Экстремизм мен террризмнің алдын алу мәселелері
Экстремизм мен террризмнің алдын алу мәселелері
11.01.2023
2097
0

Қазіргі кезеңде дінді өздерінің саяси мақсаттарында қолданатын экстремизм мен терроризм мемлекеттің ішкі қауіпсіздігіне және қоғамдағы бейбітшілік пен қауіпсіздікке ерекше қауіп төндіруде. Дін мен оның құндылықтарын бетперде еткен жалған уағызшылар жаһандық деңгейде алауыздық пен өшпенділік туғызып, төзімсіздік пен қысым орнатуда. Діни экстремизмнің басты сипаты – дiни өшпендiлiктi немесе озбырлықты, соның iшiнде зорлық-зомбылықпен немесе күш қолдана отырып шақырумен байланысты қысым көрсету, сондай-ақ азаматтардың қауiпсiздiгiне, өмiрiне, денсаулығына, сеніміне немесе құқықтары мен бостандықтарына қатер төндiретiн кез келген дiни тәжірибені қолдану.

Діни экстремизм – діндегі шектен шыққан көзқарастар мен әрекеттерге берілгендік. Экстремизмнің қорқыту, үркіту, агрессиямен және шектен шыққан қаталдықпен сипатталатын белгілері көп. Экстремизмнің кең мағынасындағы ұғымы – мемлекеттік құрылысты күштеп өзгерту немесе билікті басып алу, мемлекеттің егемендігі мен аумақтық тұтастығын бұзуға бағытталған діни мотивацияланған әрекет және осы мақсатта діни алауыздық пен өшпенділікті қоздыру. Латын тілінен аударғанда «қорқыныш, үрей» деген мағынаны білдіретін «терроризм» – экстремизмнің асқынған көрінісі. Терроризм зорлықтың аса қатыгез, үрейлі түрлері мен әдістерін пайдаланып, саяси мақсаттарға қол жеткізуді көздейді. Террористік актілердің салдарынан адамдар жаппай қырылып, бұқара халықтың басым бөлігі психологиялық қысым көреді, материалдық және рухани құндылықтар қирап, зардаптары кейде қалпына келмейтін деңгейге жетеді. Мемлекеттер арасында түсініспеушілік туындап, соның салдарынан соғыс оты тұтанады, әлеуметтік және ұлттық топтар арасында сенімсіздік пен өшпенділік пайда болады. Түрлі қылмыстық топтар мемлекеттік билікке ықпал ету не күйрету үшін террорлық актілерді жүзеге асырады.

Терроризм – қазіргі жаһандану қатерлерінің бірі, ауқымдылығы мен жиілігі, адамзатқа қаупі мен қаталдығы тұрғысынан ол әлемдік қауымдастық алдындағы түйткілді мәселеге айналды.

 Діни экстремизм мен терроризмнің әлеуметтік зияны мен қаупі: – қоғам мен мемлекетке аса ауыр психологиялық және материалдық шығын әкелуі, адам өмірін қиюы; – азаматтық өшпенділікті немесе алауыздықты тұтатуы, мемлекеттің конституциялық құрылымын өзгертуді және оның аумақтық тұтастығын бұзылуды мақсат ететін бірқатар заңсыз қарулы құрылымдардың қызмет етуі. Діни экстремизмнің қылмыстық көріністерінің салдары бірден байқалмай,   ұзақ мерзімдік зардаптар әкелуі де мүмкін.

Діни экстремизм мен терроризмнің таралуының өсіп келе жатқан сын-қатерлері халықаралық қоғамдастықтың алаңдаушылығын тудырады. Діни экстремизм кең таралған әлеуметтік-саяси құбылыс ретінде қоғам өмірінің әр саласына өзінің кері әсерін тигізуімен ерекшеленеді. Радикалды идеялардың дамуының жаңа кезеңінің бастауы экстремистік топтардың үгіт-насихат жұмыстарының киберкеңістікке ауысу үдерісі болып табылады.

Экстремистік ұйымдардың негізгі мақсатты аудиториясы әлеуметтік, саяси, экономикалық және басқа факторлардың әсерінен берік идеологиялық көзқарасы қалыптаспаған жастар санаты (18-35 жас аралығы) болып табылады. Жастардың интернет арқылы радикалдануы жаһандық үдеріс, оның аясында әлеуметтік желілер зорлық-зомбылықты насихаттаудың, радикалды идеялардың таралуының стратегиялық құралы ретінде қолданылады. Әлеуметтік желілер мен SMM жарнамалық құралдарын пайдалану арқылы халықаралық террористік ұйымдардың көшбасшылары өз аудиториясының негізгі қажеттіліктерін анықтап, соған сәйкес материалдар дайындайды (жоғары сапалы аудио-бейне контент, мемдер, комикстер, суреттер, өлеңдер және т.б.).

Бұл сын-қатерлер мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғамдастық тарапынан жүйелі шешімдердің қабылдануын талап етеді. Жаңа технологиялардың даму ғасыры жастар арасында онлайн кеңістікте діни экстремизмнің алдын алудың тиімді тетігін құру қажеттілігін айқындады.

Қазақстан Республикасы ұжымдық қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі халықаралық бастамалардың белсенді қатысушысы ретінде діни экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимылға ерекше көңіл бөледі. Бүгінгі таңда мемлекет ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған іс-шаралардың кең спектрін өткізуде.

Мемлекеттік бағдарлама шеңберінде онлайн кеңістікте діни экстремизмнің алдын алу бойынша қарсы насихат және ақпараттық-түсіндіру әдістері қолданылады. Қарсы насихат жұмысы әлеуметтік желілерде жергілікті Дін істері басқармалары мен «Дін мәселелерін зерттеу орталықтары» тарапынан жүргізіледі. Танымал әлеуметтік желілерге дін саласындағы өзекті мәселелер бойынша аудио-бейнематериалдар, сұрақ-жауап, діни мамандар мен сарапшылардың дәрістері, пікірлері орналастырылады. Сонымен қатар, экстремизм мен терроризм идеяларын насихаттайтын материалдарды анықтау бойынша бұқаралық ақпарат құралдарына, интернет-ресурстарға, оның ішінде әлеуметтік желілерге тұрақты мониторинг жұмыстары жүргізіледі.

Діни экстремизм мен терроризм қаупі туралы хабардар болу, дін саласындағы мәселелерді неғұрлым терең түсіну, экстремистік нарративтерге қарсы тұру, сыни ойлау дағдыларын қалыптастыру жастар арасында діни экстремизмнің алдын алу тәсілдерін енгізу кезінде ескеріледі.

Жастар арасында діни экстремизмнің алдын алу мәселесі ең алдымен әр отбасының, қоғамның және мемлекеттің жауапкершілігі шеңберінде қарастырылады. Азаматтық қауымдастықтың мемлекеттік органдармен бұл бағытта бірлесе жұмыс атқаруы маңызды жетістіктерге жетуге мүмкіндік береді.

  

А.Жолдасқызы

«Қоғамдағы дін қатынастарын зерттеу»

бөлімінің маманы                                                                                 

0 пікір