Қазақстандағы террористік актілер
Қазақстандағы террористік актілер
12.01.2024
746
0

Терроризм мен экстремизм екеуі егіз ұғым. Жалпы терроризм сатысы адамның радикалды идеяларынан туындап экстремистік әрекеттерге басымдық беруден басталады. Термин ретінде «экстремизм» қазіргі заманғы саясаттың белсенді айналымына жиырмасыншы ғасырдың екінші жартысында ғана енгізілді. 2003 жылы ЕКПА (Еуропа Кеңесінің Парламенттік Ассамблеясы) анықтағандай, «экстремизм» – бұл парламенттік демократия принциптерін тікелей немесе жанама түрде қабылдамайтын саяси қызметтің нысаны.

Қазіргі таңда, «терроризм» мәнінің нақты әмбебап анықтамасы жоқ. Барлығына мәлім, терроризм экстремизммен тығыз байланысты, яғни, экстремизм терроризмнің бір бөлігі болып табылады.

Терроризм (лат.terror-қорқыту, үркіту) – саяси мақсатты, діни көзқарасты және т.б. мәселелерді сылтауратып күш қолдану. Терроризм – ұйымдасқан топ діттеген мақсатына жету үшін дүрсін-дүрсін күш қолдану арқылы көрініс табатын әдіс. Ол мемлекеттің тұтастығына, қоғамның бірлігіне қатер төндіріп, зорлық-зомбылықпен, фанатизммен, өздерінің принциптерін қорғай алмайтынымен, ымыраға келмеуімен сипатталады.

Өкінішке орай, діни терроризм көріністері, деструктивті діни ағымдардың теріс ықпалы елімізді де айналып өтпеді. Ресми деректерге сүйенсек, тәуелсіздік жылдарынан бастап Қазақстанда 18 террорлық іс-әрекет орын алып, жалпы 106 адам қайтыс болған. Оның ішінде 77 терроршы, 17 құқық қорғау және арнайы қызмет өкілдері және 12 бейбіт тұрғын қайтыс болды.

Қазақстанда болған үлкен террорлық әрекеттерге келетін болсақ 2011 жылы 12 қараша күні – Тараз қаласында атыс пен жарылыс салдарынан 2 бейбіт тұрғын мен 5 полицей мерт болды. Лаңкес ҰҚК-нің ғимаратына шабуыл жасап, өзін-өзі жарып жіберді. Тараз қаласында қауіпті лаңкес қылмыскерді ұстау барысында Жамбыл облысы ІІД Жол полициясы жеке батальонының 1-взводының командирі, полиция капитаны Ғазиз Байтасов деструктивті діни ағымды ұстанушы қылмыскердің қолындағы гранатаны халыққа қарай лақтыруға жол бермей, өз денесімен жауып қайтыс болды. Халық қаһарманы Ғазиз Байтасов ішкі істер органына берген антына адалдық танытып, небәрі қырық жасында қауіпті террористі ұстау барысында ерлікпен қаза тапты.

2016 жылы 5 маусымда Ақтөбеде атыс болып, Рамазан айының қарсаңында орын алған қанды қақтығыс бүкіл қазақстандықтарды дүр сілкіндірді. Орын алған теракт нәтижесінде 26 адам, оның ішінде төрт тұрғын, үш әскери және 18 экстремист көз жұмды. 38 адамға медициналық көмек көрсетіліп, оның 20-сы ауруханаға ауыр халде түсті. Ресми мәліметтерге сүйенсек, ең алғаш атыс сағат 5 маусымда 14:28-де басталған. Қаскөйлер Ақтөбедегі «Паллада» қару-жарақ дүкеніне басып кіріп, теракт ұйымдастырушылар дүкеннен жалпы 17 қару, 4 тапанша, оқ дәрілер мен пышақтар алып кеткен. Бұдан кейін экстремистік топ екіге бөлініп, алтауы келесі «Пантера» қару-жарақ дүкеніне аттанады. 17 адамнан тұратын екінші топ дүкеннен иемденген қаруларымен автобусты басып алып, әскери бөлімге шабуыл жасады. Қанды оқиғадан кейін Ақтөбе облысында террористерге қарсы режим енгізіледі.

Жалпы мұндай терактіге не түрткі болды? Тұтқындалған радикалдардың айтуынша, ең алғаш олар 45 адам болып 5 маусымда жалдамалы үйде жиналған. Оларға Сирия азаматы хабарласып, «қасиетті жиһад» ұйымдастыруды тапсырған. Мұны естіген 19 адам бірден бас тартса, тағы төртеуі қару-жарақ дүкеніне барар жолда бұл ойларынан айныпты. Қалған 22-сі жиһад жасауға бел буған.  

Нәтижесінде арнайы тергеушілер әскери бөлім террористердің негізгі мақсаты болмағанын анықтапты. Ол жақта қаруланып алуды жоспарлаған қылмыскерлер Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ақтөбедегі ғимаратына, одан кейін түзету мекемелері мен мемлекеттік органдарға шабуылдауды көздеген. Жалпы 29 адамның үстінен іс қозғалды: жетеуі теракт жасағаны үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылса, 18-ін бұл туралы хабар бермегені үшін, тағы екеуін қылмысты жасырғаны үшін кінәлі деп табылды. 

Келесі 2016 жылы 18 шілдеде  Алматы қаласында Р.Кулекбаев тарапынан ұйымдастырылған құқық қорғау орган өкілдеріне шабуыл жасалынды. Барлығы 10 адам ланкестік оқиғадан қаза тапты.

Бүгінгі таңда радикалды көзқарастардың пайда болуына себеп қоғамда әлеуметтік желілер арқылы жарияланып жүрген теріс негативті пікірлер, мемлекеттік басқарушылық күштерді сынау және т.б. мәселелер. Интернетте жүрген негативті ақпараттарды белгісіз саяси күштер өз ыңғайына пайдаланатыны жасырын емес. Дәл кәзіргі жағдайда ғаламторға тәуелді азаматтарды теріс жолға итермелейтін қауіптің ең негізгі факторы деп білеміз.

Қазақстанда экстремизм мен терроризмге қарсы күреске айрықша көңіл бөледі. Терроризмге қарсы іс-қимал және алдын-алу мемлекеттік саясаттың басым бағыттарының бірі болып табылады. Ол үшін заңнамалық база күшейтілген, терроризмге қарсы көптеген мемлекеттік бағдарламалар жоспарымен орындалуда. Қарсы насихат әдісі ретінде интернет желсінде экстремистік ақпараттарды әшкерелейтін бағдарламалар құрылған. Терроризммен болсын, тағы басқа мәселелермен күрес бір ғана адам немесе топ қана айналысатын дүние емес, қоғам болып ат салысатын күрделі мәселе. Оларға қарсы тұратын руханият деп айтсақ артық болмас.

 

А.Дүйсен

Түркістан облысы дін істері басқармасының

«Дін мәселелері зерттеу орталығы» КММ

теолог маманы                                                                                         

0 пікір