Әлемде болып жатқан геосаяси ахуал Орта Азия және Қазақстанға да жанама түрде болсын өз әсерін бермей қоймайды. Таяу Шығыс елдерінде болып жатқан әскери қақтығыстар туралы ақпарат сәт сайын әлеуметтік желі арқылы тарап, экстремистік және террористік пиғылдағы топтардың өңдеуінен өтіп жатыр. Діни экстремистік топтардың алдауына түсіп, бір сәттік эмоцияның құрбанына айналып, темір торға қамалып жатқандары да бар. Бұл әрине деструктивті діни ағымдардың іс-әрекетінің салдары.
«Деструктивті діни ағым мүшесін қалай танисыз?» деп сұрасаңыз келте балақ, қауға сақал деген жауапты естисіз. Бұл әрине сыртқы белгілері ғана. Бірақ заман ағымына сай «тақия» жасау яғни діни сенімін жасыру үшін ұзын шалбар не балағы бүрілген спорттық шалбар киіп сақалын қысқартып жүргендері де баршылық. Ал дін саласында қызмет ететін деструктивті діни ағым өкілдерімен жұмыс жасайтын дін мамандары болмаса қарапайым тұрғындар ажырата білмейтін белгілері де бар. Соған аз-кем тоқтала кетсек.
Деструктивті діни ағымдар – азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына қауіп төндіретін, қалыптасқан мемлекеттік құрылымды, Конституцияны, қоғамның рухани, тарихи, мәдени құндылықтары мен дәстүрлерін мойындамайтын, өздерінің қатарына қосылған адамдарды отбасынан ажырататын және толық бақылау қоятын теріс діни ілімдер жиынтығы. Сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздікке қатер төндіретін, неке және отбасы құндылықтарына қатер төндіреді. Кейбір діни ағым өкілдерінің уағызшылары жол бойында қоғамдық қауіпсіздікті қадағалайтын бейне- бақылау камераларды сындыру, бүлдіру керек деп пәтуа беріп жатады. Тіпті хадис, сүннеттің астарына үңілместен кәмелет жасына жетпеген қыздарды алдап-арбау арқылы «қыз баласы балиғат жасына жетті» деп қысым көрсету арқылы үйленіп жатады.
Сонымен қатар қоғамда қалыптасқан, біз абсолютті шындық деп есептейтін салт-дәстүрлерді 2+2=5 деу арқылы жоққа шығарады. Мәселен адам адам алдында иілмейді, адам тек Алланың алдында ғана иіледі деу арқылы келіннің сәлем салуына, беташар рәсіміне ашықтан-ашық қарсы шығады. Тіпті кейбір шектен шыққандары намаз оқымаған ата-анасының дайындаған тағамды жемей «харам» деп үкім шығарады. Наурыз мейрамын бұрыңғы өткен мәжусилердің (отқа табынушылардың) мейрамы. Сол себепті біз бұл мейрамды тойламаймыз, наурызкөже тағымын жемейміз деп жатады. Ал Наурызнама дастандарын қарар болсаңыз барлық аңыз-әпсана Нұқ пайғамбардың топан судан кейінгі тіршілігінің басталуы іспетті басталған шүкіршілік асы дерсіз. Қайтыс болған әруақтарға құран бағыштамайды. Дұға жасарда қол көтеріп бірақ сол көтерген қолымен бет сипамайды. Бірақ сахих хадисте жеткен хабарда: «Алла Елшісі дұға жасау үшін көтерер болса, жүзін сипамайынша түсірмейтін» деген хадистерді мойындағысы келмейді.
Деструктивті діни ағым уағызшыларының тағы бір қауіпті тұсы «Құдайдың қатысуынсыз өткен кез–келген сот» не болмаса «Алла Тағаланың» заңынан басқа заңдар Аллаға қарсы келу, адасқандық. Бұл әрине үлкен адасушылық әрі қоғам және мемлекет тұтастығына қауіп.
Мазхаб ұстануға деген қарсылық теріс діни ағым мүшелерінің ең үлкен адасқандығы. Дін ілімдерінен хабары жоқ қарапайым мұсылман үшін «Суннетпен жүресің бе әлде мазхабпен жүресің бе?» деген тосын сұрақ арқылы мұсылмандар арасында алауыздық туындатады. Ислам діні «бір адамды өлтіру барлық адамзатты өлтірумен тең» деген пікірді ұстанса да медициналық көмекке (қан құю, екпе егу, ағза мүшелерін ауыстыру) секілді қажеттілік туындағанда үзілді-кесілді бас тартады.
Деструктивті діни ағым мүшелеріне тән басты белгісі – Конституцияға қарсы шығу, әнұранға құрмет көрсетпеу секілді мемлекеттік нышандарға қарсы шығу. Пікір алмасу мақсатында олармен сөйлесе қалсаңыз «Біз заңға қарсы шықпаймыз, басшы отыр десе отырамыз, тұр десе тұрамыз. Мемлекетке теріс пиғылы бар адамды біз өзіміз ұстап береміз» дегенімен еліміздің зайырлылық саясатын мойындамайды. Ал оның көрінісі – мектеп оқушыларының білім ордасына орамал тағып баруы. Жас-жеткіншекті бала кезінен орамал таққызып теріс сенімді күн сайын сіңіріп отырған қыз көп нәрсенің астарына үңілмесі анық.
Бұл жазылғанның барлығы күнделікті жұмыс істейтін маманның пікірі деп білгейсіздер. Ешкімге қара күйе жағу емес. Құрметті оқырман қасыңызда жүрген адамның күнделікті бес уақыт намаз оқып, жыл сайын ораза ұстап жүргенімен жоғарыда жазғандай ұлттық салт-дәстүрімізге, мемлекеттік нышандарымызға қарсы шығып жатса деструктивті діни ағым мүшесі деп білгейсіз. Мұндай жағдайда ондай азаматтардан діни сұрақ сұрамағаныңыз абзал.
Қ. Қосмаханов
Түркістан облысы дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
теолог маманы
Деструктивті діни ағымдардың арбау жолдары

+7 (72533) 3 51 24
csi_uko_kz@mail.ru