Ұлттық құндылықтар халықтың иммунитеті
Ұлттық құндылықтар халықтың иммунитеті
31.05.2021
627
0

Бүгін біз біреу ғарышта тұруға тапсырыс берді, бір компания күн сәулесімен жүретін, ұшатын аппарат жасап шығарды, дәл осы сияқты жоғары технологиялық өнімді ұсынды десе, ешкім таңқалмайтын заманда өмір сүріп жатырмыз.

Расында, мемлекет үлкен бір отбасы болса, отбасы – кіші мемлекет. Яғни, адам жасушалардан құралатын болса, ел де отбасылардан құралмақ. Адамның бір жасушасына бір қауіпті микроб кіріп, сол жер дендейтін болса ол бүкіл денеге əсерін тигізеді. Пайғамбарымыз мұсылмандардың бірлігін осыған ұқсатады. Сол ауырған жерді емдеп жазғанға дейін бүкіл он екі мүше мазасызданады. Ал, тіпті, оған да көндігіп жүре беретін болса, сол бір жасушаға түскен микроб барлық жасушаларға тарауы мүмкін. Ендеше, қазіргі заманда біздің халіміз де осыған ұқсайды. Елдің көптеген жасушаларына микроб түскен. Сол микробтың бірі батыстан келген. Яғни, Америка мен Еуропадан келген індеттер. Жаһандану да соның бірі. Бүгінгі жастар сол жаққа көп еліктейді. Олардың ғылымына еліктесе бір сəрі. Өкініштісі, талғамсыздық талай жасты тығырыққа тіреп, тұңғиыққа батыратыны. Сол жастар туралы қоғамда сауал тастай қалсаң, ата-аналар мұғалімді, ал мұғалімдер ата-аналарды кінəлай жөнеледі. Соның салдарынан қазіргі таңда мектеп жастары арасында өз-өзіне қол жұмсау əрекеті де жиі кездесіп жатады. Ал мұндай індет батыс мəдениетінің салқыны. Ислам əлемінде өз-өзіне қол жұмсау қылмыстарының, əртүрлі адамзат бойына тараған дерттің өте сирек кездесетінін ешкім жоққа шығара алмайды. Біз кешегі əл-Фарабидің, бергісі əулие Бекет ата, батыр, өжет Махамбеттердің ұрпағы едік. Олар қазір ғайыптан қайта тірілсе мына біздерді ұрпағымыз дер ме еді?! Əрі елімізде біздің рухымызға жат діни секталар да сол індеттердің бірі. Екінші бір індет шығыстан келіп күннен күнге белең алуда. Бұл, əрине, халықты ислам дінінен бездірмек болған радикалдық діни ағымдар ылаңы. Олардың да басым көпшілігін жастар құрайды. Бұл ағымдағылардың, басқа мəселелерін былай қойғанда, «уақытша неке» дегендерінің өзі үлкен «жарылыс» қой. Бүгінде солардан əкесіз сəбилер дүниеге келуде. Ертең сол сəбилер ересек болғанда, олардың тағдырына кім жауапты, көкейін тескен сауалдарына кім жауап береді? Бұл буын надандардың сауатсыздықтарынан туындаған жарылыстардың құрбандары болмақ.

Шын мәнінде бұл микробтардың бастауы діни білім алудағы және отбасыдағы ата-ананың тәрбие берудегі салақтығының салдарынан деп айтуға әбден негіз бар.

Сондықтан, отбасының қоғамда рөлі аса зор. Қазақ «ештен кеш жақсы» деген. Əлі де кеш емес. Елдегі «жасуша» отбасылардың иммунитеті күшейетін болса көп ұзамай жеңіп шыға алады.

Біз әр қайсымыз қазіргі таңда өзіміз, отбасымыз және еліміздің қамы үшін сақтық шараларын жасаумыз керек. Сақтану үшін, отбасындағы тәрбиеге аса қатты мән беруіміз міндетті. Бұдан бөлек қазіргі заманның талабы білімді ұрпақ тәрбиелеу. Қазіргі уақыттағы келеңсіздіктердің көпшілігі, жастарымыздың өзі білмейтін іске білімсіз бас сұғуының салдарынан болып отыр. Біз сол үшін еліміздің, жеріміздің қауіпсіздігі мен тәуелсіздігіміздің баянды болуы және болшақ ұрпақтың жолында, аянбай білім алып, еңбек етуіміз міндет. Құранның ең алғашқы бұйрығының «Оқы!» деп келуінің өзі, білім алудың маңыздылығын көрсетіп тұр. 

 Кешегі біздің ата-бабаларымыз осы жеріміздің, сіздер мен біздер сияқты әрбір қазақтың баласы үшін басынан қанша қасірет, небір нәубет кешіргені тарихтан белгілі. «Қарап тұрсақ, бұл дүниеде қазақ көрмеген қасірет аз сияқты. Отырар ойранын, дербес Орда тіктеген дәуірлердегі қиғылық жылдарды айтпағанда, екі ғасырға созылған жоңғар шапқыншылығы, Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама, екі жарым ғасырдан астам дерлік орыс бодандығы – халқымыздың бүгінгі ақжолтай азат күндерге келер жолдағы бастан кешкен азабы, тартқан қасірет-тауқыметінің қара жерден де ауыр екендігін айғақтайды».

Ата-бабаларымыз не бір қилы замандарды көрді. Әуелі Ұлы Жаратушының қалауымен кейін кешегі дүниеден ата-бабаларымыздың арқасында осындай, бейбіт елде, тыныш заманда, еркін білім алып, рухани жетілуімізде қарқынды даму үстінде, бұның барлығы бір тыныштықтың арқасында.

Сөзіміздің түйіні мемлекетіміздің тәуелсіздігін баянды ету жолында әлеуметтік, саяси-экономикалық факторлар ғана шешуші рөл атқарып қоймайды. Қазақстан халқының рухани һәм діни түсінігінің біртұтастығы да аса маңызды саналады. Арманымыздың асқары, бақытымыздың бастауы болған Тәуелсіз еліміздің тірегі – татулық, бірлік, өзара келісім. Біз «бірлік бар жерде тірлік бар» деген текті бабалардың ұлағатын санаға сіңірген ұрпақпыз. Мемлекет басшысының дәстүрлі Жолдауында айтылған негізгі ой, ортақ идея осыған саяды.

 

 Түркістан облысы дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

Мақтаарал ауданындағы дінтанушы маман        Д.Аманов

 

 

 

0 пікір