Ұлттық тамыр және рухани бағдар
Ұлттық тамыр және рухани бағдар
17.11.2026
327
0

Әрбір ұлттың өзіндік болмысын айқындайтын, оны өзге халықтардан ерекшелендіретін тарихи жады, тілі, салт-дәстүрі мен рухани құндылықтары бар. Осылардың барлығы ұлттың ғасырлар бойы қалыптасқан тұтас бейнесін құрайды. Халықтың өткенінен бастау алатын ұлттық тамыр оның кім екенін танытса, рухани бағдар болашаққа қарай бағыт-бағдарын айқындайды. Сондықтан ұлттық тамырдан ажырамау мен рухани құндылықтарды сақтау – елдің ертеңі үшін маңызды міндеттердің бірі.

Ұлттық тамыр дегеніміз – белгілі бір халықтың тарихи қалыптасу жолы, ата-бабадан жалғасып келе жатқан дүниетанымы, мәдениеті мен өмірлік ұстанымдарының жиынтығы. Қазақ халқының ұлттық тамыры терең тарихпен, көшпелі өркениетпен, елдік дәстүрмен және ұрпақ сабақтастығымен тығыз байланысты. Ұлы даланы мекен еткен бабаларымыз ұлан-ғайыр жерді қорғап қана қоймай, ұрпаққа өнеге болатын тәрбие мен тағылым қалдырды. Үлкенге құрмет көрсету, кішіге ізет білдіру, қонақжайлық, сөзге тоқтау, уәдеге беріктік секілді қасиеттер халқымыздың рухани келбетін қалыптастырды.

Алайда ұлттық тамырды сақтау тек өткен тарихты білумен шектелмейді. Ол – ата-бабадан қалған асыл мұраны күнделікті өмірде қадірлеп, кейінгі буынға жеткізе білу. Мәселен, салт-дәстүрлердің мәнін түсіну, ана тілінің қадірін арттыру, шежірені білу, тарихи тұлғалардың өнегесін насихаттау – ұлттық сананы қалыптастырудың маңызды жолдары. Өзінің шыққан тегін, халқының жүріп өткен жолын білетін ұрпақ елінің қадірін тереңірек түсінеді. Өйткені өткенін таныған адам бүгінгі күннің жауапкершілігін де сезіне алады.

Бүгінгі жаһандану дәуірінде ұлттық болмысты сақтау мәселесі бұрынғыдан да өзекті. Ақпарат ағыны күшейіп, түрлі мәдениеттер мен көзқарастар бір-бірімен араласып жатқан заманда жастардың дүниетанымы да өзгеріске ұшырауда. Әлемдік жаңалықтар мен технологияларды меңгеру – заман талабы. Дегенмен жаңашылдыққа ұмтылу ұлттық құндылықтардан бас тарту деген сөз емес. Керісінше, өз тамырын таныған адам ғана өзге мәдениеттермен тең дәрежеде байланыс орнатып, өзінің ерекшелігін сақтай алады. Ұлттық болмыс пен заманауи даму бір-біріне кедергі келтірмей, өзара үйлесім табуы қажет.

Ал рухани бағдар – адамның өмірдегі ұстанымын, жақсылық пен жамандықты ажырату қабілетін, қоғам алдындағы жауапкершілігін айқындайтын құндылықтар жүйесі. Рухани негізі берік адам қандай жағдайда да адамгершілік қағидаларын басшылыққа алады. Ар-ұятты жоғары қою, адал еңбек ету, әділдікке ұмтылу, үлкеннің батасын алу, айналасына құрметпен қарау – халқымыздың тәрбиелік ұстанымдарымен сабақтас қасиеттер. Мұндай құндылықтар жеке адамның ғана емес, тұтас қоғамның дамуына ықпал етеді.                                                                                     Қазақ дүниетанымында рухани тәрбие отбасыдан бастау алады. Ата-ананың өнегесі, ата-әженің әңгімесі, үлкендердің ақылы мен батасы баланың бойына ізгі қасиеттерді сіңіреді. Бұрынғы буынның өмірлік тәжірибесі жас ұрпаққа бағыт-бағдар беретін рухани мектеп іспетті. Сондықтан отбасындағы тәрбиені ұлттық құндылықтармен ұштастырудың маңызы зор. Балаға дәстүрдің сыртқы көрінісін ғана үйретпей, оның астарындағы тәрбиелік мәнін түсіндіру қажет. Сонда ғана ұлттық мұра жасанды рәсім емес, өмірлік ұстанымға айналады.                                                                                             Бұл ретте дін мен дәстүрдің сабақтастығын да назардан тыс қалдыруға болмайды. Қазақ халқының рухани дүниесінде имандылық, мейірімділік, қайырымдылық, сабырлылық пен бауырмалдық ерекше орын алады. Дәстүрімізде көрініс тапқан көптеген ізгі қасиеттер адамды ізгілікке, татулыққа және өзара сыйластыққа үндейді. Дегенмен ұлттық дәстүрдің мәнін дұрыс түсініп, оны діни ұстанымдармен үйлесімді қарастыру маңызды. Рухани сауаттылық адамның әртүрлі көзқарастарды саралап, дұрыс шешім қабылдауына мүмкіндік береді.

Қорыта айтқанда, ұлттық тамыр – халықтың тарихи жады мен рухани негізі, ал рухани бағдар – сол құндылықтарды келешекке жалғайтын бағыт. Тамырынан нәр алған ағаштың ғана биікке бой көтеретіні секілді, тарихи санасы мен рухани тірегі берік ұлт та уақыттың түрлі сынағынан сүрінбей өте алады. Сондықтан ата-бабадан қалған асыл мұраны сақтау, оның тәрбиелік мәнін ұғыну және келер ұрпаққа аманаттау – баршамызға ортақ міндет. Өткенін құрметтеген, бүгінін бағалаған және болашағына жауапкершілікпен қарайтын елдің рухы әрдайым биік болмақ.

 

 

    Н.Дүйсебай

      Түркістан облысы дін істері басқармасы

     «Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ           

     теолог маманы                                                                                 

0 пікір