ЗАЙЫРЛЫЛЫҚ: ЗАҢ, СЕНІМ ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ ТӘРТІП
ЗАЙЫРЛЫЛЫҚ: ЗАҢ, СЕНІМ ЖӘНЕ ҚОҒАМДЫҚ ТӘРТІП
17.09.2026
204
0

Қоғамның тұрақтылығы тек ортақ аумақта өмір сүрумен өлшенбейді. Тұрақты қоғам қалыптастыру үшін азаматтардың құқықтары қорғалуы, заң бәріне бірдей қолданылуы, адамдардың дүниетанымдық және діни таңдауларына құрметпен қаралуы қажет. Осы тұрғыдан алғанда зайырлылық – мемлекет пен қоғамның үйлесімді дамуына мүмкіндік беретін маңызды конституциялық қағидаттардың бірі. Кейде зайырлылық ұғымы діннен алшақтау немесе дінді қоғамдық өмірден толықтай ығыстыру ретінде қате түсіндіріліп жатады. Шын мәнінде, зайырлылықтың мәні басқа. Ол адамның сеніміне араласпайтын, сонымен бірге қоғамдық қатынастарды ортақ заң талаптары негізінде реттейтін мемлекеттік ұстанымды білдіреді.

Қазақстан Республикасы Конституциясында еліміз демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет ретінде айқындалған. Сонымен бірге әр адамның ар-ождан бостандығына құқығы бекітілген. Бұл – азаматтың белгілі бір дінді ұстануына, сенімге ие болуына немесе ешбір дінді ұстанбауына құқықтық мүмкіндік берілетінін білдіреді. Мемлекет азаматқа қандай сенімді таңдауы керектігін міндеттемейді және қандай да бір дінді мемлекеттік немесе міндетті дін ретінде белгілемейді. Сондықтан зайырлылықты дінге қарсы ұстаным ретінде қабылдау дұрыс емес. Керісінше, зайырлы қағида әртүрлі сенім иелерінің бір мемлекетте тең құқықпен өмір сүруіне жағдай жасайды. Бір азамат үшін дін өмірінің маңызды бөлігі болуы мүмкін, ал екінші азаматтың дүниетанымдық көзқарасы өзгеше болуы ықтимал. Зайырлы мемлекет олардың қайсысының сенімі дұрыс немесе бұрыс екенін шешпейді. Мемлекет үшін негізгі өлшем – заң талаптарының сақталуы, өзге адамның құқығына қол сұқпау және қоғамдық тәртіпке зиян келтірмеу.

Ар-ождан бостандығы адамның негізгі құқықтарының бірі болғанымен, кез келген құқық басқа адамдардың құқықтарымен қатар жүзеге асырылады. Адамның сенімі – оның жеке таңдауы. Алайда сол сенім қоғамдық әрекетке айналған кезде заң талаптары ескеріледі. Себебі бір адамның еркіндігі екінші адамның құқығын шектеуге негіз болмауы тиіс.

Өзінің діни көзқарасын ұстану азаматты заң талаптарын орындаудан босатпайды. Сенім өзге адамдарға қысым көрсетуге, олардың таңдауына араласуға, мәжбүрлеуге немесе қоғамда алауыздық туғызуға себеп болмауы қажет. Сол сияқты адамның белгілі бір діни көзқарасты ұстанбауы да діндар азаматтарды кемсітуге немесе олардың заңды құқықтарын бұзуға негіз бола алмайды. Зайырлы қоғамда қоғамдық қатынастар белгілі бір діни қағидаға емес, Конституция мен қолданыстағы заңнамаға сүйеніп реттеледі. Бұл әр азаматтың дініне, ұлтына, әлеуметтік жағдайына немесе дүниетанымына қарамастан құқықтарының тең қорғалуына мүмкіндік береді. Осы тұрғыдан алғанда заң – қоғам мүшелерін біріктіретін ортақ өлшем. Кей жағдайда «заң сенімнен жоғары ма?» деген сауал қойылып жатады. Алайда бұл ұғымдарды бір-біріне қарсы қою дұрыс емес. Сенім адамның рухани және ішкі дүниесіне қатысты болса, заң қоғамдағы адамдардың өзара қатынасын реттейді.

Мемлекет адамның ішкі сеніміне араласпайды, бірақ қоғамдық ортадағы әрекеттеріне құқықтық талап қояды. Сондықтан заңды сақтау адамның сенімінен бас тартуы емес, ортақ қоғамдық жауапкершілікті мойындауы болып табылады.

Қоғамдық тәртіп те зайырлылықпен тікелей байланысты. Қоғамдық тәртіп дегеніміз тек құқық бұзушылықтың алдын алу емес. Ол адамның көшеде өзін қауіпсіз сезінуі, баласының білім алуы, азаматтың өз пікірін еркін білдіруі, сенімін ұстануы және өзгелермен бейбіт қарым-қатынаста өмір сүруі үшін қажет құқықтық орта. Қоғамдық тәртіп сақталған жерде азаматтардың құқықтары мен бостандықтары да қорғалады. Діни ұранмен жасалған кез келген әрекет автоматты түрде заңды болып саналмайды. Егер белгілі бір әрекет азаматтардың қауіпсіздігіне, қоғамдық тәртіпке немесе өзге адамдардың құқықтарына нұқсан келтірсе, оған заң шеңберінде баға беріледі. Бұл – дінді шектеу үшін емес, қоғамның барлық мүшесінің құқықтары мен қауіпсіздігін тең қорғау үшін қажет.

 Зайырлылық қағидаты білім беру саласында да ерекше маңызға ие. Зайырлы білім беру жүйесінің мақсаты – белгілі бір діни көзқарасты насихаттау емес, азаматтарға ғылыми білім беру, сыни ойлау қабілетін дамыту және құқықтық мәдениет қалыптастыру. Әсіресе қазіргі цифрлық қоғамда бұл мәселенің маңызы артып отыр.

Бүгінде әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде діни мазмұндағы ақпарат көп таралады. Оның ішінде кәсіби дінтанушылар мен ресми діни қызметкерлердің түсіндірмелерімен қатар, шығу тегі белгісіз парақшалардың, өзін «ұстаз» немесе «уағызшы» ретінде таныстыратын адамдардың материалдары да кездеседі. Сондықтан азаматтың діни ақпаратты саралап қабылдауы, дереккөздің сенімділігіне назар аударуы және арандатушы мазмұнға сын көзбен қарауы маңызды.

Зайырлы ұстаным дін туралы білімнен бас тарту деген сөз емес. Керісінше, ол дін мәселесіне құқықтық сауаттылықпен, біліммен және жауапкершілікпен қарауды талап етеді. Адам өзінің сенімін құрметтегендей, өзгенің де таңдауына құрметпен қарауы қажет.

Зайырлылық – ұлттық  дәстүрлер мен рухани құндылықтарды жоққа шығармайды. Қазақ қоғамында қалыптасқан үлкенге құрмет, кішіге ізет, қонақжайлық, өзара көмек, ар-намыс, жауапкершілік, бірлік пен келісім секілді құндылықтардың маңызы бүгін де жоғары. Бұл құндылықтар заманауи құқықтық мемлекет қағидаттарымен үйлесім таба алады. Сонымен бірге кез келген әрекетті «дәстүр» немесе «сенім» деген атаумен ақтауға болмайды.  Егер ол адамның құқықтары мен қадір-қасиетіне қайшы келсе, заң талаптары басшылыққа алынуы тиіс. Мұнда негізгі өлшем – адам, оның құқығы және қоғамдық қауіпсіздік. Қоғамдағы өзара құрметтің орны ерекше.

Біреуді дін ұстанғаны үшін кемсіту де, біреуді белгілі бір діни сенімді қабылдауға мәжбүрлеу де қоғамдық келісімге қызмет етпейді. Өз пікірін жалғыз дұрыс көзқарас ретінде ұсынып, өзгелердің таңдауын жоққа шығару да қоғамдағы сенімге сызат түсіреді. Келіспеу – жаулық емес. Өзге көзқарастың болуы – қауіп емес. Қауіп әртүрлі пікірдің болуында емес, өз көзқарасын өзгеге күшпен таңуда, заңды елемеуде және адамдарды сеніміне қарай бөле бастауда.

Қазақстандағы зайырлылықтың басты мәні – мемлекет пен діннің ара-жігін ажыратып қана қою емес. Оның негізгі мақсаты – түрлі көзқарастағы азаматтарға бір құқықтық кеңістікте бейбіт өмір сүруге мүмкіндік беру. Бұл жүйеде адамның сенімі құрметтеледі, дінді ұстану немесе ұстанбау құқығы қорғалады, бірақ заң бәріне ортақ болып қала береді. Сондықтан зайырлылықты сенім мен заңның тартысы ретінде емес, сенім бостандығы мен қоғамдық жауапкершіліктің тепе-теңдігі ретінде түсінген дұрыс.

Қоғамның беріктігі адамдардың барлығының бірдей ойлауынан емес, әртүрлі көзқарастағы азаматтардың ортақ заңды мойындап, бір-бірінің құқығын құрметтеп өмір сүре алуынан көрінеді. Зайырлылық – сенімге қойылған тосқауыл емес. Ол – ар-ождан бостандығын, заң үстемдігін және қоғамдық келісімді қатар қамтамасыз ететін маңызды мемлекеттік қағида. Заңға құрмет бар жерде тәртіп бар. Сенімге құрмет бар жерде түсіністік бар. Ал заң мен өзара құрмет үйлескен жерде тұрақты қоғам қалыптасады.

 

 Ұ.Тұрсын

Түркістан облысының дін істері басқармасының 

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»

КММ-нің маманы                                                                          

0 пікір