Сапалы білім – саналы ұрпақтың негізі
Сапалы білім – саналы ұрпақтың негізі
04.09.2026
162
0

Бүгінгі жас – ертеңгі маман ғана емес, елдің қоғамдық, мәдени және рухани дамуына ықпал ететін азамат. Сондықтан жас ұрпаққа сапалы білім берумен қатар, оның бойына адамгершілік, жауапкершілік, еңбекқорлық, отансүйгіштік сияқты қасиеттерді сіңіру – уақыт талабы. Білім адамға мүмкіндік берсе, тәрбие сол мүмкіндікті дұрыс бағытта пайдалануға жол көрсетеді. Осы тұрғыдан алғанда, сапалы білім мен саналы тәрбие – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар. 

Қазіргі кезде білімнің маңызы бұрынғыдан да арта түсті. Ақпарат көлемі көбейіп, технология күн сайын жаңарып жатқан заманда жастардың тек ақпаратты білуі жеткіліксіз. Олар алған мәліметін саралап, пайдалысы мен зиянын ажырата алатын, өз ойын дәлелді жеткізетін, өз бетінше ізденіп, шешім қабылдай алатын тұлға болуы қажет. Әсіресе әлеуметтік желілер мен интернет кеңістігінде әртүрлі ақпараттың қатар таралуы жастардан сыни ойлауды және ақпараттық сауаттылықты талап етеді. Демек, бүгінгі сапалы білім – тек оқулықтағы біліммен шектелмей, өмірлік дағды мен жауапты шешім қабылдай білу қабілетін де қалыптастыруы тиіс.

Алайда білімнің өзі адамды толыққанды тұлға етуге әрдайым жеткіліксіз. Оның жанында тәрбие болуы қажет. Халқымыздың «Білімдіге дүние жарық, білімсіздің күні ғаріп» деген сөзі білімнің қадірін көрсетсе, «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деген ұстаным тәрбиенің адам өміріндегі орнын аңғартады. Яғни жас адамның қалыптасуына мектептегі біліммен бірге отбасы, ұстаз, достық орта және қоғам әсер етеді. Саналы ұрпақ тәрбиелеу – бір ғана білім беру мекемесінің емес, ата-ана мен ұстаздың, қоғамдық ортаның ортақ міндеті. Бұл ретте ұстаздың орны ерекше. Ұстаз – шәкіртке пән үйрететін маман ғана емес, оның дүниетанымының қалыптасуына ықпал ететін тұлға. Ұстаздың айтқан сөзі, көрсеткен өнегесі мен шәкіртке деген қарым-қатынасы жас адамның өмірлік ұстанымына әсер етуі мүмкін. Сондықтан халқымыздың ұстазды құрметтеп, «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» деп бағалауы бекер емес. Ұстазға құрмет – белгілі бір адамға ғана көрсетілетін сыйластық емес, білімге, еңбектің қадіріне және ағартушылыққа деген құрмет. Ал шәкірттің ұстазын тыңдап, еңбегін бағалап, алған білімін өмірде дұрыс қолдануы – сол құрметтің нақты көрінісі.

Білім мен тәрбие мәселесінде дін мен дәстүрдің де өзіндік орны бар. Ислам дінінде білім алуға, ізденуге және пайдалы ілім үйренуге ерекше мән беріледі. Құранның алғашқы түскен аяттарының «Оқы!» деген сөзбен басталуы – білімнің адам өміріндегі маңызын айқын көрсетеді. Сонымен бірге исламда ата-ананы сыйлау, үлкенді құрметтеу, кішіге ізет көрсету, адал еңбек ету, қоғамға зиян келтірмеу секілді құндылықтар кеңінен насихатталады. Бұл ұстанымдар қазақ халқының дәстүрлі тәрбиесімен де үндеседі. «Үлкенге құрмет, кішіге ізет», «Ата көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деген сөздер ұрпақ тәрбиесінің ұлттық негізін көрсетеді.

Дін мен дәстүр сабақтастығын дұрыс түсіну жастардың рухани иммунитетін қалыптастыру үшін де маңызды. Өзінің мәдениеті мен ұлттық құндылықтарын білетін, сонымен қатар діни сауаты қалыптасқан жас әртүрлі теріс идеологиялар мен жалған ақпаратқа сын көзбен қарай алады. Сондықтан жастарға білім беру барысында ұлттық тәрбие мен діни сауаттылықты, зайырлы қоғам қағидаттарын және жалпыадамзаттық құндылықтарды өзара үйлесімді түрде түсіндіру қажет.

Сапалы білім алған жас өзінің қоғам алдындағы жауапкершілігін де сезінуі тиіс. Азаматтық жауапкершілік – тек заң талаптарын орындаумен шектелмейді. Ол өз ісіне жауап беру, адал еңбек ету, қоғамдық тәртіпті сақтау, өзгенің құқығын құрметтеу, қоршаған ортаға жанашырлық таныту және елдің дамуына өз үлесін қосу арқылы көрінеді. Жастардың білім алып, мамандық меңгеруі – жеке басының жетістігі ғана емес, мемлекет дамуына қосылған үлес. Өйткені бүгінгі студент – ертеңгі дәрігер, мұғалім, инженер, кәсіпкер, мемлекеттік қызметші немесе қоғамның басқа да салаларында еңбек ететін маман. Сондықтан әр жас өзінің бүгінгі таңдауының ертеңгі нәтижеге әсер ететінін түсінуі керек. Уақытты тиімді пайдалану, білімге ұмтылу, кітап оқу, жаңа дағдыларды меңгеру, еңбек ету және өзін-өзі дамыту – келешек алдындағы жауапкершіліктің бір көрінісі. Болашақты біреу сырттан жасап бермейді. Оны бүгінгі ұрпақтың білімі, тәрбиесі, еңбегі мен азаматтық ұстанымы қалыптастырады.

Қорыта айтқанда, сапалы білім – саналы ұрпақ қалыптастырудың берік негізі. Бірақ білім тәрбиемен, тәрбие өнегемен, өнеге жауапкершілікпен ұштасқанда ғана өзінің толық мәнін табады. Ұстазын құрметтеген, ата-анасын сыйлаған, ұлттық және рухани құндылықтарын бағалаған, заман талабына сай білім алуға ұмтылған жас – қоғамның сенімді тірегі. Сондықтан сапалы білім беру мен саналы ұрпақ тәрбиелеу – бүгінгі күннің ғана емес, келешек алдындағы ортақ жауапкершілігіміз. Білімді, тәрбиелі әрі жауапты ұрпақ қалыптастыру арқылы біз елдің ертеңіне сенімді негіз қалаймыз.

   

 Қ.Мырзабай   

                             

Түркістан облысының дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»

КММ-нің  бөлім маманы                                                            

0 пікір