Дін мен ұлт: айырмасын білеміз бе?
Дін мен ұлт: айырмасын білеміз бе?
05.11.2026
229
0

«Сен мұсылмансың ба, әлде қазақсың ба?» Бұл сауал адамның діни сенімі мен ұлттық болмысын бір-біріне қарсы қойып, екеуінің бірін таңдауды талап еткендей әсер қалдырады. Алайда «қазақ» пен «мұсылман» бірін-бірі жоққа шығаратын ұғымдар ма? Дін ұстану ұлттық болмыстан бас тартуды білдіре ме?

Мұндай сұрақ дін мен ұлттың айырмасын жете түсінбеуден туады. Ұлт адамның тілімен, тарихи тамырымен, мәдениетімен және ұлттық санасымен байланысты болса, дін оның сенімі мен рухани дүниетанымына қатысты. Сондықтан адамның қай ұлтқа жататыны мен қандай дін ұстанатынын бір өлшеммен бағалау дұрыс емес.

Осы ұғымдарды шатастыру исламды тек араб халқымен байланыстыратын түсініктен де байқалады. Мәселен, исламтанушы Ризабек Ілімбай Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының сайтында жарияланған сұхбатында қоғамда және әлеуметтік желілерде исламды араб мәдениетімен теңестіріп, дінді ұлтқа қарсы құбылыс ретінде қабылдайтын көзқарастар кездесетінін атап өткен. Мұндай пікірді талқылағанда жеке адамға немесе тұтас топқа дәлелсіз айып тақпай, мәселенің мәніне үңілген жөн.

Исламның Арабия түбегінде пайда болғаны, Құранның араб тілінде екені белгілі. Діннің белгілі бір жерде пайда болуы оның тек сол жерді мекендеген халыққа ғана тиесілі екенін білдірмейді. Исламды қабылдаған халықтар өз тілін, мәдениетін және ұлттық ерекшеліктерін сақтап келеді. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының түсіндіру материалдарында да діни сенім мен ұлттық ерекшеліктердің қатар сақталуына мән беріледі.

Қазақстандық исламтанушы, теолог, халықаралық құқық магистрі және дінтанушы Асқар Кәлімжанұлы Сабдин бір сұхбатында былай деген: «Мұсылман болуым қазақ болуыма кедергі емес, қазақ болуым мұсылман болуыма кедергі емес деген ұстанымда қайшылық жоқ. Мұны қарапайым мысалмен түсіндіруге болады: мен өз баламның әкесімін әрі өз әкемнің баласымын». Адамның әке болуы оның перзент болуына, ал перзент болуы әке болуына кедергі келтірмейді. Өйткені бұл атаулар бір адамның баласына әке, өз әкесіне перзент екенін білдіреді. Сол сияқты «қазақ» пен «мұсылман» да адам болмысының екі қырын сипаттайды.

Адам діни сенімін ұстана отырып, ана тілін ардақтай алады, ұлттық мәдениетін дамытып, ата-бабасынан қалған мұраны құрметтей алады. Діндарлықтың өлшемі ретінде өзге халықтың тұрмыс салтын, киім үлгісін немесе күнделікті әдет-ғұрпын түгел қабылдауды ұсыну негізсіз. Сонымен бірге өзгенің мәдениетіне қызығушылық танытқан адамды «ұлттық тамырынан ажырады» деп бағалау да орынсыз. Қазақ тілінде сөйлеу, домбыра тарту, ұлттық киім кию, отбасылық дәстүрді жалғастыру адамның діни ұстанымына қайшы келмейді. Діни сенімге құрмет көрсету де ұлттық құндылықтарды төмендетуге негіз бола алмайды. Мұндай мәселелерде діни рәсімді, халықтық дәстүрді және жеке талғамды ажырата білу маңызды.

Сонымен қатар адамның қазақтығын оның діни ұстанымына қарай бағалауға болмайды. Бір ұлттың өкілдері түрлі діндерді ұстануы немесе ешбір дінді ұстанбауы мүмкін. Олардың құқықтары мен қадір-қасиеті бірдей құрметтелуге тиіс. Қазақстан Республикасының Конституциясында әркімнің өз ұлтын анықтауға, ана тілі мен төл мәдениетін пайдалануға және ар-ождан бостандығына құқығы бар екені бекітілген.

Дін мен ұлттың айырмасын түсіну олардың арасындағы тарихи байланысты жоққа шығармайды. Керісінше, адамның сеніміне де, ұлттық болмысына да құрметпен қарауға мүмкіндік береді. Сондықтан «Сен мұсылмансың ба, әлде қазақсың ба?» деп таңдау ұсынғаннан гөрі, сенім мен ұлттық мәдениеттің адам өмірінде қалай үйлесетінін түсінуге ұмтылған жөн. Өзара сыйластық пен жауапкершілік қоғамдық келісімді нығайтады.

    А. Дүйсен

 

  Түркістан облысының дін істері басқармасының

  «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

  бөлім басшысы                                                                          

 

 

0 пікір