Радикалды ұстаным қауіпті құбылыс
Радикалды ұстаным қауіпті құбылыс
02.12.2022
976
0

Радикализм (латынша radix – түбір, түп, тамыр) – белгілі бір көзқарасты ғана дұрыс деп тану, тек соны ғана жақтау деген мағынаны білдіреді. Мұндай ұстаным қалыптасқан қоғамдық дәстүр мен үрдістерді, көзқарас пен институтты өз идеологиясына қарай өзгертуге бағытталады. Яғни тек менікі ғана дұрыс деп өзгені адасты, шатасты деген көзқарасты ұстану. Зерттеушілердің пікірінше, тарихтың ауыспалы кезеңдерінде пайда болатын бұл феномен қоғамның саяси және әлеуметтік саласында жиі көрініс береді. Тәуелсіз Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Елбасымен бірге – жаңа жетістіктерге!» атты 2015 жылы өткен жастар форумында: «радикализм қауіптері мен оның зардаптары туралы сөзінде: «Радикализм тіршіліктің бірде-бір саласында пайда әкелмейді. Ол тек прогресті тежейді, кері итереді», - деп атап өтті.

Бүгінгі таңда Таяу Шығыс елдерінде, яғни мұсылман әлемінде орын алған лаңкестік ұйымдар тарапынан жасалып жатқан қақтығыстар мен кескілескен ұрыстар негізінде діни радикалдық және саяси себептер де жоқ емес. Діни радикалдық идеология экстремистік, террорлық ұйымдарды қалыптастырудың негізгі «құнарлы топырағы» болса, діни экстремистік және террорлық актілердің жиі орын алуы өз кезегінде әлемде «исламофобия» түсінігін қалыптастырды. Бір феноменнің пайда болуы екінші бір феноменнің кең қанат жаюына түрткі болуда.

Кез келген дінді бір қырынан ғана танып, қатаң түрде ұстану салдарынан діни радикалдық көзқарастың пайда болатындығын әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр. Мысалы, Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінде радикалды буддистер тарапынан басқа дін өкілдерін қыспаққа алу, әсіресе мұсылман қауымының мешіттерін, үй-жайларын өртеп, өздерін шет қақпайлау оқиғалары шетелдік бұқаралық ақпарат құралдарында жиі жариялануда. АҚШ елінде христиан дінінің бір тармағы болған протестанттық радикалды идеология әрекет етсе, Батыс Еуропа елдерінде католиктік радикалды көзқарастар да жоқ емес. Қай дінде болсын діни радикалды идеологияның кез келген елдің қалыптасқан әдет-ғұрпы мен салт-дәстүріне, моральдық-рухани құндылықтарына, жалпы алғанда қоғамның бірлігі мен ынтымағына төндірер қауіпі зор. Елімізде діни радикалды көзқарасты ұстанушылар тобының пайда болуының бір-бірінен ажырамас бірнеше сыртқы және ішкі факторлары бар. Жетпіс жыл бойы Ресейдің бодандық саясаты салдарынан діни сауаты таязданған халқымыздың мәдени және діни, жалпы алғанда рухани құндылықтарға деген сұранысының артуы елімізде діни радикалды көзқарасты ұстанушы адамдар тобының қалыптасуына қолайлы жағдай тудырды. Бұл ішкі фактор – еліміз өз алдына тәуелсіздігін алғаннан кейін, белгілі бір жастар тобының өз беттерінше Пәкістан, Сауд Арабиясы және т.б. елдерде діни білім алып отанымызға оралуы, сонымен қатар діни сұрақтар мен мәселелерге жауап іздеушілердің радикалды идеологияны насихаттаушы интернет-сайттар мен бейне роликтердің арбауына түсуі сынды бірнеше сыртқы фактордың пайда болуына түрткі болды.

Ең қауіпті радикалды топ деп тәкфир жамағатын айта аламыз. Бұрын олардың қарқыны қатты еді. Дегенмен, жүргізіліп жатқан ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының арқасында халық тәкфиршілердің насихаттары деструктивті сипатқа ие екенін, олардың қатарына қосылуға болмайтынын түсініп жетті. Сондықтан бұл діни ағымның өкілдері көбейіп жатқан жоқ. Ел ішінде бүлік, фитна тудырып, шектен шығатын әрекет жасап жатқанын кездестірмейміз.

Радикалдық идеологияның кез келген түрі қоғам үшін аса қауіпті. Ол қоғамда ұлттық, діни сипаттағы араздықты қоздырып, бірлік пен ынтымаққа нұқсан келтіреді. Рухани құндылықтар шетке ысырыла бастайды. Біз жастарымызға керегі – ең бірінші өзінің болмысы, мәдениеті, діни танымы, тәжірибесі. Тәжірибе деген – тарих деген сөз. Тарихта қандай тұлғалар болды, қандай еңбектер қалдырды, міне осыны негізге алсақ, бұл тарихилық болып шығады. Яғни, біз діни экстремистік және деструктивті шаблондардың, олардың сипатын, табиғатын тарихилық өлшеммен, діни тәжірибемізбен салыстырып, анықтай аламыз.

 

 Б.Абдрахман

Түркістан облысы дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»

КММ-нің теолог маманы                                                               

0 пікір