Ислам - фанатизм діні емес
Ислам - фанатизм діні емес
07.07.2020
974
0

Фанатизм (лат. Fanaticus – булыққан, буырқанған) – жанкештілік пен бірбеткейлікке салынып, ақиқаттылығына қарамастан ешкімнің көзқарасына құлақ салмай, соқыр сенімге еліктеу. Бұл – ислам дініне жат әрі қабылданбайтын сипат. Құрандағы бірқатар аяттар мен хадистер ислам дінін ұстанушы мұсылманды ағымдардың тар шеңберінде шектеліп қалмай, кең көзқараста болуды, айналасындағы құбылыстарды зерттеп, Құдайдың құдыретін тануға үндейді. Алайда, бұл ақиқаттарды тану үшін белгілі бір  діни білім қажет. Өкінішке орай, тәңір мен сенім туралы білімді аңсап, ізденген отандастарымызды тура жолдан тайдыру мақсатында экстремистік бағыттағы  топтар өзіндік жұмыстар атқаруда.

Қоғамда кездесетін діни фанатизмнің ең қауіпті жағы, ол – радикалды әрі агрессиялық пікірде бекем тұрып, өзгелердің көзқарасын жоққа шығарып, қабылдамау. Мысалы, соңғы уақытта елді үрейлендірген «ұлы жихад» (үлкен күрес) терминін діни тұрғыдан жастарымызға деструктивті ағымдарда «қолға қару алып немесе өзін-өзі жару арқылы жасалатын күрес» деп түсіндірілсе, фанатизммен іске кіріскендерді дін мамандарына тоқтату қиындыққа соғады. Тіпті, шариғаттың негізі болған Құран мен хадистен дәлел келтіріп, ұстанған сенімдері қате, шынында үлкен күрес олардың ойлағандарындай емес, керісінше, «өз нәпсіңмен күресу» екендігін сендіру оңайлыққа соқпайды. Өйткені, әуелден ақиқаттан хабары жоқтарға бұл жалған ой әбден насихатталып, миларына сіңіп қоймай, бұрмаланып фанатизмге айналдырылған.

Қазіргі таңда көпшіліктің ойына бірден келетіні Ислам діні террорлық актілерге жол береді ма немесе қатысы бар ма? Өйткені ақпарат көздерінен мұсылман бауырларымыздың террорлық акт жасапты деген материалдарын көруде. Жалпы террордың ұлты да, діні де жоқ. Сол тұрғыдан мұсылман адамның террорист болуы әсте мүмкін емес. Ислам дінінің терроризм, экстремизммен үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Соған қарамастан батыстық бұқаралық ақпарат кұралдары Исламды терроризммен байланыстыруға құмартып тұрады. Мұндай лас әрекеттерді жасап жатқан тек мұсылмандар ғана ма? Мысалы, Токиода метрода улы газ шашып, қаншама адамның өліміне апарып соқтырған «Аум Сенрике» сектасынының жасағандарын ешкім «Будда терроризмі» деп атаған жоқ. 2000-2004 жылдар арасында Испанияда бірнеше жарылыстар болды. Бірақ оны ешкім дінмен байланыстырған жоқ. Бұзақы топтардың аты аталып, түсі түстеліп анықталды.

Аборт жасату клиникаларын жарып жіберген христиан фанатиктерін немесе Изак Рабинді және «әл-Хиләл» мешітінде жұма намазын оқып жатқан мұсылмандарды өлтірген Др. Браус Голдстейн тәрізді иahуди фундаменталистерінің жасағандарын да ешкім сол діндерімен байланыстырған жоқ.

Терроризмнің Исламдық санамен ешқандай байланысы жоқ. Діни сана терроризм тудыра алмайды. Өйткені Ислам дінінің қоғамда беделі күшті болған кезде лаңкестік деген орын алмаған. Терроризмді тудырған модернистік  сана деп айтсақ қателеспейміз (фашизм, атеизм мен әсіре коммунизмді де тудырғаны сияқты).

Ислам діні бойынша, «Бейкүнә бір адамды өлтіру-күллі адамзатты өлтірумен тең». Бұл ереже қасиетті Құранда айтылған. Бейкүнә адамды өлтіру-үлкен күнә. Тіпті барлық ережелер мен тепе-теңдіктердің астаң-кестеңі шығатын соғыс кезенінің өзінде жазықсыз адамдарды өлтіруге тыйым салынған. Пайғамбарымыз соғысқа кетіп бара жатқан қолбасшыларына мынандай ескертулер жасаған: «Алланың атымен жолға шығындар. Алла жолында күресіңдер. Соғысатын адамдарыңмен араларыңда келісімдер бар болса, оны қадағалаңдар. Шектен шықпаңдар, соғыс кезінде өлтірген адамдарға «мүсле» (өлі денелерін тілгілеп, көздерін ойып, мұрындарын кеспеңдер) жасамаңдар. Балаларды, әйелдерді, қарт кісілерді, ғибадатханалардағы адамдарды өлтірмеңдер». Тіпті жараланған жау әскерлерінің өзіне көмек көрсетуді бұйырып, ағаштарды, егін алқаптарын өртеуге тыйым салған. Ислам дінінің бұл дәстүрін Пайғамбарымыздан кейін келген халифалар мен басшылар қатаң ұстанып отырды. Бұл ерекше мән берерлік жәйт.

Жоғарыда да атап өткеніміздей, бейбіт бейкүнә адамдарды өлтіру Ислам діні тұрғысынан үлкен күнә болып саналады. Мейлі ол отаршылдарға қарсы күрес болса да оны ақтау мүмкін емес. Бұл мәселеде бүкіл мұсылман ғалымдары Ю. Қардауи, әл-Азһар шейхы Мухаммад Саид Тантауи, Аятуллах Насыр Макарим Ширази, Сауд Арабия мүфтиі Абдулазиз Абдуллах ибн Мухаммад Али Шейх, жазушы Мухаммад ас-Сафир, Абдулмути Байюми лаңкестік жанкештілік оқиғаларын бір ауыздан кінәлап, оны жасаушылардың істерін Исламға қайшы екенін айтқан болатын.

Қала берді, Қасиетті Құранда: «Өздеріңе өздерің қол жұмсамаңдар!»-деу арқылы адамның өз-өзін өлтіруіне де қатаң тыйым салған.

Адам өлтірген пенде жұмаққа кіре алмайды. Бейкүнә адамдарды өлтірy арқылы Алла Тағаланың разылығына бөленемін деу барып тұрған азғындық пен үлкен қателік. Ал әрбір мұсылманның басты мақсаты Алла Тағаланың разылығына бөлену.

Олай болса, лаңкестік әркекеттерге барушылар кімдер? Олардың басым көпшілігі өз саласының тар аясынан шыға алмаған, діни білімі таяз кісілер екенін көруге болады. Ол топтың жетекшілері діни сауаты бар ғалымдар емес. Олар тіпті әл-Азhар университеті немесе басқа да медреселерде білім алушыларға да оң көзбен қарамайды. Бұл-барлық керітартпа топтарға тән психология.

Сан ғасырдан бері тыныштық пен бейбіт өмірді насихаттап келген асыл дінімізді соңғы жылдарда лаңкестік, экстремистік секілді небір жағымсыз ұғымдармен байланыстыратын пікірлер пайда болуы жүрегімізге ауыр тиетіні рас. Негізінде, Ислам діні еш уақытта адамдарды бүлікке, бұзақылыққа, тәртіпсіздікке немесе біреудің жазықсыз қанын төгуге шақырмағанын, керісінше, ол өзгенің ақысына қылдай қиянат жасамауға үйрететін үлкен тәрбие қайнары екенін жадымыздан шығармайық.

 

«Қоғамдағы дін қатынастьарын зерттеу»

бөлімінің басшысы   А.Бектұрғанов

 

0 пікір