Діндегі білімнің орны
Діндегі білімнің орны
28.08.2026
204
0
Қоғам арасында «дін адамды қараңғылыққа жетелейді», «дін білім мен ғылымға жеткілікті деңгейде мән бермейді» деген секілді пікірлер жиі айтылып жүр. Шын мәнінде, бұл пікірлер қаншалықты шындыққа жанасады? Дін білім мен ғылымға шынымен де мән бермей ме? Осы мәселеге кеңірек тоқталып, аталған пікірлердің қаншалықты негізді екенін қарастырып көрсек.
Ислам – білім мен ілімді аса жоғары бағалап, оны әрбір мұсылман үшін маңызды міндет ретінде қарастыратын дін. Адамзаттың ақиқатқа ұмтылып, дүниенің сырын тануы, пайдалы білім игеруі – Ислам тағылымының негізгі бағыттарының бірі. Сондықтан дінде білімге деген осындай ерекше құрметі оның адамды надандыққа емес, керісінше, ізденіс пен танымға жетелейтінін көрсетеді.
Мұхаммед Пайғамбар (с.а.с.) хадис-шәріптерінің бірінде: «Білім алу – әрбір мұсылман ер мен әйелге парыз», – делінсе, тағы бір хадисінде: «Тал бесіктен жер бесікке дейін білім үйрен», – деп насихат айтылған. Бұл өсиеттер мұсылман адамның білімге деген ұмтылысы өмірінің соңына дейін жалғасуы керектігін аңғартады.
Құранның адамзатқа түскен алғашқы аятының «Иқра!» – «Оқы!» деген әмірмен басталуының өзі Ислам дінінде білім мен ілімнің қаншалықты биік мәнге ие екенін аңғартады. «Оқы!» деген бір ауыз сөздің астарында адам баласын сауат ашуға ғана емес, ізденуге, ойлануға, тануға және жаратылыстың сырын зерделеуге үндейтін терең мағына жатыр.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйінін тарқатар болсақ, қоғам арасында жиі талқыға түсетін «дін адамды қараңғылыққа жетелейді» немесе «дін білім алуға шақырмайды» деген жаңсақ пікірлердің негізсіз екеніне көз жеткізуге болады. Өйткені діннің өзі адамды білім іздеуге, ғылым үйренуге үндейді. Ал дінді терең бойына сіңірген Абай Құнанбайұлы да өз шығармаларында білім мен ғылымның адам өміріндегі маңызын айрықша дәріптеген.
Сондықтан әрбір естіген сөзге көзсіз ермей, діни біліммен қатар заманауи ғылымды да меңгеруге ұмтылғанымыз жөн. Себебі білімді ұрпақ қана саналы қоғамның қалыптасуына және елдің өркендеуіне өз үлесін қоса алады.
Түркістан облысы дін істері басқармасының "Дін мәселелерін зерттеу орталығы" КММ теолог маманы Н.Әмзеев
0 пікір