Туған жер – тұғырың
Туған жер – тұғырың
28.07.2022
926
0

Тұңғыш Президентіміз Н.Назарбаевтың тарихи құжатқа айналған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «...Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында еңбектеп, қаз басқан қасиетті мекені, талай жанның өмір-бақи тұратын өлкесі. Оны қайда жүрсе де жүрегіміз әлдилеп өтпейтін жан баласы болмайды» - деп туған жердің қасиетіне ерекше тоқталады.

 Расында, сонау ел басына күн туған зар заманда ата-бабаларымыз туған жердің топырағын бір иіскеу үшін айшылық жерден ат арытып келген. Әйгілі Бейбарыс бабамыз шетте жүріп, туған елін сағынған шағында әрдайым туған елден алдырған жусанды искеп, туған жерге деген сағынышын басқан екен. Сондықтан, әрбір азамат қайда жүрсе де жүрегінің түбінде туған жерге деген құрметін сақтау керек.

Тәуелсіздік жылдарында елге оралған қандастарымыздың атажұртқа қайта оралып, туған жерге ту тігуі елге, жерге деген зор махаббаттың белгісі. Біз алыстан ата жұртын аңсап келген ағайындарға зор құрметпен қарауымыз керек. Тәуелсіз Отанымыз Қазақстан деген елде бақытты өмір сүріп жатқан елміз. Алланың нұрына бөленген бақытты халықтардың біріміз. Әлемде тәуелсіздікке қол жеткізу үшін ғасырлар бойы күресіп келе жатқан халықтар бар. Солардың көпшілігі үшін азаттық таңы қол жетпес үлкен арманға айналып отыр. Әрбір Қазақстан азаматы елдің игілігіне, бірлігіне қызмет етіп, тәуелсіз елдің азаматы екендігімізді зор мақтан тұтуымыз керек. БҰҰ-ның төріне шығып, Қауіпсіздік Кеңесіне төрағалық етуіміз осы ел азаттығының жемісі.

Қоршаған ортасына, ата-анасына, туған-туысына деген ыстық ықылас Отанға деген сүйіспеншілікке ұласса, ол адамның рухани деңгейінің биіктігі. Ұлтымыздың әйгілі шешені  Қазыбек би: «Алтын ұяң – Отан қымбат... Туып өскен елің қымбат, кіндік кескен жерің қымбат», - деп туған жердің қасиетін ерекше бағалаған.

Сондықтан әрқайсымыз Отанымызды ардақ тұтып, оның тарихын жете білуіміз керек. Және де жас ұрпақтың бойына ел тарихын, шежіресін сіңіру аға ұрпақтың басты міндеттерінің бірі болып табылады.

Несін жасырамыз, әлі де болса арамызда жеті атасын білмейтін егде адамдар бар. Шежіре білу рушылдық емес, тектілік болып табылады. «Жеті атасын білген жеті рудың қамын жер», - деп ата-бабаларымыз бекер айтпаған ғой.

Бауыржан Момышұлы: «Опасызда - Отан жоқ» деген екен. Отанын, салт-дәстүрін, ұлттық құндылықтарын тәрк етіп, басқаның жетегінде кетіп жатқан жастарымыз да  кездеседі. Біздің ортамызға от тастап, бірлігіміздің шырқын бұзуға тырысатын сыртқы күштер бар екендігін ұмытпағанымыз жөн. Қазақ дінге, тілге бөлінбеу керек. Бұл баяғыдан келе жатқан «Бөліп ал да, билей бер» деген шеттен келген басқыншылардың  тәсілі. «Біріңді қазақ бірің дос, көрмесең істің бәрі бос», - деп айтқан хакім Абайдың даналығын  бүкіл қазақ ту етіп ұстағаны абзал.

Ислам діні туған жерді, Отанды ардақтауға шақырады. Пайғамбар Мұхаммед (с.а.с.): «Отанды сүю – иманнан», - деп бекер айтпаған.

Ислам  бес нәрсені – Отанды, дініңді, ар-намысыңды, жаныңды, дүниеңді көздің қарашығындай сақтауға шақырады.

Отанға, туған   жерге деген құрмет отбасынан бастау алады. Алла Елшісі бір хадисінде: «Басшы еліне, отағасы жанұясына, малшы малына жауапты. Әркім өз қарамағындағылардан сұраққа тартылады», - деп ата-ананың ұрпақ алдындағы міндетін айрықша айқындап айтқан. 

Егемендігіміздің арқасында елімізде қаншама кәсіпкерлер, қалталы азаматтар пайда болды. Сол азаматтар Алла берген дәулетін ел игілігіне жұмсаса, нұр үстіне нұр болар еді. Дегенмен де, көп жағдайда өреміз жетпей, қолға келген мол қаржыны далаға шашатын жайымыз бар.

Тарихқа барлап отырсақ, Алла берген дәулетін ел игілігіне жаратып, ел жадында мәңгі қалған тұлғаларымыз баршылық. Мысалы 1836 жылы Семей шаһарында өз қаржысымен мешіт салдырған Тыныбай Кәукенұлының есімін әлі күнге дейін  Семей халқы зор құрметпен  еске алады. Атымтай жомарттың салдырған мешіті екі ғасырға жуық ел игілігіне жұмыс істеп тұр. Бүгінде Тыныбай мешіті еліміздегі көне ғибадатханалардың бірі болып саналады. Сонымен қатар, Семей қаласында ХІХ ғасырдың ортасында мұсылман көпестері салдырған бірнеше мешіт әлі күнге дейін жамағаттарға тұрақты қызмет көрсетіп келеді.

Арғы бетте өмір сүрген Баспай байдың жомарттығы, елге деген қамқорлығы жұрт  арасында осы уақытқа дейін аңыз болып айтылуда.Ол кісі Еміл өзенінің үстіне көпір салдырған, талай мұқтаж жандарға көмек қолын ұсынған екен.

Меніңше ата-бабаларымыз Пайғамбар (с.а.с.): «Адам өлген соң оның үш амалынан басқасы тоқтатылады. Олар жүріп тұратын садақасы (жол, мектеп, мешіт, көпір салу) пайдалы білім және өзіне дұға ететін салиқалы ұрпақ» - деген ұлағатты хадисін әрдайым өмірлік ұстанымға айналдырған екен. Отанды қорғау әрбір азаматтың борышы. Пайғамбар (с.а.с.) бір хадисінде: «Шекараны және Отанды қорғау үшін бір күн, бір түн күзету бір ай нәпіл ораза ұстап, түнде нәпіл намаз оқудан қайырлы» - деген екен.

Туған ауылға, жерге көмек көрсету үрдісі бүгінде қанатын кеңге жайып келеді. Әсіресе, бұрын мектеп бітірген жастардың өздерінің 10, 20 жылдық кездесулері кезінде туған ауылдарына, білім алған мектептеріне  материалдық көмек ұсынуы көңілге қуаныш ұялатады. Алдағы уақыттарда осындай елге көмегі бар шаралар көптеп атқарылатынына сеніміміз мол.

 

 Д. Аманов

Түркістан облысының дін істері басқармасы

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

Мақтаарал ауданындағы дінтанушы маманы                               

0 пікір