Дәстүр – ұлттың үнсіз сөйлейтін тілі
Дәстүр – ұлттың үнсіз сөйлейтін тілі
13.11.2026
412
0

 

         Дәстүр – әр халықтың діни сенімі, дүниетанымы, тұрмыс-тіршілігі мен ұлттық ерекшеліктеріне сай ғасырлар бойы қалыптасып, өмір тәжірибесімен толығып отырған ғұрыптар мен жөн-жоралғылар жиынтығы. Ол халықтың өмір салтын, мінез-құлқы мен қоғамдық қарым-қатынасын айқындап, бір ұлтты екіншісінен ерекшелендіретін әрі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасатын рухани мұра.

         Әрбір ұлттың ғасырлар бойы қалыптасқан өзіндік ұлттық дәстүрлері бар. Қазақ халқының шешендік өнері, қонақжайлығы мен үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсетуі – соның айқын көрінісі. Ұлттық дәстүр тек сөзбен ғана емес, халықтың болмысымен, тарихымен, мәдениетімен және ұрпақтан-ұрпаққа аманат болып жалғасқан өнегесімен өлшенеді. Әсіресе, жаһандану дәуірінде ұлттың өзіндік келбетін сақтап қалатын басты тіректер – оның төл тарихы, дәстүрі, тілі мен мәдениеті.    

         Ұлттар мен ұлыстардың жаратылысы жайында Алла Тағала Құран Кәрімде: «Әй, адам баласы! Шүбәсіз, сендерді бір ер мен бір әйелден жараттық. Сондай-ақ, бір-біріңмен танысып, білісулерің үшін сендерді ұлттар мен ұлыстарға бөлдік...» – деп баяндайды («Хужурат» сүресі, 13-аят). Аталған аяттан ұлттар мен ұлыстарға бөлінудің мәні – бір-бірінен үстем болу емес, өзара танысып, білісу, түсіністік пен сыйластық орнату екендігін аңғарамыз. Демек, адамзаттың әртүрлі ұлт пен ұлысқа бөлінуі – Алла Тағаланың жаратылысындағы хикметтердің бірі. Ал әр халықты өзгелерден даралап тұратын басты ерекшелік – оның ұлттық құндылықтары. Оған салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, өнері мен ұлттық ойындары, сондай-ақ ғасырлар бойы қалыптасқан мәдени мұрасы жатады.

         Қазақ халқының ұлттық болмысында «Үй алма, көрші ал» деген тағылымы терең қағида бар. Бұл сөздің астарында көршімен тату-тәтті өмір сүрудің, өзара сыйластық пен татулықты сақтаудың маңызы жатыр. Ата-бабамыз көршілік қарым-қатынасты адамгершіліктің өлшемі деп білген. Бұл ұстаным Ислам дінімен де үндеседі. Алла елшісі (с.а.с.): «Кімде-кім Аллаға және ақырет күніне иман келтірген болса, көршісіне зиян тигізбесін», –  деп  өсиет еткен. Осылайша, қазақтың көршілік әдебі мен Исламдағы көрші ақысы бір-бірімен біте қайнасып, халық өмірінен өз орнын тапқан.

Сондай-ақ, қазақтың «Қонақ он несібесімен келеді, бірін жеп, тоғызын қалдырады» деген түсінігі оның дархан пейілі мен қонақжай мінезін айқын танытады. Қонақты таныса да, танымаса да, төріне шығарып, барын алдына қоюды азаматтық парызы санаған. Байы барын беріп, кедейі жалғыз лағын сойып болса да, мейманын құрметпен күткен. Жолаушының алдынан айран – сүт алып шығып, шөлін басу, ауылға келген жаңа көшке ерулік беру, соғым басын ұсыну, жаңа түскен келінді қонаққа шақырып, үй көрсету, ұзатылатын қызды әулеттің қара шаңырақтарымен қоштастырып, үлкендердің батасын алдыру осының бәрі қазақы қонақжайлық пен жөн-жоралғының жарқын көрінісі.

Қазақы тәрбиенің тағы бір өзегі – үлкенді сыйлау, кішіні құрметтеу. Ақ сақалды атаны, ақ жаулықты ананы қадір тұтып, олардың алдын кесіп өтпеу, әрдайым үлкеннің батасы мен ақылына жүгіну – ұрпақ санасына сіңген өнегелі тәрбие. «Кеңесіп пішкен тон келте болмас» деген мақал да кез келген істі ақылдасып, ортақ мәмілемен шешудің маңызын аңғартады. Мұның барлығы қазақ халқының салт-дәстүрі жай ғана тұрмыстық әдеттер жиынтығы емес, терең адамгершілікке, ізгілікке және өзара құрметке негізделген өмірлік ұстанымдар жүйесі екенін көрсетеді.  

Қазіргі таңда халық арасында «дәстүрлі Ислам» ұғымы жиі айтылып, кеңінен насихатталуда. Бұл ұғым Ислам дінінің белгілі бір халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан салт-дәстүрі мен мәдени ерекшеліктеріне сай орнығуын білдіреді. Қазақ даласына Ислам діні таралған кезде бабаларымыз оны ұлттық болмысымызға жат емес, өмір салтымызға үйлесетін дәстүрлермен ұштастыра қабылдады. Әрине, мұның барлығы Ислам дінінің негізгі ұстанымы – таухид қағидатына қайшы келмейтін дәстүрлер аясында қалыптасты.

Сондықтан дәстүрге теріс көзқараспен қарап, оны жоққа шығару  халқымыздың тарихи танымы мен ұлттық құндылықтарын мойындамаумен тең. Жас ұрпаққа ең алдымен төл мәдениетіміз бен салт-дәстүріміздің мәнін түсіндіру маңызды. Өйткені өз халқының тарихы мен дәстүрін жақсы білген жас буын қоғамда пайда болып жатқан түрлі діни ағымдардың ерекшеліктерін ажыратып, дұрыс бағытты тануға бейім болады. Бабаларымыз Ислам дінін қабылдаған кезден-ақ ақ пен қараны, дұрыс пен бұрысты ажырата білгені анық. Уақыт өте келе діннің негізгі қағидаларына қайшы келмейтін салт-дәстүрлер халық өмірінен өз орнын тапты. Ал шариғатқа қайшы келетін ырымдарды дәстүр деп қабылдауға болмайды. Сондықтан салт-дәстүр мен ырымның аражігін ажырата білген жөн.  

Қорыта айтқанда, дәстүр – ұлттың үнсіз сөйлейтін тілі, оны өзге халықтардан даралайтын басты ерекшелігі. Дәстүрін ұмытқан ұрпақ ұлттық болмысынан да алыстай бастайды. Сондықтан ата-баба аманатына адал болып, салт-дәстүрімізді терең танып, оның тағылымын жас ұрпақтың санасына сіңіру баршамыздың міндетіміз. Өкінішке қарай, кейбір жат ағым өкілдері ұлттық дәстүрлерді жоққа шығаруға тырысады. Алайда діннің негізгі қағидаларына қайшы келмейтін дәстүрлерді теріске шығаруға негіз жоқ. Өйткені дін мен дәстүр халқымыздың рухани өмірінде қатар қалыптасқан құндылықтар. Ендеше, дәстүрді жоққа шығару – ұлттың өзіндік болмысын жоққа шығарумен пара-пар.

Н.Әмзеев

«Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын

ұйымдастыру» бөлімінің маманы                                                                

 

0 пікір