Қайғыға ортақтасу – дәстүр ме, діни міндет пе?
Қайғыға ортақтасу – дәстүр ме, діни міндет пе?
20.10.2026
19
0
 
Қайғыға ортақтасу – жақынынан айырылған жанның қайғысын бөлісіп, көңіл айту арқылы жұбату, қиын сәтте жанынан табылып, рухани қолдау көрсету. Бұл – адамгершілік пен бауырмалдықты танытатын ізгі амал.
Дүниеге келген әрбір пенденің бір күні бақилық болары хақ. Ерте ме, кеш пе, әр адамның бұл жалғандағы ғұмыры аяқталып, Алланың жазған тағдырына сай өмірден өтеді. Өлім – тіршіліктің бұлжымас ақиқаты, одан ешбір жан қашып құтыла алмайды.
Ендеше, қайғыға ортақтасу – ұлттық дәстүр ме, әлде діни міндет пе деген мәселеге тоқталып өтейік.
Қазақ халқының дәстүрлі дүниетанымында өмір мен өлім – адамзат баласына ортақ, тіршіліктің ажырамас бөлігі. «Тумақ бар жерде өлмек бар», «Өмір бар жерде өлім бар» деген тағылымды сөздер адамның бұл дүниедегі ғұмыры шектеулі екенін аңғартып, өмірдің мәні мен әрбір сәттің қадірін терең сезінуге үндейді. Қазақ халқының ұғымында қаза – бір әулеттің ғана емес, бүкіл ағайын-туыс пен ауыл-аймақтың ортақ қайғысы. Сондықтан қаралы хабарды жеткізудің де өзіндік әдебі мен қалыптасқан жөн-жоралғысы бар. Соның бірі – қайғылы хабарды байыппен жеткізуді көздейтін естірту дәстүрі болса, екіншісі – қайғыға ұшыраған жанның көңіліне демеу болып, ауыртпалығын бөлісуге бағытталған көңіл айту әдебі.
Көңіл айту – қазаның ауыр қайғысын бастан өткерген жанға демеу болып, оның мұңына ортақтасуды білдіретін қазақы дәстүрдің бірі. Бұл ғұрып адам бойындағы мейірім мен жанашырлықты танытып, ағайын арасындағы сыйластық пен бауырмалдықты бекемдейді. Қаралы хабарды естіген жұрт көңіл айтып, жұбату сөздерін арнау арқылы қайғыға ұшыраған отбасының жанынан табылып, ауыр сәтте жалғыз еместігін сезіндіреді.
Көңіл айтуға келген ер адамдардың құшақтасып, иық түйістіруі – қайғыға ортақтасудың дәстүрлі көріністерінің бірі. Бұл ишара арқылы олар қаралы жанға жанашырлық танытып, «Қайғыңды бөлісемін, ауыр сәтте жаныңдамын, сен жалғыз емессің» деген ниетін сөзсіз-ақ жеткізеді.
Қазақ халқының дәстүрінде қайғыға ортақтасып, көңіл жұбатудың өзіндік сөз орамдары қалыптасқан. Мұндай сөздер марқұмның жақындарына демеу беріп, сабырға шақыруды әрі ауыр қайғыны бірге көтерісуді білдіреді. Көңіл айтуда жиі қолданылатын тіркестер мыналар:
• «Қазаңызға ортақпын».
• «Арты қайырлы болсын».
• «Иманы саламат болсын».
• «Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болсын».
• «Алла алдынан жарылқасын».
• «Алла сабыр берсін».
• «Қайғыңызға ортақпын».
• «Өмірден өткен жанның жатқан жері жайлы болсын».
Жас ерекшелігіне қарай көңіл айту сөздері. Қазақ халқының көңіл айту дәстүрінде қаза болған адамның жас ерекшелігіне де мән берілген. Әрбір жағдайға сай айтылатын жұбату сөздері қайғыны жеңілдетіп, жақындарына демеу болуды көздеген.
Сәби шетінеген жағдайда «Шапағатшы болсын», «Балаларыңыз шапағатшы болсын», «Алтын босаға аман болсын» деген сөздер айтылған. Жас адам өмірден өткенде «Қалған өмірін сіздерге берсін», «Көрмеген қызығын сіздер көріңіздер» деп, артында қалған жақындарын сабырға шақырып, жұбатқан. Ал жасы ұлғайған адам қайтыс болғанда «Иман байлығын берсін», «Жасын берсін» деген ізгі тілектер білдірілген.
Қазақтың би-шешендері көңіл айту дәстүрін сөз өнерінің биік деңгейіне көтеріп, қайғыны бөлісудің терең үлгісін қалдырған. Мәселен, Байдалы би Айғанымға: «Үміт, сенім, тілек бар, қуантып, қуат алдырар. Жылау деген азап бар... Мен қайғыңды қозғағалы келгем жоқ, қайратыңды қолдағалы келдім», – деп, қайғылы жанның рухын көтеруге тырысқан. Ал Бөлтірік шешеннің «Дос көтерер өлімді, бекем бу төрем беліңді» деген сөзі қиындықта сүйеу болудың, қайғыны бірге көтерудің мәнін аңғартады.
Бұл мысалдар қазақ халқының көңіл айту дәстүрі қайғыны сөзбен жеткізумен ғана шектелмей, адамға рухани күш беріп, өмірге деген үмітін сақтауға бағытталғанын көрсетеді.
Көңіл айту бірнеше кезеңге бөлінеді:
• Алғашқы 3 күн – қайғының ең ауыр кезеңі.
• 7 және 40 күн – арнайы ас беріліп, көңіл айтуға адамдар келіп тұрады.
• Жыл асы – азалы кезеңнің аяқталуы.
Ислам дінінде қайтыс болған адамның туыстарына көңіл айтып, қайғысына ортақтасу, сабырға шақыру – исламда мұстахап амал саналады. Көңіл айту кезінде «Ағзамаллаһу әжрак, уә ахсана азаәк, уә ғафара лимәйитик» деген дұға айтылады. Мағынасы: «Алла сауабыңды арттырсын, қайғыңа сабыр берсін және марқұмның күнәларын кешірсін» дейді. Сондай-ақ, Имам Муслимде келген хадисте мұсылманның өз бауыры алдындағы бес ақысы баяндалады: «Мұсылманның мұсылманда бес ақысы бар: сәлеміне жауап беру, ауырған кезде көңіл сұрап бару, жаназасына қатысу, қонаққа шақырғанда бару және түшкіріп, «әлхамдулиллаһ» деген кезде «йәрхамукаллаһ» деп жауап беру» деген. Имам Тирмизиде келген тағы бір хадисте: «Баласынан айырылған адамға көңіл айтып, жұбатқан кісіге жәннат киімі беріледі. Қиындыққа ұшыраған адамды жұбатқан жан да соған берілетін сауапқа ие болады», – делінген.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін айтқанда, қазақ халқының салт-санасына терең үңілсек, оның Ислам дінімен егіз қозыдай біте қайнасып, өзара үндесіп жатқанын көреміз. Сондықтан дін мен дәстүрді бір-бірінен бөліп-жару дұрыс емес. Өйткені екеуі де ұрпақ тәрбиесінде, адамгершілік қасиеттерді қалыптастыруда және ізгі құндылықтарды дәріптеуде өзара сабақтасып, бірін-бірі толықтырып отырады. Сол себепті қайғыға ортақтасу – ұлттық дәстүр ме, немесе діни міндет пе? деп бөліп жару дұрыс емес ұғым. Ең дұрысы, бұл рәсімді дін мен дәстүрдің біте қайнасуынан қалыптасқан тұтас дүние деп таныған жөн.
0 пікір