Рухани тамырын таныған ұлт адаспайды
Рухани тамырын таныған ұлт адаспайды
16.11.2026
351
0

Әрбір ұлттың тарих сахнасында өзіндік орны, жүріп өткен жолы, қалыптасқан дүниетанымы мен рухани құндылықтары бар. Ұлтты ұлт етіп сақтайтын тек оның жері мен шекарасы ғана емес, ғасырлар бойы қалыптасқан тілі, ділі, дәстүрі, мәдениеті және тарихи жады. Осылардың барлығы халықтың рухани болмысын құрайды. Өзінің қайдан шыққанын, қандай құндылықтарға сүйеніп қалыптасқанын және ұрпаққа қандай аманат қалдыру керектігін түсінген ел ғана болашағын баянды ете алады. Өйткені рухани тамырынан ажыраған ұлт уақыт өте келе өзінің бағыт-бағдарын жоғалтуы мүмкін.

Қазақ халқының рухани тамыры тереңде жатыр. Оның бастауы байырғы түркі дәуірінен, Ұлы дала төсінде қалыптасқан өркениет пен көшпелі мәдениеттен бастау алады. Сақтар мен ғұндардың ерлік дәстүрі, Түрік қағанаты кезеңіндегі елдік идея, Күлтегін мен Білге қаған жазбаларындағы бірлік пен тәуелсіздік туралы өсиеттер – бүгінгі ұлттық санамыздың тарихи негіздерінің бірі. Орхон-Енисей ескерткіштерінде көрініс тапқан «Мәңгілік ел» идеясы халқымыздың ел болу, жерді сақтау, бірлікті нығайту мұратының тамыры тереңде жатқанын аңғартады.

Күлтегін жазбаларында елдің тұтастығы, халықтың амандығы мен мемлекеттілікті сақтау мәселелері ерекше көрініс тапқан. Бұл мұралар бізге өткен дәуірдің тарихын ғана танытып қоймайды, бүгінгі ұрпаққа да маңызды ой салады. Себебі қай кезеңде де елдің қуаты оның бірлігінде, ал бірліктің беріктігі ортақ мақсат пен ортақ құндылықтарды қадірлеуде жатыр.

Қазақ халқының ұлттық болмысы тарихи кезеңдерде түрлі мәдени және өркениеттік ықпалдастық арқылы толығып отырды. Соның ішінде ислам дінінің орны ерекше. Ислам өркениетімен танысқан қазақ даласы ғылым мен білімді, рухани тәрбие мен адамгершілік құндылықтарды қатар дамытты. Әбу Насыр әл-Фараби сынды ұлы ойшылдың мұрасы білім мен ізгіліктің адам өміріндегі маңызын айқындаса, кейінгі ғасырларда Қожа Ахмет Ясауи ілімі түркі халықтарының рухани дүниетанымына терең ықпал етті. Ясауи хикметтері арқылы имандылық, кішіпейілділік, сабыр, адалдық пен адамгершілік ұғымдары халық санасына кеңінен сіңді.

Қазақ халқының діни танымы мен дәстүрлі дүниетанымы ғасырлар бойы өзара сабақтастықта дамыды. Халқымыз исламның адамгершілікке үндейтін қағидаларын ұлттық тәрбиемен ұштастыра білді. Үлкенге құрмет көрсету, кішіге ізет білдіру, жетімге қамқор болу, көршімен тату тұру, адал еңбек ету, аманатқа қиянат жасамау секілді қасиеттер дініміздің де, дәстүріміздің де өзегіне айналды. Сондықтан қазақтың рухани болмысын тану үшін оның тарихи дәстүрін де, діни дүниетанымын да бір-бірінен бөліп қарастыруға болмайды.

Ұлттық болмыстың ең маңызды тіректерінің бірі – салт-дәстүр. Дәстүр дегеніміз тек белгілі бір мерекеде орындалатын рәсімдер немесе өткеннен қалған әдеттер жиынтығы емес. Ол – халықтың өмірлік тәжірибесі, тәрбиелік ұстанымы және ұрпаққа қалдырған өнегесі. Мәселен, «Асар» дәстүрі халқымыздың ауызбіршілігі мен өзара жәрдемдесу мәдениетін танытса, «Бата беру» дәстүрі ізгі тілек пен ақ ниеттің қадірін білдіреді. «Ерулік» көршілік қарым-қатынасты нығайтса, «Жеті атасын білу» дәстүрі ұрпақтың тегін тануына, туыстық байланысты құрметтеуіне негіз болды.

«Жеті атасын білген ұл, жеті жұрттың қамын жер» деген халық даналығының астарында үлкен тәрбиелік мән бар. Бұл – адамның өзінің шыққан тегін білуі ғана емес, өткен тарихына құрметпен қарап, ата-баба аманатына жауапкершілікпен қарауы. Қазақ халқы ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән берген. Балаға жастайынан үлкеннің алдын кесіп өтпеуді, сөзге тоқтауды, уәдеге берік болуды, елін сүюді және өзгенің ақысын жемеуді үйреткен. Мұның барлығы ұлттық тәрбиенің өміршеңдігін көрсетеді.

Тарихи жады мен ұлттық сананың қалыптасуында ана тіліміздің де орны айрықша. Тіл – жай ғана қарым-қатынас құралы емес, ол халықтың дүниетанымы мен мәдениетін сақтайтын рухани қазына. Мақал-мәтелдеріміз, шешендік сөздеріміз, жыр-дастандарымыз бен тарихи әңгімелеріміз арқылы халқымыздың өмірлік ұстанымы ұрпақтан ұрпаққа жетті. Төле би, Қазыбек би, Әйтеке би секілді тұлғалардың шешендік мұрасы ел бірлігін сақтауға, әділдікті қорғауға және дауды бітіммен шешуге бағытталды. Ал жыраулар поэзиясы халықтың арман-мұратын, елдік мүддесін, ерлік пен намыс ұғымдарын ұрпақ санасына сіңірді.

Ұлттық рухтың сақталуы мен жаңғыруында Абай Құнанбайұлының, Шоқан Уәлихановтың, Ыбырай Алтынсариннің, Ахмет Байтұрсынұлының және Алаш қайраткерлерінің еңбегі айрықша. Олар ұлттың дамуы үшін білім мен ғылымның, тіл мен мәдениеттің маңызын терең түсінді. Абай адам бойындағы ақыл, қайрат, жүрек үйлесімін насихаттаса, Ыбырай жас ұрпақты білімге шақырды. Ахмет Байтұрсынұлы ана тілінің қадірін көтеріп, ұлттың сауатты әрі саналы болуын көздеді. Алаш зиялыларының елдік мұраты да тәуелсіздікке, білімге және ұлттық тұтастыққа негізделді. Олардың идеялары бүгінгі күнге дейін өзектілігін жоғалтқан жоқ.

Дегенмен рухани тамырды тану дегеніміз өткен дәуірді ғана дәріптеп, ескі салттың бәрін өзгеріссіз қайталау деген сөз емес. Керісінше, оның ішіндегі өміршең құндылықтарды саралап, заман талабына сай жалғастыра білу. Дәстүрдің қадірі оның сыртқы көрінісінде емес, адамға беретін тәрбиелік мәнінде. Ұлттық құндылықтарды сақтау жаңашылдыққа қарсы болу емес. Ғылым мен технология дамыған заманда да ұлттық болмысты жоғалтпай, білімді, бәсекеге қабілетті, отаншыл ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі қоғамның маңызды міндеті.

Бүгінде жаһандану үдерісі халықтар арасындағы байланысты күшейтіп, ақпарат алмасуды жеделдетті. Бұл – бір жағынан, үлкен мүмкіндік. Екінші жағынан, ұлттық ерекшеліктердің көмескіленуіне де әсер етуі мүмкін. Әсіресе, жас буынның өз тарихын, тілін, дәстүрін терең білмеуі қоғам үшін ойланатын мәселе. Өзгенің мәдениетін үйрену пайдалы, бірақ соның ықпалымен өзінің ұлттық болмысын ұмыту дұрыс емес. Әлемдік өркениетке ашық бола отырып, өз тамырыңды сақтау – кемелдіктің белгісі.

Рухани мұраны сақтау тек тарихшылардың, ғалымдардың немесе мәдениет саласы мамандарының міндеті емес. Бұл – әрбір отбасы мен әрбір азаматқа ортақ жауапкершілік. Ата-ана баласына отбасы тарихын айтып, ана тілінде сөйлеуге баулып, үлкенге құрмет пен кішіге ізетті үйретсе, ұстаз жас ұрпаққа тарихи сананы қалыптастырса, ал қоғам ұлттық құндылықтарды насихаттаса, рухани сабақтастық үзілмейді. Ұлттың болашағы осындай күнделікті тәрбиелік әрекеттерден басталады.

Тәуелсіз Қазақстанның басты байлығы – оның бірлігі жарасқан халқы, бай тарихи мұрасы және болашаққа деген сенімі. Біз өткенімізді мақтан тұтып қана қоймай, одан тағылым ала білуіміз керек. Ата-бабамыздан қалған жерді сақтау, тілді құрметтеу, дәстүрді дәріптеу, дінді дұрыс түсіну, білім мен еңбекті бағалау – елдігімізді нығайтатын негізгі ұстанымдар.

Рухани тамырын таныған ұлт өзінің кім екенін біледі, қайда бара жатқанын түсінеді және қандай құндылықтарды қорғауы керектігін айқын сезінеді. Өткенін ұмытпаған елдің болашағы да берік болады. Себебі тарих – халықтың жады, дәстүр – ұрпақтың тәрбиесі, ал руханият – ұлттың ішкі тірегі. Осы үш құндылық өзара сабақтасқан кезде ғана елдің еңсесі биік, болашағы жарқын болмақ.


 Қ.Мырзабай

Түркістан облысының дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»

КММ-нің  бөлім маманы                                                     

0 пікір