Қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан өмірлік тәжірибесі мен даналығы мақал-мәтелдерінде көрініс тапқан. Әрбір мақалдың астарында адамға ой салатын, өмірдің сан түрлі сынағынан өткен ұрпақтың өсиеті жатыр. «Өзіңе берік бол, көршіңді ұры тұтпа» деген сөз де адам бойындағы сақтық, сенім, адалдық пен парасаттылық қасиеттерінің өзара байланысын аңғартады. Бұл сөздің негізгі мәні – өзіңе сенімді болу, өз ісіңе жауапкершілікпен қарау, сонымен бірге дәлелсіз күдікке беріліп, айналаңдағы адамдарға орынсыз айып тақпау.
Адам баласы өмірде түрлі мінезді, түрлі мақсатты адамдармен араласады. Бірі адал ниетімен жақсылық жасаса, енді бірі өз пайдасын ғана ойлауы мүмкін. Сондықтан әрбір адам кімге сенетінін, кіммен сырласатынын, кімге қандай жауапкершілік жүктейтінін білгені жөн. Алайда сақтық пен күдіктің арасы бір-біріне жақын болғанымен, мағынасы бөлек. Сақтық – ақылға сүйеніп, жағдайды бағалау болса, орынсыз күдік – нақты дәлелсіз біреудің абыройына нұқсан келтіру. Ақылды адам осы екеуінің арасын ажырата біледі.
«Өзіңе берік бол» деген сөз ең алдымен адамның өзіне деген талапшылдығын білдіреді. Өз сөзіне жауап беретін, аманатқа адал, уәдесіне берік адам өзгелердің де сеніміне ие болады. Мұндай адам әрбір істі ой елегінен өткізіп, жауапкершілікті өз мойнына алудан қашпайды. Ол өзінің әлсіз тұстарын біліп, кемшіліктерін түзетуге тырысады. Өзгенің мінін іздеуден бұрын, өз бойындағы кемшілікті көре білу – нағыз парасаттылықтың белгісі.
Ал «көршіңді ұры тұтпа» деген сөз адамгершілік пен өзара сенімнің маңызын көрсетеді. Қазақ қоғамында көрші ұғымының орны ерекше болған. Көрші – күнделікті өмірде араласатын, қуанышың мен қиыншылығыңа куә болатын, қажет кезде қол ұшын беретін жақын адам. «Ауыл аралас, қой қоралас» деп, халқымыз көршілік қарым-қатынастың тұрмыс-тіршіліктегі орнын бекер айтпаған. Көршімен тату болу, оның ақысын жемеу, қиын жағдайда көмектесу – қазақы тәрбиенің ажырамас бөлігі.
Бірақ кейде адамдар дәлелсіз күдікке бой алдырып, өзгенің ниетін теріс түсінеді. Біреудің айтқан сөзін бұрмалап, болмашы жағдайдан үлкен дау туғызады. Тіпті ешқандай айғағы болмаса да, көршісін немесе жақын адамын жамандыққа бейім деп қабылдайтындар кездеседі. Мұндай әрекет адамдар арасындағы сыйластықты әлсіретіп, берекені кетіреді. Бір рет айтылған негізсіз айып адамның көңіліне жара салып қана қоймай, ұзақ жылдар бойы қалыптасқан қарым-қатынасты бұзуы мүмкін.
Әрине, ешкімге шексіз сеніп, сақтықты мүлде ұмытуға болмайды. Адам өз мүлкін, отбасын, абыройын қорғауға міндетті. Алайда сақтық жасау біреуді кінәлаумен тең емес. Егер күмән тудыратын жағдай болса, оны сабырмен анықтап, дәлелге сүйеніп әрекет ету қажет. Адамның сыртқы сөзіне немесе біреудің өсегіне қарап үкім шығару – асығыстық. Өйткені шындықтың бір қыры ғана көрінгенде, тұтас жағдайға баға беру қиын.
Ислам діні де мұсылманды орынсыз күдік пен өсек-аяңнан сақтандырады. Құранның «Хужурат» сүресінің 12-аятында: «Уа, иман келтіргендер! Күдіктің көбінен сақтаныңдар. Өйткені күдіктің кейбірі күнә» деп ескертеді. Бұл аят адамның әрбір күдігін ақиқат деп қабылдамауы керектігін аңғартады. Күдік нақты дәлелге сүйенбесе, ол біреудің абыройына нұқсан келтіріп, адамдар арасында алауыздық тудыруы мүмкін.
Сондай-ақ Пайғамбар Мұхаммедтің (с.а.с.) хадистерінде де мұсылмандарды өзара жаман ойлаудан сақтандыру бар. Демек, адамның ізгі мінезі тек сырт көзге жақсы көрінумен өлшенбейді. Ол өзгелердің ар-намысын құрметтеуінен, біреуді орынсыз айыптамауынан, өзгенің ақысына мұқият болуынан байқалады.
Бұл өсиеттің қазіргі қоғам үшін де маңызы зор. Бүгінде әлеуметтік желілерде тексерілмеген ақпаратты тарату, біреудің беделіне нұқсан келтіретін пікір жазу, дәлелсіз айып тағу жиі кездеседі. Кейбір адамдар бір хабарламаны оқып алып, оның ақиқатына көз жеткізбестен, өзгелерді кінәлауға асығады. Мұның салдары адамның жеке өміріне, отбасына, қызметіне кері әсер етуі мүмкін. Сондықтан ақпаратты тексеру, асығыс қорытынды жасамау және өзгенің абыройын сақтау – әрбір азаматтың жауапкершілігі.
Қоғамдағы тыныштық пен татулық үлкен ұрандардан ғана басталмайды. Ол адамның күнделікті қарым-қатынасынан, көршісімен сөйлесуінен, әріптесіне көзқарасынан, өзгелер туралы пікір айтуынан қалыптасады. Егер әркім өз міндетіне адал болып, өзгенің құқығын құрметтесе, қоғамда сенім де, ынтымақта нығая түседі. Ал күдік пен өсек үстемдік құрған ортада адамдар бір-бірінен алыстап, ортақ іске деген жауапкершілік әлсірейді.
Сондықтан әрбір адам алдымен өзіне берік болуы керек. Өз ісіне жауап беріп, аманатқа қиянат жасамай, өзгеге зиян келтірмеуге тырысқаны жөн. Сонымен қатар ешкімді дәлелсіз айыптап, біреудің ар-намысына нұқсан келтірмеуі қажет. Сенім мен сақтықты қатар ұстап, ақиқатқа дәлелмен жетуге ұмтылған адам ғана әділ шешім қабылдай алады.
Қорытындылай айтқанда, «Өзіңе берік бол, көршіңді ұры тұтпа» деген өсиет бізді өз жауапкершілігімізді терең түсінуге, өзгені құрметтеуге және орынсыз күдіктен аулақ болуға шақырады. Адамның абыройы өзгені жамандаумен емес, өзінің адалдығымен артады. Көршінің қадірін білген адам айналасындағы адамдармен тату өмір сүреді, ал өзіне берік адам қандай жағдайда да ар-ұжданын сақтайды. Ендеше, өзімізге талап қойып, өзгеге әділ қарап, әр сөзіміз бен ісімізге жауапкершілікпен қарай білейік. Өйткені қоғамның берекесі – өзара сенімде, ал адамдықтың өлшемі – адалдық пен әділдікте.
Д.Зиябек
Түркістан облысы дін істері
басқармасының «Дін мәселелерін
зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы
Өзіңе берік бол, көршіңді ұры тұтпа

+7 (72533) 3 51 24
csi_uko_kz@mail.ru