Виртуалды кеңістіктегі деструктивті діни ағымдардың идеологиялық экспансиясы
Виртуалды кеңістіктегі деструктивті діни ағымдардың идеологиялық экспансиясы
04.11.2026
196
0

Қазіргі цифрлық дәуірде ғаламтор мен әлеуметтік желілер адамзат өмірінің ажырамас бөлігіне айналып, ақпарат алмасудың жедел әрі қолжетімді құралын ұсынып отыр. Дегенмен, виртуалды кеңістіктің мұндай жаһандық дамуы оң мүмкіндіктермен қатар, қоғамдық қауіпсіздікке зор қатер төндіретін теріс құбылыстардың да таралуына жол ашты. Солардың ішіндегі ең қауіптісі — деструктивті діни ағымдардың киберкеңістіктегі идеологиялық экспансиясы. Заманауи радикалы топтар өздерінің деструктивті идеяларын насихаттау, жаңа жақтастарды тарту және қоғам ішінде іріткі салу мақсатында ғаламтор платформаларын белсенді түрде пайдаланады. Виртуалды орта оларға дәстүрлі шекараларды еңсеруге, георафиялық шектеулерге қарамастан әлемнің кез келген нүктесіндегі пайдаланушыларға тікелей ықпал етуге мүмкіндік береді.

Радикалды топтардың виртуалды кеңістікті таңдауы тегін емес. Ақпараттық технологиялардың анонимділігі, жылдамдығы мен ауқымдылығы олардың мақсаттарына жетуіне өте қолайлы жағдай жасайды. Сонымен қатар, ғаламтордағы ақпарат ағынын толық бақылаудың мүмкін еместігі де деструктивті күштердің қолын ұзартады. Олар қарапайым пайдаланушылардың, әсіресе психологиялық жағынан тұрақсыз, өмірлік ізденісте жүрген немесе әлеуметтік қиындықтарға тап болған жастардың санасын улау үшін арнайы мақсатты стратегияларды қолданады. Идеологиялық ықпал ету процесі көбіне біртіндеп, байқатпай жүзеге асырылады. Бастапқыда діни білім, рухани ізденіс немесе әлеуметтік әділетсіздікпен күрес ретінде ұсынылатын материалдар кейіннен радикалды идеяларға, өзге көзқарастағы адамдарға деген жеккөрініш пен төзімсіздікке ұласады.

Деструктивті діни ағымдардың идеологиялық экспансиясы әлеуметтік желілердегі арнайы парақшалар, мессенджердегі жабық арналар, бейнехостингтер мен виртуалды форумдар арқылы қарқынды жүреді. Олар өз материалдарын кәсіби деңгейде дайындалған бейнероликтер, тартымды инфографикалар, эмоционалды медиа-контенттер және діни мәтіндерді бұрмалап түсіндіретін жазбалар түрінде ұсынады. Мұндай контент аудиторияның эмоционалдық сезімталдығына әсер етуге бағытталған. Виртуалды кеңістіктегі психологиялық манипуляция тәсілдері адамның өзін жалғыз немесе қоғамнан бөлектенгендей сезінуін пайдаланып, оған "шынайы бауырластық" пен "әділ қоғам" идеологиясын ұсынады. Осылайша, желі қолданушысы байқамай, деструктивті топтың виртуалды қоғамдастығының мүшесіне айналып, олардың идеялық ықпалына толық түседі.

Виртуалды ортадағы мұндай идеологиялық басқыншылықтың ең басты нысанасы — жастар мен жасөспірімдер. Жастардың ақпараттық технологияларды еркін меңгеруі, ізденімпаздығы, сонымен бірге өмірлік тәжірибесінің аздығы мен критикалық ойлау қабілетінің толық қалыптаспауы оларды өте осал етеді. Радикалды топтардың үгіт-насихатшылары бұл ерекшеліктерді мұқият зерттеп, жастардың тілінде сөйлеуге, олардың қызығушылықтары мен проблемаларына «шешім» ұсынуға тырысады. Нәтижесінде, ғаламтор арқылы деструктивті идеяларды бойына сіңірген жастар дәстүрлі құндылықтардан, отбасынан, ұлттық мәдениеттен және мемлекеттік заңдардан алшақтай бастайды. Бұл бұрмаланған идеология адамның жеке басының деградациясына ғана емес, түптеп келгенде қоғамның тұтастығы мен елдің ұлттық қауіпсіздігіне тікелей қатер төндіреді.

Ақпараттық кеңістіктегі деструктивті діни ағымдардың идеологиялық экспансиясына қарсы тұру — кешенді әрі жүйелі шараларды талап ететін өзекті міндет. Бұл орайда мемлекеттік органдардың, ақпараттық сарапшылардың, азаматтық қоғам өкілдерінің және білім беру мекемелерінің бірлескен жұмысы аса маңызды. Қарсы әрекет етудің ең тиімді жолы — тек заңсыз контентті бұғаттау немесе шектеумен шектелмей, сапалы да тартымды контрпропагандалық ақпарат дайындау. Желіде дәстүрлі діни құндылықтарды, ұлттық мәдениетті, толеранттылық пен ағартушылықты насихаттайтын сенімді ақпараттық ресурстардың көлемін арттыру қажет. Пайдаланушылар кез келген сурағына нақты, ғылыми және дәлелді жауап ала алатындай цифрлық орта қалыптасуы тиіс.

Сонымен бірге, қоғамда медиасауаттылық пен кибермәдениетті арттыру мәселесі алдыңғы қатарға шығады. Адамдардың ғаламтордағы ақпаратты сын тұрғысынан бағалай білуі, күмәнді дереккөздерді ажыратуы және психологиялық манипуляция тәсілдерін тани алуы — деструктивті идеологияға қарсы ең мықты иммунитет. Балалар мен жастардың цифрлық кеңістіктегі қауіпсіздігін камтамасыз етуде отбасының да рөлі ерекше. Ата-аналар баланың ғаламтордағы белсенділігіне немқұрайлы қарамай, олармен ашық сұхбат құрып, рухани-адамгершілік құндылықтарды бойына сіңіруі қажет. Тек білімге, медиасауаттылыққа, берік деструктивті иммунитетке және ұлттық құндылықтарға негізделген кешенді тәсіл ғана виртуалды кеңістіктегі радикалды идеялардың таралуына тосқауыл қойып, қоғамның бейбітшілігі мен тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік береді.

 Д.Арынбек

Түркістан  облысының дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

маманы                                                                                                             

0 пікір