Діни оқшаулану қоғамдық оқшаулануға қалай ұласады?
Діни оқшаулану қоғамдық оқшаулануға қалай ұласады?
18.11.2026
432
0

Адамның діни көзқарасы оның дүниетанымына, өмірлік ұстанымына және айналасындағы адамдармен қарым-қатынасына әсер етеді. Діни білімге қызығушылық таныту, рухани ізденіс жасау және діни қағидаларды ұстану – әр азаматтың жеке таңдауы. Алайда кей жағдайда діни түсініктерді біржақты қабылдау адамның әлеуметтік байланыстарына кері әсер етіп, оның отбасынан, достарынан және қоғамдық ортадан біртіндеп алшақтауына себеп болуы мүмкін. Мұндай құбылысты діни негіздегі оқшаулану деп сипаттауға болады.

Бұл ретте діндарлық пен діни оқшауланудың аражігін ажырату маңызды. Діни сенім адамның бойында жауапкершілік, мейірімділік, сабырлылық және өзгелерге құрметпен қарау сияқты қасиеттерді нығайтуға ықпал етуі мүмкін. Ал діни негіздегі оқшаулану өз ұстанымын өзгелерден жоғары қойып, басқа пікірлерге төзбеушілік таныту және әлеуметтік байланыстарды шектеу арқылы көрініс табады.

Әдетте мұндай өзгерістер бірден байқалмайды. Алғашында адам діни тақырыптарға қызығушылық танытып, ақпарат іздей бастайды. Бұл – табиғи үдеріс. Дегенмен ақпарат көздерін бір бағытпен шектеу және белгілі бір уағызшының немесе діни топтың пікірін абсолютті ақиқат ретінде қабылдау дүниетанымның біржақты қалыптасуына ықпал етуі мүмкін.

Уақыт өте келе мұндай түсінік адамның айналасындағы адамдарға деген көзқарасынан байқалады. Ол достарының өмір салтын құптамауы, туыстарының әрекеттерін діни тұрғыдан сынауы немесе қалыптасқан отбасылық дәстүрлерден бас тартуы мүмкін. Ал өз ұстанымын өзгелерге де міндетті талап ретінде қоя бастағанда, пікір қайшылықтары тереңдеп, жақын адамдар арасындағы сенім әлсірейді.

Осылайша бастапқыда жеке діни түсінікке қатысты болған өзгерістер біртіндеп отбасылық қатынастарға әсер етіп, адамның әлеуметтік ортасының тарылуына алып келуі ықтимал.

Мұндай жағдайлардың алғашқы белгілері көбіне отбасында байқалады. Өйткені отбасы – адамның ең жақын әлеуметтік ортасы әрі өзара қолдау мен сенім қалыптасатын негізгі орта. Алайда діни көзқарастардағы айырмашылық өзара түсіністікпен қабылданбаса, ерлі-зайыптылар арасында келіспеушіліктер туындап, ата-ана мен бала арасындағы қарым-қатынасқа да әсер етуі мүмкін.

Бұл мәселе әйелдер аудиториясымен жүргізілетін оңалту жұмыстарында да ерекше назар аударуды қажет етеді. Кейбір жағдайларда әйелдің әлеуметтік ортасы тарылып, құрбыларымен, туыстарымен және көршілерімен байланысы әлсіреуі, тіпті күнделікті мәселелер бойынша дербес шешім қабылдауына кедергілер туындауы мүмкін.

Дегенмен мұндай өзгерістерді тек діни білімнің жеткіліксіздігімен түсіндіру дұрыс емес. Оның астарында отбасылық қысым, эмоционалдық тәуелділік, бұрынғы өмірлік тәжірибе немесе әлеуметтік қолдаудың аздығы сияқты факторлар жатуы ықтимал. Сондықтан адамның діни көзқарасымен қатар, оның отбасылық жағдайы мен жеке қажеттіліктерін де ескеру маңызды.

Мұндай өзгерістердің қалыптасуында ақпараттық ортаның да ықпалы бар. Бүгінде әлеуметтік желілер діни ақпарат алудың кең таралған арналарының біріне айналды. Интернет түрлі діни еңбектермен және мамандардың түсіндірмелерімен танысуға мүмкіндік бергенімен, ондағы ақпараттың барлығы бірдей сенімді емес.

Әсіресе діни білімді тек жекелеген уағызшылардың материалдары арқылы қабылдау адамның белгілі бір көзқарасқа шамадан тыс тәуелді болуына ықпал етуі мүмкін. Мұндай жағдайда ол өз ұстанымын қолдайтын ақпаратты ғана қабылдап, өзге пікірлерді жоққа шығаруға бейімделеді.

Әлеуметтік желілердің ұсыным алгоритмдері де пайдаланушының қызығушылығына сәйкес ұқсас материалдарды жиі ұсынады. Соның нәтижесінде адам бір бағыттағы ақпаратты үздіксіз тұтынып, балама көзқарастармен танысу мүмкіндігін азайтуы ықтимал. Осылайша ақпараттық оқшаулану қоғамдық ортадан алшақтауды күшейтетін факторлардың біріне айналады.

Оқшауланудың тағы бір көрінісі – адамдарды «біз» және «олар» деп бөлуге бейімділік. Мұндай түсінік қалыптасқанда адам өзін белгілі бір топтың мүшесі ретінде ғана қабылдап, өзге дүниетаным иелерін жат орта ретінде қарастыруы мүмкін. Бұл өзара сенімсіздікті күшейтіп, қоғамдық келісімге кері әсер етеді.

Негізгі мәселе – діни ұстанымның өзгелерге төзбеушілікке, әлеуметтік байланыстарды мәжбүрлі түрде шектеуге немесе адамдарды діни белгісіне қарай кемсітуге ұласуында.

Сондықтан діни негіздегі оқшауланудың алдын алу тек теологиялық түсіндірумен шектелмеуі тиіс. Адамның қоғамнан алшақтауына психологиялық, отбасылық, ақпараттық және әлеуметтік факторлар қатар әсер етуі мүмкін болғандықтан, кешенді жұмыс жүргізу қажет.

Бұл бағытта теолог, психолог және әлеуметтік сала мамандарының өзара ықпалдастығы маңызды. Теолог діни түсініктерді ғылыми негізде талдауға көмектессе, психолог адамның эмоционалдық жағдайын және ішкі қиындықтарын кәсіби тұрғыдан бағалайды. Ал әлеуметтік мамандар оның білім алуына, еңбекке араласуына және қоғамдық ортаға бейімделуіне қолдау көрсете алады.

Әсіресе әйелдер аудиториясымен жұмыс барысында олардың отбасылық жағдайын, әлеуметтік мүмкіндіктерін және дербес шешім қабылдау қажеттілігін ескеру маңызды. Өйткені бір азаматшаның қоғамнан алшақтауына отбасындағы келіспеушілік әсер етсе, екіншісіне белгілі бір ақпараттық ортаға тәуелділік немесе бұрынғы өмірлік тәжірибесі ықпал етуі мүмкін.

Демек, барлығына бірдей тәсіл қолдану күтілетін нәтижеге жеткізе бермейді. Мұндай жағдайда маманның басты міндеті – адамның көзқарасын бірден жоққа шығару емес, оның қалыптасу себептерін анықтап, сенімді қарым-қатынас орнату және әлеуметтік байланыстарын нығайтуға ықпал ету.

 

  Г.Бекжан

Түркістан облысы дін істері басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ           

теолог маманы                                                               

 

0 пікір