Қазіргі таңда интернет адам өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. Әлемнің кез келген нүктесіндегі ақпаратты бірнеше секундтың ішінде табуға мүмкіндік беретін бұл құрал білім алуға, қарым-қатынас жасауға және рухани ізденіске де жол ашты. Соның ішінде діни ақпаратқа қол жеткізу бұрынғыдан әлдеқайда жеңілдеді. Дегенмен, интернеттегі барлық мәлімет бірдей шынайы әрі сенімді емес. Сондықтан діни білімді қайдан және қалай алу қажеттігін білу – әрбір адам үшін маңызды мәселе.
Интернеттің ең үлкен артықшылығы – ақпараттың қолжетімділігі. Бүгінде Құран Кәрімнің аудармалары, хадис жинақтары, ислам тарихы, ғалымдардың дәрістері мен пәтуалары арнайы сайттар мен мобильді қосымшалар арқылы көпшілікке ұсынылған. Бұл адамдардың діни сауатын арттыруға, өздерін толғандырған сұрақтарға жауап іздеуіне мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, интернет арқылы әлемнің танымал ғалымдарының дәрістерін тыңдап, ғылыми мақалаларын оқуға болады. Онлайн дәрістер мен вебинарлар шалғай аймақта тұратын адамдар үшін де діни білім алуға жағдай жасайды.
Ал интернеттегі діни ақпараттың қауіптері. Интернеттің пайдасымен қатар зияны да бар. Әлеуметтік желілер мен бейне платформаларда өзін дін маманы ретінде таныстыратын, бірақ қажетті діни білімі жоқ адамдар да кездеседі. Олар Құран мен хадисті жеке түсінігіне сүйеніп түсіндіріп, адамдарды шатастыруы мүмкін.
Сондай-ақ кейбір радикалды және экстремистік топтар интернетті өз идеологияларын тарату құралы ретінде пайдаланады. Олар жастардың діни сауатының төмендігін пайдаланып, жалған ұрандар мен бұрмаланған діни дәлелдер арқылы өз қатарына тартуға тырысады. Мұндай ақпарат қоғамның тұрақтылығына, ұлттың бірлігіне және адамның дұрыс діни ұстанымына қауіп төндіреді.
Қасиетті Құранда:
«Егер бір бұзық адам сендерге хабар әкелсе, оның анық-қанығына жетіңдер…» («Хужурат» сүресі, 6-аят).
Бұл аят әрбір ақпаратты, әсіресе діни мәселелерді тексерудің маңыздылығын көрсетеді.
Діни ақпаратты қалай дұрыс таңдау керек?
Ең алдымен, діни мәліметтің қайдан алынғанына назар аудару қажет. Ақпараттың сенімділігі – оның ең басты өлшемі. Қазақстан мұсылмандары үшін ресми діни мәселелер бойынша Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының түсіндірмелеріне, сондай-ақ білікті теологтар мен дінтанушылардың пікірлеріне сүйенген жөн.
Екіншіден, белгісіз адамдардың әлеуметтік желідегі жазбаларына немесе қысқа бейнероликтеріне бірден сенуге болмайды. Егер қандай да бір діни мәселе күмән туғызса, оны мешіт имамынан немесе арнайы діни маманнан сұрап нақтылаған дұрыс.
Үшіншіден, діни білім алу жүйелі түрде жүргізілуі қажет. Бір ғана бейнеролик немесе әлеуметтік желідегі жазба арқылы толыққанды діни білім қалыптаспайды. Ислам ілімі ұстаздан үйренуді, кітап оқуды және дәстүрлі діни мектептердің ұстанымын басшылыққа алуды талап етеді.
Ислам діні білімге ерекше мән береді. Алла Тағала Құранда:
«Раббым! Білімімді арттыр!» («Таһа» сүресі, 114-аят), – деп бұйырады.
Ал Пайғамбар Мұхаммед (с.а.с.):
«Білім іздеу – әрбір мұсылманға парыз», – деген.
Бұл хадис мұсылман адамның дұрыс әрі сенімді білім іздеуге міндетті екенін білдіреді. Діни білім де осы қағидаға сай сенімді дереккөздерден алынуы қажет.
Қорытындылай келе, интернет – адамзатқа берілген үлкен мүмкіндік. Ол арқылы пайдалы білім де алуға болады, адастыратын мәліметке де тап болуға болады. Сондықтан әрбір адам интернеттегі діни ақпаратқа сын көзбен қарап, оның шынайылығын тексеруі қажет. Діни мәселелерде ресми және сенімді дереккөздерге жүгіну, білікті мамандардан кеңес алу – адасудан сақтайтын маңызды қағида.
Қазақтың ұлы ағартушысы Абай Құнанбайұлы: «Ғылым таппай мақтанба» деп білімнің қадірін ерекше атап өткен. Сол сияқты діни білім де сенімді негізге сүйенгенде ғана адамды дұрыс жолға бастайды. Сондықтан интернетті рухани даму құралы ретінде пайдаланып, жалған ақпараттан сақ болу – бүгінгі қоғамның әрбір мүшесінің жауапкершілігі.
Д. Аманов
Түркістан облысының дін істері басқармасының
«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің
Мақтаарал ауданындағы дінтанушы маманы
Интернет және діни ақпарат

+7 (72533) 3 51 24
csi_uko_kz@mail.ru