Қазақ әскері қай заманда болмасын өзге елдерге қарағанда оқ бойы озық тұрған. Сонау ерте темір дәуірінен бастау алатын аттылы және арбалы әскер сол заман үшін жеңістің кепілі. Ал қазіргі күнде жағдай мен шарттар өзгерді. Елдің қарулы күші – бұл тәуелсіздіктің нышаны және басты кепілі. Қай заманда болмасын осы заңдылық қатаң сақталған. Кезінде Наполеон Бонапарт: «Егер өз еліңнің әскерін тойдыра алмасаң, өзге елдің әскерін тойдырасың» деген екен деседі. Сол себепті өз елінің қауіпсіздігін ойлаған кез-келген басшы қарулы күшке баса назар аударып келген. Қазіргі күнде де солай. Қазіргі алмағайып заманда бұл салада кенже қалуға болмас. Еліміз 1991 жылы өзінің тәуелсіздігін алған тұста қолымызда Кеңес одағынан мұраға қалған өте үлкен ядролық бомбалардың болғаны баршаға аян. «Нанн Лугар» (қауіп-қатерді бірлесіп азайту) келісім шартына сәйкес еліміз бұл мұрадан өз еркімен бас тартып бұл процесс 1994 жылға дейін жалғасты. НАТО елдері SS-18 деп атаған 1400 ден астам құрлықаралық оқтұмсықтар еліміздің солтүстік өңірі Державинск, шығысында Жаңғызтөбе, Шаған ауданында жерасты шахталарында тұрды. Бұл қару жарақтың барлығы сол кезеңде еліміздің қорғанысы үшін керек болса да жаңадан тәуелсіздік алған жас мемлекет үшін әрине қауіпті болатын. Сол себепті келісім шартпен өзге елдерге жөнелтілді. Өйткені ол уақыттарда Тәуелсіз Қазақстанның әскері қалыптаспаған болатын. Сондай-ақ 1992-1993 жылдары Мемлекеттік кеңесші қызметін атқарған Төлеген Жүкеев сол кезеңді былай сипаттайды: «Біз өзгелер тыжырына қарайтын оңбаған ел болғымыз келген жоқ» және «қолындағы қаруын оңды солды сілтейтін тентек бала болғымыз келмеді» дейді. 1992 жылы Тәуелсіздікке қол жеткізген дара елде араға бір жыл салып, ұлттық Қарулы күштерді құру туралы Жарлық күшіне енді. Бүгінгі таңда Құрлық әскері, Әуе қорғаныс және Әскери-теңіз күштері деп 3 бірдей құрылымдық әскер тұтас мемлекеттің тыныштығын күзетуде. Бір сөзбен айтқанда Қарулы күштерді құру – тәуелсіз елдің қол жеткізген басты жеңісі. Ал биыл Қарулы күштеріміздің құрылғанына 34 жыл толып отыр. Осы жыл ішінде еліміздің қарулы күштері түрлі сын-қатерді бастан өткеріп шет мемлекеттерге миссиямен аттанып шыңдалып үлгерді.
Әскери қызметшілердің тәжірибесін шыңдаған іс Қазақстандық әскери қызметшілердің БҰҰ-ның бітімгерлік миссияларға қатысуы. Осы күнге дейін Қазақстандық бітімгерлер Батыс Сахара, Кот-Д’ивуар, Орталық Африка Республикасы, Конго Демркратиялық Республикасы, Мали, Ливан және Голан жоталарындағы жалпы саны жеті бітімгерлік миссиясына қатысыпты. Соның бірі Сириядағы Голан жоталарында өтіп жатқан Қазақстанның бітімгерлік миссиясына аз кем тоқталсақ. 2024 жылы Президент Қ.К.Тоқаевтың шешімімен Қазақстан тарихында тұңғыш рет БҰҰ туы астында Голан жоталарына дербес бітімгерлік миссиясы жіберілді. Бұған дейін Қазақстандық әскерилер өзге елдердің контингенті құрамында қызмет етсе, бұл жолы БҰҰ-дан дербес мандат алып, өз бетінше миссия орындауға аттанды. Бітімгерлік күштері Израйль мен Сирия арасындағы шекаралық аймақта (Голан жоталары) оккупацияны және оқ атуды тоқтату режимін бақылау үшін 139 Қазақстандық әскери қызметші жұмылдырылды. Мемлекет басшысы бұл операция ҚР ҚК беделін халықаралық деңгейде жаңа сапаға көтергенін және еліміздің БҰҰ-ның толыққанды бітімгер контингенті бар мемлекеттер қатарына қосқанын атап өткен болатын. 2026 жылы Голан жоталарындағы миссия кезінде инженерлік-саперлік тобы төрт ай ішінде 350 жарылғыш зат пен атыс қаруына арналған 1800 оқ-дәріні анықтап, көзін жойыпты. Бұл дегеніміз еліміздің қарулы күшінің құрамы мықты екенін көрсетсе керекті.
Осы жылы Дубайда өткен «UAE SWAT Challenge-2026» терроризмге қарсы бөлімшелер арасындағы халықаралық жарысқа 48 елден 109 команда қатысқан халықаралық жарыста Қазақстандық «С» командасы абсолютті жеңімпаз атанды. Бұл да болса еліміздің қарулы күштерінің дайындығы мен әскери тәжірибесін көрсетеді. Сөз соңында тілеріміз бейбіт заман болсын, ел басына күн тумасын, күн туа қалса қарсы тұрар қарулы күшіміз сақадай сай болып қиып түсер кездік болсын дегіміз келеді.
Қ.Қосмаханов
Түркістан облысы дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ
маманы

+7 (72533) 3 51 24
csi_uko_kz@mail.ru