Жеті шелпек – сан ба, салт па?
Жеті шелпек – сан ба, салт па?
14.09.2026
504
0

Жеті шелпек – халқымыздың дәстүрлі ғұрыптарымен байланысты, садақа ниетімен таратылатын ұлттық тағам түрі. Бұл дәстүр әр өңірде «жеті нан», «жеті күлше», «жеті шелпек» деген атаулармен танылған. Атауы әртүрлі болғанымен, түпкі мәні ортақ – жақсылық тілеу, марқұмдарды еске алу және садақа беру ниетімен жасалатын ғұрып. Ол халқымыздың дәстүрлі дүниетанымы мен рухани құндылықтарынан орын алған.

Шелпек пен бауырсақ пісіру халқымызда ертеден қалыптасқан «май қоңырсыту», «иіс шығару» сияқты көне ұғымдармен тығыз байланысты. Оның түпкі мәні дәнді дақылдардан тағам әзірлеген кезде тараған хош иістен әруақтар да қоректенеді деген көне наныммен байланыстырылады.        

Ендеше, жеті шелпекке қатысты бір мәселеге тоқталып өтейік. Мұндағы «жеті» жай ғана сандық ұғым ба, әлде өзіндік мәні бар дәстүрлік ұғым ба? Оның шығу төркініне қатысты халық арасында бірнеше нұсқа бар. Тарих қойнауына үңіліп, осы дәстүрдің қалыптасу жолына тоқталып өтсек, жеті шелпекке қатысты бірнеше түрлі нұсқаны кездестіруге болады.

Ел аузындағы деректерге сүйенсек, бұл ғұрып әуелде жеті әулиеге бағышталып жасалған деген түсінік бар. Алайда уақыт өте келе оның мән-мазмұны өзгеріп, халықтың тұрмыс-тіршілігі мен дүниетанымына қарай түрлене түскен. Соған қарамастан, жеті шелпек дәстүрі бүгінгі күнге дейін өз жалғасын тауып, халық жадында сақталып келеді.

Келесі бір деректерде жеті шелпектің қасиеті мен киесін аңшы жігіттің әрекетімен байланыстыратын ел арасында мынадай аңыздардың бірі сақталған.

Ертеде аңшылықты кәсіп еткен бір жігіт тау-тасты көп кезіп, аң-құс аулап күнелтіпті. Аң аулаумен қатар, жолай кезіккен құстардың жұмыртқаларын да жинап, үйіне әкеліп, балаларына таттырып отырған екен. Аңшылық сапарлары кейде бірнеше күнге созылып, елден жырақта, тау қойнауын кезіп ұзақ жүретін көрінеді. Бір күні кезекті сапарына дайындалып жатқан аңшы түс көріп, әлдебір үреймен оянады. Көрген түсінің мәнін өзі де түсінбегенімен, көңіліне алаң ұялапты. Ертеңіне жолға шығар алдында әйеліне жеті шелпек пісіріп, елге таратып беруді тапсырады. Аңшы жолға шығып, тау ішін аралап жүріп, қыранның ұясына кезігеді. Ұядағы жұмыртқаларды көріп, оларды да алып кетеді. Ал аңыз бойынша, қыран бұған дейін ұясын тауға аманаттап, жемтік іздеп ұшып кеткен екен. «Ұяма бөтен біреу жақындаса, маған хабар бер. Жұмыртқаларымды қорға», деп қыран тауға өтініш айтыпты. Арада біраз уақыт өткен соң, қыран ұясына қайта оралып, жұмыртқаларының жоғалғанын көреді. Қатты налып, таудан мән жайды сұрайды. «Сендерге ұямды аманаттап, қорғауды тапсырмап па едім? Жұмыртқаларымды кім алды?» дейді. Сонда тау: «Қорғауға да, хабар беруге де ниет еттік. Бірақ жеті жағымыздан жеті күш қысып, орнымыздан қозғалуға мұрша бермеді», деп жауап берген екен. Ел арасында сақталған бұл аңыз жеті шелпек дәстүрінің шығу төркінін түсіндіретін нұсқалардың бірі.

Жеті шелпек тарату дәстүрінің қазақ арасында кеңінен орнығуы ХХ ғасырдың орта шеніне, нақтырақ айтқанда 1950-1960 жылдарға сәйкес келеді. Әсіресе ұннан жасалатын тағам түрлері күнделікті тұрмыста кең қолданылған Оңтүстік Қазақстан өңірі мен Сырдария бойында бұл ғұрып кең таралып, халықтың дәстүрлі тұрмыс-тіршілігіне сіңісті.  

Қазақ ұлтының қай қырынан қарасақ та, ислам дінінің шариғат талаптарына сай келмейтін бір салты мен дәстүрі жоқ. Қандай да бір салт пен дәстүрдің арқасынан Құран аяттарының үкімі мен Пайғамбар Мұхаммедтің (с.а.с.) хадисі немесе сүннеті шығатыны белгілі.  Бұл жайында Алла Тағала Құран Кәрімде: «Сендер қандай қайыр-садақа берсеңдер де, өздерің үшін, Алланың разылығы үшін ғана бересіңдер», – деген («Бақара» сүресі, 272-аят). Пайғамбар (с.а.с.): «Әрбір жақсы іс – садақа», – деген хадисі бар. Алла елшісі тағы бір хадисінде: «Бауырыңа күлімсіреп қарау да – садақа»«Жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыю да – садақа», – деген. Тіпті жол сұраған адамға жол көрсету де садақаға жатады.     

Қазақ халқы әрдайым садақа беруге аса мән берген. Халқымызда «Малым – жанымның садақасы, жаным – арымның садақасы» деген аталы сөз бар. Демек, малды жан үшін, жанды арым үшін құрбан етудің астарында зор мағына жатыр. Ата-бабаларымыздың садақаға деген көзқарасының соншалықты берік болғанын осыдан-ақ байқаймыз. Қазақ халқы қашан да жетім мен жесірге, мұқтаждарға садақа беріп, сол арқылы Ұлы Жаратушыға шүкір еткен болатын.    

Қорыта келе, ата-бабадан неше түрлі аңыз жолмен жеткен жеті шелпек дінге қайшы келмейтін садақа ретінде тарқатылатын дәстүрлердің бірі. Жеті шелпек тарату дәстүрін өздігінен ширк деп бағалау дұрыс емес. Себебі мұнда негізгі мәселе – адамның ниеті мен сенімі. Егер адам шелпекті Алла разылығы үшін садақа ретінде таратып, сауабын дүниеден өткен жақынына бағыштаса, ол әруақтан медет тілеу болып саналмайды. Исламда марқұмға дұға жасау, садақа беру және оның сауабын бағыштау ұғымдары бар. Сондықтан жеті шелпек таратудағы мақсат Алладан өзге біреуден жәрдем сұрау емес, садақа жасау және оның сауабын марқұмға бағыштау болса, оны ширкке шығаруға негіз жоқ.   

Н.Әмзеев

«Ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын

ұйымдастыру» бөлімінің маманы                                                             

0 пікір