Діни сенім бостандығы және азаматтық жауапкершілік
Діни сенім бостандығы және азаматтық жауапкершілік
07.09.2026
298
0

Діни сенім бостандығы – құқықтық мемлекеттің басты құндылықтарының бірі. Әр адамның белгілі бір дінді ұстануға, діни көзқарасын еркін қалыптастыруға немесе ешқандай дінді ұстанбауға құқығы бар. Бұл – адамның ар-ождан еркіндігінің көрінісі. Алайда кез келген құқық секілді діни сенім бостандығы да азаматтық жауапкершілікпен, өзгенің құқықтары мен бостандықтарын құрметтеумен және заң талаптарын сақтаумен қатар жүреді.

2026 жылғы 15 наурыздағы республикалық референдумда қабылданып, 1 шілдеден бастап күшіне енген Қазақстан Республикасының Конституциясында еліміздің демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтік мемлекет екені бекітілген. Конституцияның 25-бабына сәйкес, әр адамның ар-ождан бостандығына құқығы бар. Сонымен қатар ар-ождан бостандығын пайдалану жалпыадамзат пен азамат құқықтарын, мемлекет алдындағы міндеттерді шектемеуге тиіс.

Зайырлылық – дінді теріске шығару емес. Ол мемлекет пен діннің өзара қарым-қатынасын құқықтық негізде реттеп, түрлі діни көзқарастағы азаматтардың заң алдында теңдігін қамтамасыз ететін қағидат. Қазақстан Республикасының

«Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңында мемлекет дін мен діни бірлестіктерден бөлінгені, ал азаматтардың дінге көзқарасына қарамастан заң алдында тең екені айқындалған. Сондай-ақ ешбір дін мемлекеттік немесе міндетті дін ретінде белгіленбейді.

Халқымыз «Бірлік бар жерде – тірлік бар» дейді. Бұл нақыл түрлі дін мен дүниетаным өкілдері қатар өмір сүретін қоғам үшін айрықша мәнге ие. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Дін істері комитеті 2026 жылғы 14 шілдеде діни сала бойынша II тоқсанның жаңартылған ресми деректерін жариялады. Комитеттің ресми парақшасында елімізде 452 миссионер тіркелгені, оның 417-сі шетел азаматы, 35-і Қазақстан Республикасының азаматы екені көрсетілген. Сонымен бірге 2026 жылдың II тоқсаны бойынша тіркелген діни бірлестіктер, ғибадат ғимараттары және діни білім беру ұйымдары жөніндегі ашық деректер жаңартылған.

Діни сенім бостандығының азаматтық жауапкершілікпен тоғысатын маңызды тұсының бірі – діни ақпаратты қабылдау және тарату мәдениеті. Қазіргі уақытта әлеуметтік желілер мен мессенджерлер кез келген ақпаратты санаулы секундта мыңдаған адамға жеткізуге мүмкіндік береді. Алайда интернеттегі әрбір діни парақша – ресми ақпарат көзі емес, ал өзін дін маманы немесе уағызшы ретінде таныстырған әр адам – білікті маман бола бермейді.

Сондықтан діни мазмұндағы ақпаратты тыңдамас, қабылдамас немесе өзгеге таратпас бұрын оның дереккөзін, авторын және мазмұнын саралау маңызды. Қазақтың «Жеті рет өлшеп, бір рет кес» деген нақылы бүгінгі ақпараттық кеңістікке де тікелей қатысты. Ойланбай жасалған бір әрекет, тексерілмеген ақпаратты тарату немесе күмәнді діни контентті насихаттау белгілі бір жағдайда құқықтық салдарға әкелуі мүмкін.

ҚР «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заңның 8-бабында миссионерлік қызметті жүзеге асыру тәртібі, ал 9-бабында діни әдебиет пен діни мазмұндағы өзге де ақпараттық материалдарды таратуға қатысты талаптар белгіленген. Заңның негізгі міндеттерінің қатарында ар-ождан бостандығына құқықты қамтамасыз ету, діни нанымды мәжбүрлеп таңуға жол бермеу, конфессияаралық бейбітшілік пен келісімді нығайту және зайырлы мемлекеттік құрылысты сақтау көзделген.

Бұл ретте «маған біреу жіберді», «мен тек бөлістім» немесе «бұл – менің жеке сенімім» деген түсініктер адамның ақпаратқа деген жауапкершілігін жоққа шығармайды. Діни сенім – адамның жеке таңдауы, ал көпшілікке ақпарат тарату – қоғамдық сипаттағы әрекет. Сондықтан әр азамат өзінің сөзіне, әлеуметтік желідегі жазбасына және таратқан ақпаратына саналы түрде қарауы қажет.

Азаматтық жауапкершілік тек заң бұзбаумен шектелмейді. Ол – өзгенің сеніміне құрметпен қарау, діни алауыздыққа жол бермеу, күмәнді ақпаратты таратпау, арандатушы мазмұннан сақтану және діни мәселелер бойынша ресми әрі білікті мамандарға жүгіну мәдениеті.

Қоғамдық тұрақтылық тек заң нормаларымен емес, азаматтардың өзара құрметі мен саналы әрекеті арқылы қалыптасады. Діни сенім бостандығы адамға өз дүниетанымын еркін таңдауға мүмкіндік берсе, азаматтық жауапкершілік сол еркіндікті қоғамның тыныштығына, өзгенің құқығына және заң талаптарына нұқсан келтірмей жүзеге асыруды талап етеді.

Сенім – әр адамның жеке таңдауы. Заңды сақтау – баршаға ортақ міндет. Ал өзара құрмет пен жауапкершілік – қоғамдық келісім мен тұрақтылықтың берік негізі.

 

 А.Дүйсен

 

Түркістан облысының дін істері басқармасының

«Дін мәселелері зерттеу орталығы» КММ-нің

бөлім басшысы                                                                                       

0 пікір