Ізгілік пен зұлымдық арасындағы адам таңдауы
Ізгілік пен зұлымдық арасындағы адам таңдауы
19.11.2026
154
0

Адамзат баласы жаралғалы бері шешімін таппаған, әрі әрбір заманның ойшылдарын толғандырған басты сұрақтардың бірі - ізгілік пен зұлымдық арасындағы арпалыс. Бұл тек философиялық немесе діни ұғым ғана емес, әрбір жеке тұлғаның күнделікті өмірінде бетпе-бет келетін ішкі таңдауы. Әлемдегі жақсылық пен жамандық сыртқы факторлардан бұрын, адамның өз жүрегінде, санасында бастау алады. Қазақтың ұлы ақыны Абай Құнанбайұлы өзінің «Қара сөздерінде» адамның ішкі әлемін терең талдап, оның бойындағы талап, қайрат және жүрек ерекшеліктерін сөз етеді. Абай адамның нәпсісі мен ақылы үнемі таласта болатынын меңзейді. Адам табиғаты қарама-қайшылыққа толы: бір жағынан ол биік мақсаттарға, мейірім мен махаббатқа ұмтылса, екінші жағынан эгоизм, күншілдік пен қатыгездік сияқты теріс сезімдердің құрбаны болуы мүмкін. «Адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады» – дейді Абай. Бұл қасиеттердің барлығы саналы түрде жасалатын таңдаудың нәтижесі.                   

Экзистенциализм  философы  Жан-Поль Сартр: «Адам еркіндікке сотталған» дейді. Бұл фразаның астары терең: адам өз әрекеттері үшін толықтай жауапты. Біз қандай ортада туылатынымызды немесе кейбір өмірлік жағдайларды таңдай алмаймыз, бірақ сол жағдайларға қалай жауап беретінімізді, қандай ұстаным ұстанатынымызды тек өзіміз шешеміз. Ізгілік таңдауы – көбінесе жанқиярлықты, кешірімді, басқаның мұңын түсінуді және ар-ұятқа адал болуды талап ететін қиынырақ жол. Зұлымдық таңдауы – нәпсінің жетегіне еріп, қысқа мерзімді пайда немесе кек алу үшін басқаға зиян тигізудің оңай көрінетін соқпағы. Алайда, зұлымдық уақытша жеңіске жеткендей көрінгенімен, ол әрқашан ішкі рухани күйреуге әкеледі. Ал ізгілік – адамды рухани тұрғыдан биіктететін жалғыз күш.                                   

Технология мен ақпарат қарыштап дамыған бүгінгі жаһандану дәуірінде адамның алдындағы таңдау мүмкіндіктері де көбейді. Әлеуметтік желілердегі жеккөрушілік пен агрессия немесе түсіністік пен қолдау – бәрі де бір ғана батырманы басу арқылы жасалатын таңдауға саяды. Әлемде орын алып жатқан жаһандық мәселелер (экологиялық дағдарыстар, әділетсіздіктер, қақтығыстар) – бұл қоғамдағы әрбір жеке адамның жасаған таңдауларының жиынтық нәтижесі. Егер әркім өз жүрегінде мейірімді, әділ жолды таңдайтын болса, қоғам да өзгереді.                                                                        

Адамның ішіндегі нәпсі мен ібілістің уәсусасы (күбірі) зұлымдыққа, менмендікке, хақсыздыққа жетелесе, жүректегі иман, ар-ұят және ақыл ізгілікке, кешірімге, мейірімге үндейді. Пенде қай тараптың дауысына құлақ асатынын өз еркімен шешеді. Дін ілімінде адам «мәжбүр пенде» емес.                           Алла Тағала сана мен ерік-жігер беріп, дұрыс пен бұрысты ажырату қабілетін сыйлады. Қасиетті Құранда «Шын мәнінде, Біз оған жолды көрсеттік: мейлі шүкіршілік етуші болсын, мейлі күпірлік етуші болсын» («Инсан» сүресі, 3-аят) делінген.    Бұл – таңдаудың толықтай адамның өзіне берілгенін білдіреді. Ізгілік жолы – бұл Алланың разылығына ұмтылу, ата-анаға құрмет, жетім мен мүскінге қамқорлық жасау, кешірімді болу және әділдік орнату. Бұл жол нәпсіге ауыр тиюі мүмкін, бірақ соңында жәннат бақтарына апарады.                                                                                               

Зұлымдық жолы – бұл нәпсінің қалауына еріп, өзгеге қиянат жасау, өтірік айту, көреалмаушылық пен агрессия. Бұл жолдың қызығы уақытша ғана, ал ақыры – рухани тоқырау және Жаратушының ашуы.  Пайғамбар Мұхаммед (с.а.с.) хадистерінің бірінде: «Шын мәнінде, амалдар ниетке байланысты. Әрбір адамға ниет еткен нәрсесі ғана бұйырады» дейді. Демек, зұлымдық пен ізгіліктің артында алдымен ниет жатыр. Бүгінгі таңда заман өзгеріп, технология дамығанымен, адам баласының рухани сыны өзгерген жоқ. Керісінше, ақпарат ағыны мен әлемдегі түрлі сынақтар адамнан бұрынғыдан да үлкен имани парасаттылықты талап етеді. Әлеуметтік желідегі бір ауыз жаман сөзбен біреудің көңілін қалдыру немесе жылы лебізбен жүрекке қуаныш сыйлау – бүгінгі күннің ізгілік пен зұлымдық таразысындағы кішкентай ғана өлшемі. Қоғамдағы әділетсіздіктерге бей-жай қарамай, мұқтажға қол ұшын созу, қолынан келгенше жақсылықты насихаттау – мұсылманның әрі саналы азаматтың басты парыз                                

Қорыта айтқанда өмір – Жаратқанның берген аманат уақыты, ал әрбір таңдау – сол аманатқа қиянат не адалдық таныту. Адам жүрегі – ізгілік пен зұлымдық шайқасатын майдан алаңы. Әр таңертең оянғанда: «Бүгін мен әлемге не сыйлаймын – мейірім ме, әлде реніш пе?» деп өзімізге сұрақ қоюымыз керек. Жүрегімізді иман нұрымен, амалымызды ізгілікпен толтырып, Жаратушының алдына жарық жүзбен бару – әрбір саналы пенденің өмірлік мұраты болғай.

Ғ.Өгембай

Түркістан облысы дін істері

басқармасының «Дін мәселелерін

зерттеу орталығы» КММ-нің теолог маманы                                        

0 пікір