Дәстүр – ұлттың рухани тірегі
Дәстүр – ұлттың рухани тірегі
11.08.2026
236
0

Әр халықтың ғасырлар бойы қалыптасқан рухани келбеті, дүниетанымы мен мәдениеті болады. Сол құндылықтардың өзегін құрайтын маңызды ұғымдардың бірі – дәстүр. Дәстүр – бұл ата-бабадан аманат болып жеткен өмір сүру қағидалары, әдет-ғұрыптар, тәлім-тәрбие үлгілері мен ұлттық мәдениеттің сабақтастығы. Ол халықтың тарихи жадын сақтап қана қоймай, ұлттың рухани тұтастығын қамтамасыз ететін өмірлік ұстанымға айналады.

Қазақ халқы ежелден «Ата салтын ардақтаған азбайды» деп ұрпақ тәрбиесіне ерекше мән берген. Себебі ұлттық дәстүрдің әрбір элементі адамның бойына адамгершілік қасиеттерді қалыптастыруға бағытталған. Үлкенге құрмет көрсету, кішіге қамқор болу, көршімен тату өмір сүру, жетім-жесірге жәрдем беру, адал еңбек ету, сөзге тоқтау сияқты қасиеттердің барлығы халқымыздың тұрмыс-тіршілігінде дәстүр арқылы орныққан. Осындай құндылықтар қоғамдағы өзара сенім мен ынтымақтың негізін қалады.

Қазақтың ұлттық тәрбиесі отбасыдан басталады. Баланың дүниеге келуінен бастап өмірінің әр кезеңіне арналған салт-дәстүрлер оның тұлғалық қалыптасуына ықпал етеді. Шілдехана, бесікке салу, тұсаукесер, сүндеттой, атқа мінгізу, қыз ұзату, беташар секілді дәстүрлердің әрқайсысы тәрбиелік мәнге ие. Бұл рәсімдер арқылы бала туған еліне, туған жеріне, ата-анасына, үлкендерге деген құрмет сезімін бойына сіңіреді. Сондықтан ұлттық тәрбиенің бастауы – дәстүр.

Бүгінде әлемдік ақпараттық кеңістік қарқынды дамып, түрлі мәдениеттер мен көзқарастардың ықпалы күшейіп келеді. Мұндай жағдайда жастардың ұлттық болмысын сақтау аса маңызды мәселеге айналып отыр. Егер жас ұрпақ өз халқының тарихын, мәдениетін және салт-дәстүрін жетік білсе, ол кез келген жат идеологияны сын тұрғысынан бағалай алады. Ұлттық құндылықтарды құрметтеу жастардың рухани иммунитетін қалыптастырып, олардың елжанды азамат болып өсуіне ықпал етеді.

Қазақ қоғамында дәстүр мен руханият әрқашан қатар дамыған. Халқымыздың дүниетанымында әділдік, мейірімділік, қанағатшылдық, сабырлылық, қайырымдылық сияқты қасиеттер жоғары бағаланған. Осындай құндылықтар ғасырлар бойы халықтың бірлігі мен ынтымағын нығайтып келді. Сондықтан ұлттық дәстүрлер қоғамдағы тұрақтылықтың маңызды негіздерінің бірі болып саналады.

Ұлттық дәстүрді сақтау тек өткенді дәріптеу емес, оны бүгінгі заман талабына сай жаңғырту болып табылады. Қазіргі уақытта ұлттық мұраны дәріптеу бағытында көптеген игі бастамалар жүзеге асырылуда. Мектептерде ұлттық мәдениетке арналған тәрбие сағаттары өткізіліп, қолөнер көрмелері, ұлттық ойындар, этнофестивальдер ұйымдастырылуда. Сонымен қатар әлеуметтік желілерде қазақтың салт-дәстүрін, тарихын және ұлттық құндылықтарын насихаттайтын сапалы бейнероликтер мен танымдық жобалардың саны артып келеді. Бұл жұмыстар жастардың ұлттық мәдениетке қызығушылығын арттыруға мүмкіндік береді.

Дәстүр – қоғамдағы сабақтастықтың алтын арқауы. Егер ұлт өзінің тарихи тәжірибесін ұмытса, рухани әлсіреу қаупі туындайды. Сондықтан дәстүрді сақтау тек аға буынның ғана емес, әрбір азаматтың ортақ міндеті болуы тиіс. Әрбір отбасы ұлттық тәрбиені күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналдырса, қоғамдағы рухани құндылықтар да нығая түседі.

Ұлттық құндылықтарды сақтау – елдің болашағына салынған инвестиция. Себебі рухани бай қоғам ғана тұрақты дамуға қабілетті болады. Жастардың бойында елге деген сүйіспеншілік, ұлттық мақтаныш сезімі мен азаматтық жауапкершілікті қалыптастыру дәстүр арқылы жүзеге асады. Осы тұрғыдан алғанда, ұлттық мұраны насихаттау тек мәдени мәселе емес, мемлекеттік маңызы бар міндеттердің бірі.

Қорытындылай келе, дәстүр – халықтың рухани тамыры, ұлттық болмысының айнасы және ұрпақтар сабақтастығының кепілі. Ол уақыт өткен сайын өзінің маңызын жоғалтпайды, керісінше жаңа мазмұнмен толығып, қоғамның дамуына қызмет етеді. Сондықтан ұлттық дәстүрді көздің қарашығындай сақтап, оны жастардың санасына сіңіру – ел бірлігін нығайтудың, ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің және болашаққа берік қадам жасаудың басты шарттарының бірі. Ұлттық құндылықтарды ұлықтаған елдің еңсесі биік, рухы асқақ, келешегі кемел болмақ.

 Б.Абдрахман

Түркістан облысы дін істері басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ – нің

теолог маманы                                                              

0 пікір