Мазхабтардың пайда болуына әсер еткен саяси-әлеуметтік факторлар
Мазхабтардың пайда болуына әсер еткен саяси-әлеуметтік факторлар
19.06.2020
1250
0

Мазхаб араб тілінен аударғанда «жол», «жүрілген жол» мағыналарына келеді. Исламның сенімдік және амалдық мәселелердегі дүниетаным тармақтары ретінде саналатын мазхаптар діннің түсіндіру формалары болып табылады.

Мұхаммед (с.а.с.) пайғамбар дүниеден озбастан бұрын саяси және сенімдік немесе амалдық мазхаптардан сөз қозғау мүмкін емес болатын. Мазхабтардың пайда болу себептерін жақсы түсіну үшін адам мен қоғам арасындағы байланыстың негізінде адами фактордың маңызын ескеру қажет. Өйткені бүкіл мазхаптар адами ойлаудың жемісі болып есептеледі. Төменде мазхаптардың пайда болуына әсер еткен негізгі әлеуметтік факторларды атайтын боламыз:

1. Адам факторы

Барлығымызға белгілі болғаны секілді дін адамзат үшін жаратылған. Сондықтан дінді түсінетін де түсіндіретін де – адам. Адамның түрлі қасиеттері мазхаптарды құраған өзгешеліктер мен айырмашылықтардың негізін құрайды. Адам – әлеуметтік болмыс. Қоғамдық шарттарға қарай өзгеріп отырған адам әрдайым бойындағы қасиеттерін шыңдауда және психологиялық жағынан өзгеруде. Ғылымда мұны «адамның өз-өзін жүзеге асыру процесі» деп атайды. Әрдайым өзгеріп отырған адамдардың қоғамы да өзгеріп, жанданып отырады. Бұл өзгеріс процесі аясында діни түсінік те өзгереді. Әрбір адам жаратылыс жағынан «жалғыз» болып есептеледі. Яғни бір адамның екінші бір адамға тек физиологиялық жағынан ұқсағанымен, психологиялық жағынан айырмашалықтар болады. Сондықтан әр адам өз басына бір әлем болғандықтан дін мәселесінде түрлі түсініктердің де болуы табиғи заңдылық. Мінеки, діни алаңда пайда болған әртүрлі түсініктер, өз кезегінде, пікір әралуандылығын және топтар мен мазхаптарды дүниеге алып келеді.

2. Әлеуметтік және мәдени өзгерістер

Адам әлеуметтік болмыс болғандықтан өмірінің барлық кезеңдерінде адамдармен бірге өмір сүреді. Бұл жағдай әртүрлі салаларда топтасу арқылы достық пен ынтымақта болуды қажет етеді. Діни сипаттағы топтасу іс-әрекеттердің және дүниетанымға қатысты әртүрлі бөлінушіліктердің түбінде де осы бір әлеуметтік фактор жатуда.

Мазхабтардың пайда болуында маңызды рөл атқарған себептердің бірі де мәдени өзгерістер. Исламның жайылуымен мұсылман болған Ирак, Сирия, Иран, Египет сынды елдердің ескі мәдениеттерімен арласуына жол ашқан. Белгілі бір шабуыл, соғыстардың нәтижесінде ел күйреуі мүмкін, ал олардың мәдениеті басқа бір елдердің мәдениетімен қоса қайта жанданады. Сондықтан Ислам дінін қабылдаған ұлыстар бұрынғы діндері мен мәдениеттеріне тән көптеген пікірлерді, сенімдерді Исламға алып келеді.

Сондай-ақ, әлеуметтік себептерден ажыратылып, бөлек қарастырылмайтын саяси себептерді де ескере кеткен жөн болар:

 

 

3. Халифалық-имамдық мәселесі

Мұхаммед (с.а.с.) пайғамбар қайтыс болысымен пайда болған халифалық-имамдық мәселесі, ұзақ уақыт бойы жерге көмілген рулық-тайпалық мәселелердің қайта жер бетіне шығуымен сипатталды. Пайғамбар көз жұмғаннан кейінгі кезеңде мұсылмандар ұзақ уақыт бойы бұл оқиғаның әсерінен құтыла алмаған және пайғамбарсыз өмір сүру кезеңінде көп қиыншылықтар көрді. Өйткені діни сипаттағы бір мәселе туындағанда дереу Мұхаммед (с.а.с.) пайғамбарға барып, жауабын алып, хикметін сезетін. Исламның «Алланың алдында барлығы тең» қағиданы ұмыта бастап, әрбір тайпа өздерінің арасынан халиф сайлауға үміткер ретінде шығарды. Осылайша бір тайпа екінші бір тайпаға үстем болуға тырысты.

4. Халифа Османның кезеңіндегі фитна оқиғалары

Халифа Османның халифа атануымен арабтардың надандық кезеңіндегі Әмауи-Хашими қақтығысын қайта тудырды. Ислам тарихы беттерінен белгілі болғандай, бұл екі тайпа әрдайым жарыс үстінде болатын. Омаяттар Османның халифа болуымен бірге көптеген жерлерді өздеріне қайтарып, саны жағынан да арта түсті. Халифа Османның маңызды орындарға өз тайпасынан шыққан адамдарды тағайындауы үлкен қарсылықтарға тап болды. Осман халифалығының алғашқы алты жылынан кейін өз-өзін көрсете бастаған «фитна оқиғалары» ретінде тарих беттеріне жазылған оқиғалар бола бастайды. Мұсылмандар өзара қырқысып, қан төге бастайды. Түрлі айлалар жүзеге асып, бүліктер мен түсініспеушіліктер пайда болады.

Осылайша, адамның әлеуметтік болмыс екендігін, әрдайым бір басшыға немесе ұстазға бағынышты болғанын көрудеміз. Бір жағынан Құранның ақыл иесі болған әрбір адамды оқуға, үйренуге, ойлануға және таңдауға бағыттауы мен бұларды нақты бір жауапкершілік ретінде адамның иығына жүк етіп артуы, адам табиғатының әралуан болуы, нәтижесінде Құран аяттарын әртүрлі түсіндіруге жол ашуы мазхабтардың пайда болуына әсер еткен әлеуметтік, саяси фактор ретінде қарастыруға болады.

 

 

 

«Әдістемелік қамтамасыз ету»

бөлімінің маманы                                                           Б. Ботақараев

0 пікір