Ислам - бірлік пен толеранттылыққа шақыратын дін
Ислам  - бірлік пен толеранттылыққа шақыратын дін
14.06.2018
1315
0

Ислам сөзінің мағынасы араб тілінің «сәләм» яғни «бейбіт,  ынтымақ, татулық» дегенді білдіреді.  Ислам тыныштық, бейбітшілік, діндераралық толерантты татулық діні. Алайда соңғы кездері елдің арасына іріткі  салып жүрген кейбір деструктивті теріс пиғылды діни ағымдар белең алды. Қасиетті Құран Кәрімде: «Бүлік шығару кісі өлтіруден де ауыр күнә» (Бақара сүресі 191 аят) дейді. Теріс пиғылды діни ағымдар, елдің арасына бүліктерін заманның ағымына орай ғаламтордағы әлеуметтік  желілерді  пайдаланып,  өздерінің  қатарларына өскелең жастарды  тартуда.  Жастарымыз  діни сауатсыздықтың салдарынан әлеуметтік  желілердегі ақпараттарды   сүзгісіз қабылдап, мән-жайдың ақ-қарасын ажырата алмауда. Кейбіреулері үйінде отырып-ақ, экстремист атанып, сотты болуда. Соның бір айғағы жыл басынан бері  Оңтүстік Қазақстан облысында жиырмадан астам азамат қамауға алынды.
Бұл азаматтар мұндай шалыс қадамға не үшін, неліктен  барды  деген заңды сұрақ  туындайды. Оның басты себептерінің бірі   ғаламтор желілеріндегі экстремистік  идеялар   тарататын  сайттардың  қолжетімділігі. Ғаламтор желілеріндегі сайттардың ықпалымен шет елден діни білім алған  жалған  шейхтар мен жалған ғалымдардың уағыздары арқылы қаншама сана уланып, қаншама жас өскелең ұрпақ  өзінің дәстүрі, ділі, ұлттық менталитетінен сусындамай өсіп келеді. Бұл ойланарлық мәселе. Олар шет елде отырған  жалған шейхтарының уағызын қажылыққа және умраға барған сайын аудио жазбаға басып, В Контакте, Telegram әлеуметтік желілерге жүктеп, таратуда. Ғаламтор желілеріндегі   жалған  шейхтары  дінаралық және ұлтаралық алауыздыққа шақырады.  Мұны діни білімі жоқ жастарымыз  тыңдап,  жүз пайыз дұрыс есептегендіктен көзқарас,  пікірлері де  сол бағытта қалыптасады. Мәселен сол уағыздардың бірінде былай деп келеді: «Бәрін бүтіндей жек көресің кәпірлерді. Кәпірлерге жүректе махаббат болмау керек. Християндарды  жек көресің, бірақ еврейлерді одан да қаттырақ жек көру керек. Еврейлер бұлар тарихта Пайғамбарларды өлтірушілер. Сол үшін оларды  қатты жек көру керек. Куфрға алып баратын бидғат иелері, оларға құжат жеткен болса, олар кәпір болады. Олар (бидғат иелері) кәпірлердің үкімінде болады.» Бұл уағыз еліміздің Қылмыстық кодекстің 174 бабы 1 тармағына қайшы болғандықтан,  құқық қорғау органдары тарапынан кері ағым ұстанушы азаматтарға қарсы профилактикалық іс-шаралар жүргізілуде.
Алладан түскен кітаптардың соңғысы  қасиетті Құран Кәрімнің мына аяттарында  адамдардың бір-бірімен қоян-қолтық араласып, танысып-білісуге шақырады: «Әй адамдар!  Біз сендерді бір ер мен әйелден жараттық. Бір-бірімен таныссын деп сендерді  өзара ұлттар мен ұлыстарға  бөлдік.  Күмәнсіз Алланың қасында  ең құрметтілерің  Одан ең  көп қорқатындарың »  Хужурат сүресі 13 аят.
«Кітап иелерімен ең көркем  түрде сыпайылықпен әдептілік сақтап пікір таласыңдар » Анкабут сүресі 46 аят. Міне біз бұл аяттардан ұлты,  діні бөлек болса да танысып-білісуге, аралас-құралас болуға, олармен ең көркем түрде өзара пікір алмасуға үндейтіндігін аңғарамыз.
Ал, Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.а.у)-нің өзге дін өкілдерімен қалай қарым-қатынаста болғандығын  тарихтан көптеген мысалдар кездестіруге болады. Бірде Алла елшісі Мұхаммед (с.а.у) нің бір еврей көршісі  болатын. Ол Пайғамбарымызға (с.а.у) күнде зорлық-зомбылық көрсететін. Хазіреттің  басына төбеден  күл-қоқыс төгетін. Көшеге күл-қоқыс төгу еврейлердің  Пайғамбарға деген  ашу-ыза мен кектерін білдіретін еді. Пайғамбарымыз  (с.а.у) оларға ешнәрсе айтпайтын. Күндердің күнінде  көршісі еврейдің көрсетіп жүрген  зорлық-зомбылығы сап тыйылады. Исламның ұлық Пайғамбары  еврей көршісінің неге көрінбей қалғанын сұрастырғанда: «Аллаға шүкір, ол науқастанып қалды. Сол себепті оның жасап жүрген зорлық-зомбылықтары  да тоқтады» - деген жауап естиді.Сонда Пайғамбарымыз (с.а.у): «Олай болса оның хал-жағдайын, көңілін сұрауға баруымыз керек» -деп,  оның үйіне қарай бет түзейді. Еврейдің үйінің есігініңалдына келіп, есігін қаққанда  оның әйелінің: «Кім?» деген дауысы шығады. Сонда Пайғамбарымыз (с.а.у): «Бұл мұсылмандардың  Пайғамбары  Мұхаммед,  сіздің науқастанып жатқан жұбайыңыздың көңілін сұрауға келдік» -дейді. Әйел жағдайды дереу үйіндегі күйеуіне жеткізеді. Таң қалған еврей,  күтпеген жағдаймен бетпе-бет келіп: «Есікті аш, үйге кірсін» -дейді. Пайғамбарымыз (с.а.у) үйге кіріп, ауырып жатқан адам  оған ешқандай қорлық көрсетпегендей  рай танытып,  оның хал жағдайын сұрайды. Ұялғанынан бетін жапқан  еврей  Исламның ұлық пайғамбарының  мінезіне таңғалып: «Бұл ахлағыңыз жеке адамның мінез-құлқы ма,  әлде ислам дінінің  бұйрықтарының бірі ме?»-деп сұрағанда Пайғамбарымыз (с.а.у): «Бұл біздің дініміздің бұйрықтарына жатады.  Біз  барлық мұсылмандарға осылай етуге кеңес береміз»-деп жауап береді. Осы оқиғадан кейін еврей Исламның ұлық Пайғамбарының  көркем мінезіне, тартымды  амалына куә болып, мұсылман болады. Міне, Пайғамбарымыз (с.а.у) өзінің көркем мінез-құлқымен , ізгі амалымен  өзге дін өкілінің жүрегіне жол тапты, иманға келуіне себепкер болды. Қазақтың «Таспен атқанды-аспен ат, мейірімді, кешірімді бол» деген мақалы осындайда айтылған болар, бәлкім. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні  дінге енді бет бұрған еліміздің ертеңі жастар, ғаламтор желілерін сауатты пайдаланбай, діни сауатсыздықтың салдарынан біреулерді тыңдап, уағыздарын таратып, айтқанымен жүріп, арбауына еріп кетпесе екен дегім келеді.

 

ОҚО дін істері басқармасы
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»
КММ-нің маманы Омарбаев Бектұрсын 

0 пікір