Қазақстан Республикасы Ата заңының абсолютті нормаларының бірі зайырлылық. Тәуелсіздікке қол жеткізген кезден діни еркіндікті паш етіп, тәу етіп, кабылдаған алғашқы заңдарымыздың бірі ҚР «Діни сенім бостандығы және діни бірлестіктер туралы» Заңы болатын. Аталмыш заңнамаға замана ағысына қарай бірнеше рет толықтырулар жасалған-ды, ал 2011 жылы ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» жаңа заңы қабылданды. Яғни, қазақ елі зайырлы мемлекетті орнықтыру үстінде. Оның ішінде зайырлылықтың қазақстандық үлгісінің негізін қалауға талпынуда. Зайырлылық ұғымын бір ғана сөзбен шектеуге болмайды. Бірнеше мағынаны білдіреді. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде «Зайырлы» сөзінің түбірі араб тіліндегі «сыртқы» деген мәндегі «захир» сөзінен келіп шығады. Қазақ тілінің түсіндірме сөздігіне үңілсек, «зайыр» сөзі «анық», «айқын», «ашық» деген сын есімдердің мағыналарын береді. Осы «зайыр» деген сын есімнен түрленген «зайырлы» сөзі «білгір», «білімдар» деген мағыналарды білдіреді. Демек, «зайырлылық» деп «білгірлікті», «білімдарлықты» атасақ болады. Өкінішке орай, бүгінгі таңда «зайырлылық» сөзін батыстан ауып келген «лаицизм», «секуляризм», «светскость» терминдерінің баламасы ретінде түсінеміз. Сол себепті кезінде зайырлылықты «атейзм» ұғымымен шатастырып қарсы шығатындар ара-тұра кездесті. Қазіргі таңда халықтың көзі ашылып бұл бағытта алға жылжу бар. Зайырлылық діннің мемлекетті өз ырқында ұстауына жол бермейді әрі мемлекеттің дінді ауыздықтауына тосқауыл болады.
Зайырлылық ұғымы қазақ тіліне енген жаңа сөз болғанымен ұғым, таным, діни ұстаным ретінде көнеден бері өмір сүріп келеді. Оған дәлел археологиялық қазба жұмыстары кезінде табылған будда храмдары мен христиан дінінің шіркеулері. Халықтың басым көпшілігі ислам дінін ұстанса да өзге дін өкілдерімен бірге күн кешкен. Зайырлылықтың түбін зерттей келе біз Пайғамбар (с.а.с.) өмірінде де ерекше маңызы болғандығын байқаймыз. Барлық үкімнің бастауы болған Құран кітапта «Бақара» сүресі, 256-аятында: «Дінде зорлық жоқ» деп насихат айту арқылы дінді тек көркем түрде насихаттауды мақсат тұтады. Пайғамбарлардың бес сипаты болатын болса, соның бірі «бәләғ», «жеткізу» сипаты. Яғни Пайғамбарлар Алла Тағала тарапынан жеткен үкімді, насихатты, бұйрықты тек қана жеткізуші. Құран аяттарында бұған қатысты: «Еске сал! Расында сен тек ескертушісің! Сен олардың үстінен мәжбүрлеуші емессің» дейді. Ал сүннетте бұған қатысты көптеген насихат бар. Алла Елшісі (с.а.с.) өміріне зер салғанда біз мына жағдайларды байқаймыз. Ең әуелі уахи болып табылатын және шариғи заң әрекеттері. Сондай-ақ жеке ижтихадына негізделген әрекеттер мен жай адам ретінде күнделікті әрекеттері мен қазы, сот, имам не саяси басшы ретінде атқарған қызметтері. Біз сүннет пен хадистерді осы тұрғыда қарап зерттеп түсінбесек әлбетте адасуымыз ақиқат. Муслимнің хадистер жинағында: «Мен де адаммын. Егер сендерге дінге қатысты бір нәрсе бұйырсам – соны ұстаныңдар. Ал егер өз пікіріммен бір нәрсе айтсам мен де адаммын» дегені барлық істе тек бұйрықтың немесе шариғаттың үстемдігі жүрмейтіндігін байқатса керек. Сол секілді Пайғамбар (с.а.с.) заманында бір сахаба әйел күйеуімен ажырасып Алла Елшісі (с.а.с.) оған қайта қосылуын өтінгенде, ол: «Уа Алланың Елшісі, сен маған бұйырып тұрсыңба?» - деп сұрағанда. Ол: «Жоқ, мен тек ара түсіп отырмын» деді. Солда ол: «Маған ол қажет емес» деп жауап берген екен. Сол сияқты тағы бір хадисте: «Егер бұл сендердің дүниелік істеріңе қатысты болса – өздерің шешіңдер. Ал егер бұл діндеріңе қатысты болса – онда маған жүгініңдер» деген. Бәдір шайқасы күні Пайғамбар соғыс тактикасы ретінде өз ойын жеткізгенде қасындағы сахаба өзге тәсіл айтқан кезде сахабаның пікірін қолдаған. Біз бұл хадистерді теріп жазғандағы мақсатымыз – күнделікті өмірдегі шаруашылық, адамдардың қарым-қатынасы діни үкімге емес керісінше ақыл мен тәжірибемен білімге сүйене отырып шешілетіндегін жеткізгіміз келді. Ал тікелей шариғат мәселесінде «Әнғам» сүресінің 108-аятында: «Олардың Алладан өзге жалбарынып жүргендерін балағаттамаңдар» дейді. Сол секілді «Кафирун» аятында: «Сенің дінің өзіңе, менің дінім өзіме» деген аяттар келеді. Яғни исламның алғашқы уахи аяттары түсіп жатқан кездің өзінде дін мен дүниелік іс-әрекеттердің барлығы тек шариғат емес керісінше екі бөлек дүние екенін түсінуге болады. Яғни Пайғамбар (с.а.с.) өмірінде Зайырлылық сөзін қолданбаса да күнделікті өмір тәжірибесінде жүзеге асып отырған. Заман ағымына қарай сол кездегі іс-әрекеттерді, тәжірибені өмірімізге «Зайырлылық атауымен» орнықтырдық.
Қ.Қосмаханов
Түркістан облысы дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
теолог маманы

+7 (72533) 3 51 24
csi_uko_kz@mail.ru