Күмәнді қайырымдылық қорлары бізді қайда апарады?
Күмәнді қайырымдылық қорлары бізді қайда апарады?
11.09.2026
318
0

Ислам діні – өзгеге жәрдем беруге шақыратын жарлы мен жақыбайлыны теңестіретін дін. Алла Тағала адамдар арасында теңдік орнатып бір-біріне көмек қолын созып қарайласуға үндеген. Халқымызда: «Оң қолыңның бергенін сол қолың білмесін» дейді. Алла жолында берілген әрбір затты – садақа деп атайды. Мейлі ол қаржылай, заттай, тіпті төрт түліктен берілсе де. Садақаның үлкен кішісі болмайды. Бастысы мұқтаж адамға дер кезінде ықыласпен берілсе болғаны. Құран Кәрімнің көптеген аяттарында садақа беру туралы баяндалыпты. Жаратушы біздерге мал-мүлік беріп, берген нығметке шүкіршілік ретінде Алла разылығы үшін белгілі бір мөлшерін мұқтаждарға беру керектігін ескертеді. Бұл туралы Зарият сүресінің 19 - аятында: «Олардың қолындағы мал-пұлдарында садақа тілеген міскіндер мен садақадан мақұрым қалған кедейлердің де ақысы бар» екендігін айтады. Осы себептен болар, бұрыңғы дәулетті адамдарының «байдың малында кедейдің де ақысы бар» деген сөзді берік ұстанып, өзіне қарасты бұқараны тоқтықта ұстағаны.

         Ислам дінінде – жария садақа, құпия садақа деген екі түрі бар. Көпшілікті жақсылық жасауға үндейтін мектеп салу, көпір салу, жол салу секілді өзге мұсылмандарды ынталандыру мақсатында жасалатын сауапты іс. Ал екіншісі  – жоғарыда жазған оң қолыңның бергенін сол қолың білмесін деген жария етіп жасалмайтын жан садақасы. Мұндай садақа берудің жасалу жолы әр халықта әр түрлі. Мәселен қазіргі уақытта мәнін дұрыс түсінбесе де талға ақтық байлау дәстүрі. Салтан Сайранұлы есімді дінтанушы https://islam.kz/ парақшасында мынадай мәлімет келтіреді. Кезінде сол ақ шүберектің ішіне ақша байлап түйіндеген екен. Кедей-кепшік не өткен жолаушы болса сол жерден керегін алып тұрған екен. Ал Осман мемлекетінде қала ортасына балбал тас орнатып тиын түсетіндей ойық орнатқан екен. Садақа бергісі келген адам сол жерде жан қалтасынан тиын тастап, мұқтаж адам қажет мөлшерін алған. Бастысы ол садақаны кім тастап жатқаны белгісіз.

Қазіргі таңда қайырымдылық мақсатында қаражат жинау әлеуметтік желілер мен мобильді қосымшалар арқылы да жүзеге асырылады. Мысалы  Kaspi.kz қосымшасын пайдалану арқылы халықтан ақша жинау белең алған. Instagram әлеуметтік желісі арқылы Палестина тұрғындарына көмек, Африкадағы ауыз суға мұқтаж жандарға құдық қазуға, шетелге барып ем қабылдауға көмек деген сияқты жарнаманың түрі көбейіп кеткені ақиқат. Тіпті кейбір әлеуметтік желі қолданушылары адамдардың эмоциясымен ойнап «бұл видеоны елемей өткізіп жібергендер күнаға қалады» деп ақшалай көмектесуді мәжбүрлі түрде жасауды шығарды. Әрине, шын мәнінде ауырып имплантация жасатуға қаражаты жетпей қиналып жүргені баршылық. Ал бірақ барлығы болмаса да ішінара алаяқтықпен айналысатындар да бар. Мұны бізге Перизат Қайрат ісі көрсетті. 2021-2024 жылдар аралығында «Biz Birgemiz Qazaqstan 2030» қоры арқылы халықтан бірнеше рет қаражат жинап мүгедек балдарға арналған оңалту орталығын салуға, Палестина тұрғындарымен елімізде су тасқынынан зардап шеккен жандарға көмек деп халықтан қаражат жинаған. Нәтижесінде қайырымдылық қордың арты атышулы алаяқтық іске ұласты. Жалпы жымқырылған қаражат көлемі 3,5 миллиард теңгені құрады. Бұл әрине алаяқтық. Сот Перизат Қайратты 10 жылға, қылмысқа қатысты деп танылған анасы Ғайни Алашбаеваны 7 жылға бас-бостандығынан айыруға жаза кесті.

 Ал кейде мұндай күмәнді қорларға ақша жинау, жылу беру іс-әрекеттерінің артында қылмыстық топ жасырынып жатуы мүмкін екенін ескертеміз. Ашық дереккөздер мен сот материалдарында «Ансар» қайырымдылық қорының қызметіне байланысты терроризмді қаржыландыру фактілері бойынша қылмыстық істер қаралғаны туралы мәліметтер кездеседі. Сондықтан шетелдік немесе қызметі түсініксіз қорларға қаражат аударғанда олардың заңдылығы мен қаржысының қайда жұмсалатынын мұқият тексеру маңызды.

Мұндай күмәнді қайырымдылық қорларға біле тұра қаржы аударатын болсаңыз қылмыстық жауапкершілікке тартылуыңыз мүмкін. Себебі ҚР Қылмыстық кодексiнің 258-баптың 1 бөлігінде былай жазылған: «Террористiк немесе экстремистiк әрекетті қаржыландыру және терроризмге не экстремизмге өзге де дем берушілік». Жеке тұлғаға не адамдар тобына не заңды тұлғаға олардың қызметінің террористiк немесе экстремистiк сипатын не берілген мүлік, көрсетілген ақпараттық, қаржылық және өзге де қызмет түрлері террористік немесе экстремистік әрекетті жүзеге асыру не террористік немесе экстремистік топты, террористік немесе экстремистік ұйымды, заңсыз әскерилендірілген құралымды қамтамасыз ету үшін пайдаланылатынын көрінеу білген адам жасаған, ақшаны және (немесе) өзге мүлiктi, мүлiкке құқықты немесе мүлiктiк сипаттағы пайданы беруі немесе жинауы, сондай-ақ сыйға тартуы, айырбастауы, қайырмалдығы, қайырымдылық көмегі, ақпараттық және өзге де қызмет түрлерiн көрсетуі не қаржылық қызметтер көрсетуі – мүлкі тәркіленіп, 5 жылдан 9 жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Құрметті оқырман қайырымдылық садақа жасар кезде өте сақ болғаныңыз жөн. Қайырымдылық жасамас бұрын қаражат сұрап отырған ұйымның немесе тұлғаның заңдылығына, реквизиттеріне, қызметінің ашықтығына және жиналған қаражаттың мақсатты жұмсалуы туралы есептілігіне назар аударған жөн. Әсіресе әлеуметтік желі арқылы тараған эмоциялық үндеулерге асығыс сенбей, ақпаратты ресми дереккөздер арқылы тексеру маңызды. Қайырымдылық – ізгі амал. Алайда ізгі ниет күмәнді тұлғалар мен ұйымдардың құралына айналмауы тиіс».

 

 Қ.Қосмаханов

 

 

Түркістан облысы дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

маманы                                                                                   

0 пікір