Виртуалды әлемдегі шынайы қауіптер
Виртуалды әлемдегі шынайы қауіптер
06.08.2026
292
0

Қазіргі таңда цифрлық технологиялар мен ғаламтор адамзат өмірінің ажырамас бөлігіне айналып, ақпарат алмасу, қарым-қатынас жасау, білім алу мен жұмыс істеу үдерістері толығымен виртуалды кеңістікке көшті. Алайда, бұл жаһандық прогресс өзімен бірге жаңа қауіп-қатерлерді де ала келді. Бүгінгі күні интернет кеңістігі тек жаңа мүмкіндіктер алаңы ғана емес, сонымен қатар қылмыскерлер мен деструктивті күштердің әрекет ететін орнына айналып отыр. Осы орайда, ел Президенті көтерген «Заң мен тәртіп» қағидатын қоғамдық санаға терең сіңіру, әсіресе виртуалды әлемдегі заңбұзушылықтардың алдын алу маңызды міндет болып табылады.

Интернет-алаяқтық – бұл бүгінгі қоғамның ең өзекті проблемаларының бірі. Алаяқтар азаматтардың сенімгерлігін теріс пайдаланып, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы түрлі айла-шарғыларды қолдануда. Жалған инвестициялық жобалар, арзан онлайн-дүкендер, банкаралық қызмет түріндегі қоңыраулар мен микрокредит рәсімдеу деректері жыл санап артып келеді. Бұл бағытта мемлекет тарапынан жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанымен, әрбір азаматтың құқықтық сауаттылығы мен цифрлық гигиенаны сақтауы басты талап. «Заң мен тәртіп» акциясы аграрлық және білім беру салаларында ғана емес, киберкеңістікте де қатаң тәртіптің орнауы тиіс екенін көрсетеді. Интернет арқылы жасалған кез келген заңсыз әрекет ізсіз қалмайды және заң алдында міндетті түрде жауапкершілікке тартылады.

Виртуалды әлемнің ең қауіпті бағыттарының бірі –  діни экстремизм мен терроризмді насихаттау, сондай-ақ дәстүрлі емес деструктивті діни ағымдардың идеологиясын тарату. Интернет пен әлеуметтік желілер жастардың санасын улау үшін идеологиялық құрал ретінде жиі қолданылады. Деструктивті ағымдардың жетегінде кеткен жастар көбінесе қоғамдық құндылықтардан бас тартып, заңды мойындамайды, ұлттық дәстүрлерге қарсы шығады. Виртуалды түрде таратылатын радикалды уағыздар мен жасанды діни көзқарастар отбасылардың бұзылуына, азаматтардың өз елінің заңдарын сақтамауына және қоғамда жікшілдік тудыруға әкеліп соғады. Мұндай жағдайлардың алдын алу үшін құқық қорғау органдары мен сала мамандары жүйелі түрде мониторинг жүргізіп, түсіндіру жұмыстарын атқаруда.

Кез келген виртуалды құқықбұзушылық нақты заңнамалық жазаға әкеп соғады. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінде киберқылмыстар мен діни экстремизмге қарсы қатаң баптар қарастырылған. Мәселен, интернет-алаяқтық үшін ҚР ҚК-нің 190-бабына сәйкес, әсіресе ақпараттық жүйелерді пайдалана отырып жасалған әрекеттер үшін мүлік тәркіленіп, белгілі бір мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалады. Ал экстремистік немесе террористік материалдарды тарату үшін ҚР ҚК-нің 174-бабы (Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, таптық немесе діни алауыздықты қоздыру) және 256-бабы (Терроризмді насихаттау немесе терроризм актісін жасауға жария түрде шақыру) бойынша ғаламторда немесе әлеуметтік желілерде материалдар жариялағаны, лайк немесе репост жасағаны үшін қатаң қылмыстық жауапкершілік көзделген.

Қорыта айтқанда, виртуалды кеңістік – бұл шексіз ақпарат көзі ғана емес, сонымен бірге үлкен жауапкершілік аймағы. «Заң мен тәртіп» қағидаты шынайы өмірде де, виртуалды әлемде де бұлжымас болуы тиіс. Әрбір азамат интернеттегі әрбір қадамына, жариялағанына және жұмсаған қаржысына сақтықпен қарап, қоғамның тыныштығы мен қауіпсіздігіне өз үлесін қосуы тиіс. Заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайтынын ұмытпайық.


  Д.Арынбек

 

Түркістан  облысының дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

маманы                                                                                                           

0 пікір