Дәстүрді сақтау – өткенді қайталау емес
Дәстүрді сақтау – өткенді қайталау емес
02.11.2026
13
0

Дәстүр – ұлттың ғасырлар бойы қалыптасқан өмір тәжірибесін, дүниетанымын, әдет-ғұрпын және рухани құндылықтарын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін алтын арқау. Алайда дәстүрді құрметтеу дегеніміз – ата-бабаның әрбір әрекетін сол қалпында қайталау деген сөз емес. Заман өзгереді, қоғам дамиды, адамның қажеттілігі мен өмір сүру салты түрленеді. Осындай жағдайда ұлттық құндылықтарды сақтаудың ең дұрыс жолы – олардың сыртқы үлгісіне емес, ішкі мәніне назар аудару.

Қазақ халқының тарихына көз жүгіртсек, ел өмірінде маңызды орын алған көптеген салттың негізінде адамгершілік, үлкенге ізет, кішіге қамқорлық, қонақжайлық, жауапкершілік, бірлік пен өзара сыйластық сияқты ұстанымдар жатқанын көреміз. Мәселен, үлкенге сәлем беру – жай ғана рәсім емес, адамның жасы мен еңбегін бағалаудың белгісі. Қонақты төрге шығару – халықтың кеңпейілдігін танытса, бата беру – ақ тілек пен ізгі ниеттің көрінісі. Мұндай құндылықтардың өміршеңдігі олардың формасында емес, адам тәрбиесіне берер пайдасында.

Сондықтан дәстүрді сақтау мәселесінде «бұрын осылай болған» деген ұстаныммен шектелу жеткіліксіз. Әрбір салттың пайда болу себебін, қоғамдағы қызметін және қазіргі ортаға қаншалықты сәйкес келетінін түсіну қажет. Өйткені мағынасынан ажыраған әрекет бірте-бірте сыртқы рәсімге айналады. Ал саналы түрде қабылданған құндылық адамның күнделікті мінез-құлқынан көрініс табады.

Бүгінгі жас ұрпақтың алдында мүлде басқа міндеттер тұр. Ақпарат ағыны күшейіп, әлемнің түрлі мәдениеттері бір-бірімен бұрынғыдан да тығыз байланысуда. Әлеуметтік желілер арқылы кез келген идея санаға жылдам жетеді. Осындай жағдайда ұлттық болмысты сақтаудың тиімді жолы – жастарға дәстүрдің мәнін түсіндіру. Оларға «осылай істеу керек» деп талап қоюдан гөрі, «неліктен бұлай қалыптасқан?» деген сұраққа жауап берген маңызды.

Мысалы, қазақ қоғамында отбасы ұғымы әрдайым ерекше мәнге ие болған. Үлкенді сыйлау, ата-ананың батасын алу, туыстық байланысты үзбеу, қиындықта бір-біріне қолдау көрсету – халықтың әлеуметтік өмірін біріктірген тетіктер. Қазіргі кезеңде бұл қағидалар бұрынғыдай қажет. Бірақ олардың жүзеге асу формасы өзгеруі мүмкін. Қазір алыста жүрген туыспен телефон арқылы байланысу, бейнеқоңырау жасау немесе қиын жағдайдағы жақын адамға басқа жолмен көмек көрсету де өзара қамқорлықтың заманауи көрінісі.

Демек, дәстүрдің өміршеңдігі оның өзгермей қалуында емес, жаңа жағдайға бейімделе отырып, негізгі мазмұнын жоғалтпауында.

Бұл жерде дәстүр мен ескіліктің арасын ажырата білу қажет. Дәстүр – ұрпаққа пайдалы құндылықтарды жеткізетін мәдени сабақтастық болса, ескіліктің барлығы бірдей қазіргі өмірге сай келе бермейді. Уақыт талабына жауап бермейтін, адам құқығына немесе қоғамдық келісімге қайшы келетін түсініктерді өзгеріссіз жалғастыру міндет емес. Нағыз сабақтастық – өткеннен қажеттісін алып, оны бүгінгі өмірмен үйлестіре білу.

Білім беру саласында да осы бағытқа жаңаша көзқарас қажет. Жастарға салт-дәстүрді жаттатудан бұрын оның тарихи және әлеуметтік маңызын түсіндіру тиімді. Музейлер, мәдени орталықтар, шығармашылық жобалар, деректі фильмдер, заманауи медиа өнімдер арқылы ұлттық мұраны жаңа форматта таныстыруға болады. Әсіресе әлеуметтік желіде белсенді жастарға дәстүрдің мәнін олардың тілімен жеткізу маңызды.

Ұлттық құндылық пен заманауилықты бір-біріне қарсы қою да орынсыз. Заманауи технологияны пайдалану, шетел тілдерін меңгеру, жаңа кәсіптерді игеру немесе әлемдік мәдениетпен танысу адамның ұлттық тамырынан ажырағанын білдірмейді. Керісінше, өз мәдениетін жақсы білетін, дүниеге ашық азамат түрлі ортада өзінің болмысын сенімді көрсете алады.

Өткенге құрмет – тарихты ұмытпау. Ал болашаққа жауапкершілік – сол мұраны заман талабына сай жалғастыру. Бүгінгі ұрпақтың міндеті – бұрынғыны айна-қатесіз қайталау емес, атадан қалған жақсы қасиеттерді жаңа қоғамдық ортада өміршең ету.

Өткенін бағалайтын, бүгінін түсінетін және болашағын ойлайтын қоғам ғана рухани тұрғыдан орнықты болады. Ал дәстүрдің басты мақсаты да – өткен мен бүгінді жалғап, келешекке жол көрсету.

 

 А.Ілескен 

Түркістан облысы дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ – нің

теолог маманы                                                                    

 

 

 

 

0 пікір