі өзгертуге талпынатын радикализмнің жақтаушылары табылады. Бүгінгі таңда радикалды көзқарастардың пайда болуына себеп қоғамда жүрген  теріс негативті пікірлер, мемлекеттік басқарушылық күштерді жақтырмау қатынасы және т.б. Қоғамдағы теріс негативті пікірлердің шығу көзіне айналған негізгі фактордың бірі – интернетте жүрген ақпараттар. Ондағы белгісіз күштер әлеуметтік-саяси жүйені сынға алып, қарапайым халықтың мүшкіл жай-күйін білдіру арқылы төтенше әрекеттерге жетелейтін үгіт-насихаттарды пайдаланады. Осындай теріс ақпараттарға құлақ асқан азаматтар белгілі бір радикалды партияның мүшесіне айналуы әбден мүмкін. Кезінде радикализмді бастан өткерген Еуропа ғалымдары: «Осындай радикалды ақпараттарды дер кезінде дерадикализациялау жасалмаса мемлекет принциптерін теріске шығаратын және төзбеушіліктің, жатсынудың, ксенофобияның, антисемизмнің және ұлтшылдық идеологиясы мен практикасына негізделген саяси белсенділік формасына айналып түбегейлі бір мемлекеттің ыдырауына әкеп соғады»,-дейді. Осыған орай, елімізде дерадикализациялау іс-шарасы қазіргі азаматтық қоғамда өзекті тақырыпқа айналып отыр.

Радикализмнің бірнеше түрі бар: саяси радикализм, ұлттық радикализм, діни радикализм және т.б. Осының ішіндегі ең қауіптісі діни радикализм. Діни тұрғыдан алғанымызда радикализм, «діндар» немесе «діншіл» деген сөздердің мағынасы. Кей жағдайларда радикализмге «дін» сөзін қосып «діни экстремизм» және «діни терроризм» сынды терминдердің тіркесі ретінде қолданысқа еніп кетті. Діни радикализм – экстремизм мен терроризмге апарар жолдардың бірі ғана. Көп жағдайда діни радикализм фундаментализм дәстүрі мен қазіргі заманның арасындағы қайшылықтарды насихаттайды. Сонымен қатар діни радикализм, батыл әрі дәстүрге бағынбайтын, зайырлы заңдылықтарды сынайтын, кейде шектеулерден шығып, зорлық-зомбылыққа тірейтін діни ұстаным. Мұндай ұстанымдыр соқыр сенімге негізделген діншілдікке, яғни фанатизмге әкеліп соғады. Көбінесе Қазақстандағы діни радикализм идеологиясы сырттан келеді және сырттан басқарылады. Діни радикализмнің емі – діни және зайырлы құқықтық сауаттылық.

Сондай-ақ, радикализмнің белсеңді және теріс түрлері болады. Мысалға, радикал белсенділер заң шеңберінде және  адамдардың ұлттық мәдениеті мен діни дәстүрлеріне кедергі келтірмейтін және елін азат ету мақсатында басқыншыларға қарсылығын білдіріп жатса радикалды белсенділер түріне жатады. Егерде олардың жергілікті үкіметтің қолданыстағы заңын бұзуға бағытталған әрекеттеріне қарсылық білдіру барысында мәжбүрлі зорлық көрсетсе бұл теріс радикалды түріне жатады. Бірақ екі түрі де белсенді радикалдар мәжбүрлі түрде зорлық-зомбылыққа әкеледі деген болжамға негізделген. Бұл жерде белсенділерді экстремалды идеялардың өзі проблемалар мен потенциалды қауіп ретінде қарастырады.

Бүгінгі радикализм туралы айтқанда, біз түбегейлі саяси өзгерістерді айтамыз. ХVII-ХІХ ғасырларда радикализм тек қана реформалар тұрғысынан қарастырылған, ал ХХІ ғасырда радикализмнің реформистік және революциялық бағыты туралы айту әдетке айналды. Радикализмді тудырған модернистік сана десек қателеспейміз. Кезінде фашизм, атеизм, коммунизмді тудырған секілді. Радикализм, экстремизм, терроризм егіз ұғымдар деуге болады.

Радикализмге итермелейтін басты факторлар;

–        қоғамдағы білімсіздік пен жұмыссыздық;

–        сол ел басшыларының залымдығы, негізгі басшылық құрамның шетелдіктерге бағыныштылығы;

–        табыстың әділетсіз бөлінісі;

–        ел мүддесіне құрылған саясаттың болмауы;

–        демократиялық даму жолдарының жабық болуы деген сияқты көптеген себептерді келтіруге болады.

Еліміздегі радикализмге байланысты мәселелерді шешудің оңтайлы жолдарын табу үшін мемлекет пен азаматтар дәстүрлі рухани құндылықтарды, төл мәдениетті, салт-дәстүрді, ұлттық дүниетанымды жаңғырта отырып, радикализмнің кез келген түрлері мен бой көрсетулеріне қарсы біртұтас шеп құру – уақыт талабы. Қоғамның қозғаушы күштерінің бірі болып есептелетін діннің адам мен адам, адам мен қоғам арасындағы қарым-қатынаста өзіндік орны бар. Жақсы қасиетімізді ұштап, ұлттық құндылықтарымызға қайшы келетін, қоғамдағы тұрақтылық пен келісімге, мемлекеттің тұтастығына кері әсер ететін, елдігіміздің шырқын бұзатын радикализм сияқты қасіреттен сақ болу – әрбір азаматтың абыройлы борышы.

 

А.Дүйсен

Түркістан облысы дін істері басқармасының

«Дін мәселелері зерттеу орталығы» КММ

теолог маманы                                                                                       

0 пікір