Дін мен дәстүр – ұлттық бірегейліктің тірегі
Дін мен дәстүр – ұлттық бірегейліктің тірегі
21.08.2026
346
0

Қазақстанның рухани болмысы ғасырлар бойы ислам діні мен ұлттық салт-дәстүрдің өзара үйлесімі арқылы қалыптасты. Халқымыздың өмір салты, дүниетанымы, әдет-ғұрпы мен адамгершілік қағидалары исламның асыл құндылықтарымен сабақтасып, ұлттың бірегей келбетін айқындады. Сондықтан дін мен дәстүрді бір-бірінен бөліп қарастыру дұрыс емес, олардың өзара байланысын дұрыс түсіну бүгінгі қоғам үшін ерекше маңызды.

Ислам діні адамзатты ізгілікке, әділдікке, мейірімділікке, өзара сыйластыққа және қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді сақтауға үндейді. Қасиетті Құранда: «Расында, Алла әділдікті, игілік жасауды және туыстық қарым-қатынасты сақтауды бұйырады...» («Нахл» сүресі, 90-аят) деп айтылған. Қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрлері де осы асыл құндылықтармен үндеседі. Үлкенді құрметтеу, кішіге ізет көрсету, ата-ананы ардақтау, көрші ақысына мән беру, қонақжайлық таныту, жетім жесірге қамқор болу – халқымыздың өмір салтына айналған қасиеттер.  Мұхаммед пайғамбар (с.а.с.): «Сендердің ең жақсыларың – көркем мінезділерің» деген.

Қазақ жерінде ислам дінінің орнығуы Ханафи мәзһабы мен Матуриди сенім мектебінің кең таралуымен тығыз байланысты. Бұл дәстүрлі діни мектептер шариғатқа қайшы келмейтін жергілікті әдет-ғұрыптарды ескеріп, халықтың тұрмыс-тіршілігіне бейімделген діни танымның қалыптасуына ықпал етті.

Бүгінде жаһандану жағдайында ұлттық құндылықтарды сақтау бұрынғыдан да маңызды. Әлеуметтік желілерде таралатын негізсіз діни пікірлерге ермей, сенімді дереккөздерге жүгіну қажет. Дәстүрлі ислам құндылықтарын және ұлттық дәстүрлерді қатар дәріптеу жастарды жат идеологиялардан қорғайды.

Соңғы жылдары кейбір теріс діни ағым өкілдері ұлттық дәстүрлерді «бидғат» деп бағалап, халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан құндылықтарын жоққа шығаруға тырысады. Мұндай көзқарас қоғамдағы алауыздыққа, ұлттық бірліктің әлсіреуіне себеп болуы мүмкін. Сондықтан әрбір азамат дәстүрдің шариғатқа қайшы келмейтін тұстарын дұрыс ажыратып, ата-бабамыз ұстанған сара жолдың мәнін түсінуі қажет.

Қазақстан Республикасы – зайырлы мемлекет. Алайда бұл дінге қарсы мемлекет дегенді білдірмейді. Конституция әр азаматтың ар-ождан бостандығына кепілдік береді. Сонымен қатар елімізде дәстүрлі ислам құндылықтарын, ұлттық мәдениетті және қоғамдық келісімді сақтау мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттарының бірі болып табылады.

Қорыта айтқанда, дін мен дәстүр – халқымыздың рухани өмірін толықтыратын, ұлттық бірегейлігімізді айқындайтын қос құндылық. Дін мен дәстүр – бірін-бірі толықтыратын асыл құндылықтар. Ұлттық дәстүрді құрметтеу – діннен алыстау емес, керісінше исламның ізгілікке негізделген қағидаларын өмірде жүзеге асырудың бір көрінісі. Ата-бабамыздан мирас болған салт-дәстүрді сақтап, оны шариғат талаптарымен үйлестіре білу – ел бірлігі мен рухани тұрақтылықтың кепілі. Осы мұраны сақтап, кейінгі ұрпаққа дұрыс жеткізу – әрбір азаматтың ортақ міндеті.

 

  Қ.Мырзабай

 

   Түркістан облысының дін істері басқармасының

   «Дін мәселелерін зерттеу орталығы»

 КММ-нің  бөлім маманы                                                           

0 пікір