Діни экстремизм рухани дағдарыс
Діни экстремизм рухани дағдарыс
11.04.2022
660
0

Ислам діні – адамзатты тура жолға бастайтын дін. Адамды имандылыққа, мейрімділікке, қайрымдылыққа, бауырмашылдыққа бастайды. Имансыз ұлт болмайтынын түсінген  ата – бабаларымыз, ислам дініне қатты көңіл бөлген. Уақыт өте келе қазіргі таңда кездесіп отырған келеңсіз жағдайлардың ең күрделісі – діни экстримизм мәселесі болып тұр. Қазіргі рухани дағдарыс заманында көптеген ұлттар тарих бетінен ұлт ретінде жоғалып кетудің аз-ақ алдында тұр. Ұлтты сақтайтын – оның тілі, діні, ділі екені анық. Алайда, оны сақтап, халықтың санасында бекем ұстау жолындағы тартыс мәселесі тарих сахнасынан түскен емес.

VІІІ ғасырдан бастап Түргеш қағанаты кезеңінен Ислам дінін қабылдаған қазақ даласы сүнниттік бағытты ұстанып келеді. Ата-баларымыздың ханафи мәзһабы мен матуриди ақидасында болғаны жырауларымыздың, ғалымдарымыздың, ақындарымыздың, билеріміздің көзқарастары мен еңбектерінде айғақталады.

Тарихымызда Исламның бірнеше ағымға бөлінген, халыққа зардап тигізген кезеңі болған емес. Алайда, тәуелсіздік алғаннан кейін елімізге ентелеп кірген түрлі ағымдар қазіргі таңда бірқатар ел азаматтарының арасында жік салғанын байқаймыз.

Елбасы Н.Ә. Назарбаев «Сындарлы он жыл» атты еңбегінде дін мен ұлттық құндылықтардың қоғамдағы рөліне баға бере келе: «Барлық халықтар үшін дін – жаулаудың тәсілі мен тәпсірі болғанын еске салудың зияны жоқ. Әртүрлі себептерге байланысты мемлекеттік немесе ұлттық тұтастық идеясы дағдарысқа ұшыраған шақта, елдің қоғамдық және саяси өмірінің сахнасына бүкіл рухани идеяға ұйытқы болып дін шығады. Көп жағдайда сенімнің біртұтастығы тарихтың тайғақ кешулерінде халық тағдырына араша түсіп отырады.

Алайда, кейбір жағдайларда мемлекет рөлі баяу да басыңқы болғанда, өмірдің барлық саласында діннің бел алуы сайқымазақтық сипат алып қана қоймайды, сонымен бірге, қауып-қатер төндіретін кездері бар. Бұл жеке адамдарға ғана қауіп төндіріп қоймайды, кейде тұтас адамзат үшін де қатерлі», – деген болатын. Дәстүрлі емес діни ағымдар халықты сонау ата-бабадан жалғасып келе жатқан дінінен адастыру мақсатында түрлі айлы-шарғыларын жасап әлек.  Жат ағым таратқан ақпараттардан дәстүрлі діни нанымдарымыз бен салтымызға сіңген діни көзқарасымызға мүлдем кереғар көзқарас, ұстанымдар шыға бастады. Бұл өз кезегінде ұлттық құндылықтарымызға да өзінің кері әсерін тигізуде.

Құран аяттарын өз саяси бағыттарына қарай бұрып алған діни-саяси топтар, экономикалық ортаны басып алу ниетімен минералды ресурстарға бай елдердің маңызды нүктелерінде  түрлі бүліктер ұйымдастырып, аталған орындарда мемлекетке қарсы псевдосәләфилік бағытты ұстанатын азаматтар ортасын қалыптастыру үрдістерін жүргізуде.

Қазақстанда псевдосәләфилік көзқарастағы азаматтар ортасын талдасақ, аталған идеология жетегіндегілердің бір топтан екіншісіне өтіп кетуі тәжірибеде бар. Бұл қай жамағат арасында уағыздардың көбірек белсенділігіне қарай болып отыр.

Елімізде осы көзқарасқа өтіп кеткен азаматтарды оңалту саласын жүйелендіру бүгінгі күні мәнін жоғалтпаған мәселе ретінде күн тәртібінде тұр. Өйткені, жамағатқа айналған топтардың мемлекеттің саяси күші мен экономикалық бағыттарына саяси шабуылдар басталғанда сыртқы күштердің қолшоқпары болып кетуі мысалдары бар екенін кейбір елдердің ахуалынан байқауымызға болады.

Дәстүрлі емес бағыттағы кез келген жамағаттар көшбасшылары «сол пайғамбар айтқан тура жол – біздің жолымыз» деп сендіру арқылы өз жамағаттарын одан әрі қуаттандыруға тырысады. Түрлі жамағатқа бөлінген азаматтардың әлеуметтік тұрғыдан өзара қарым-қатынасқа түспеуі күннен-күнге өрістеп келеді.

Псевдосәләфизмнің тарихы, өзіне тән идеологиясы, қайнар көздері мен ғалымдары, оның үстіне қазіргі таңда бұл жүйені қолдаушы саяси күштердің бары білгілі. Тарихи деректерден идеологиялық күрестердің болатындығы және оның заман ағымына сай өзгеріп отыратындығы анық. Уахабизм идеологиясының Ислам құндылықтарымен және әр халықтың дәстүрімен еш қабыспайтынын ескерсек, дәстүрмен біте-қайнасқан дәстүрлі танымның баяндылығы мәңгілік болатындығы анық.

Отанның мәңгілігі, құндылықтың мығымдығы өміршең күрестің нәтижесінде орнығады. Жалпы құрылыммен қатар жекелеген жұмыстардың өзектілігін ешқашан маңыздылығын жоймайды. Өйткені, құндылықтың маңызы көпшілікпен артады. Көпшіліктің белсенділігін жекелеген тұлғалар арттырмақ. Қоғамдық жұмыстарда жекелеген жұмыстар жалпылама сипат алмақ. Сондықтан жеке тұлғалармен жүргізілетін ақпараттық-түсіндіру және оңалту жұмыстарының негізгі бағыты елдің рухани байлығы мен болмысын насихаттау болып табылады.

 

 

Түркістан облысы дін істері басқармасының

«Дін мәселелер зерттеу орталығы» КММ

теолог маманы      Б.Абдрахман

0 пікір