Қылмыстық және заңға қайшы әрекеттер
Қылмыстық және заңға қайшы әрекеттер
09.07.2026
252
0

Қазақстан Республикасының Қылмыстық Кодексінде қылмыстық болып табылатын біршама баптар бар. Мәселен жемқорлық, алаяқтық, кісі өлтіру, тонау, экстремизм мен терроризм секілді. Соған байланысты әр баптың жаза мерзімі мен өтеуі де әртүрлі. Біздің бағытымыз дін саласы болғандықтан күнімізде болып жатқан дін мен байланысты экстремизм және террористік бағыттағы қылмыстық іс-әрекеттерге тоқталсақ.

Алпауыт мемлекеттер арасында басталған текетірестер кейбір діни саяси топтардың пайда болуына әкеліп соқтырды. Ал Америкада протестант ағымынан түрлі діни топтар бөлініп шығып «біздің жолымыз ғана дұрыс» деген сенімді ұстанып адамдардың жүрегіне жол табу мақсатында түрлі әдіс-айлаларды пайдаланды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында біздің жас мемлекетімізге де көз алартып қараушылар аз болмады. Соның бірі діни-саяси экстремистік топтар.

Экстремистік бағыттағы қылмысқа жыл сайын әлем бойынша қаншама адам тартылып жатады. Соның бірі біздің еліміз. ҚР ҰҚК мәліметіне сәйкес 2025 жылы қараша айындағы діни экстремизм мен терроризмге қатысы бар деген айыппен 83 адам ұсталып, 97 адам сотталған. Көбісі әлеуметтік желіде діни экстремистік материалдарды таратқан. Осыған байланысты 2005 жылдың 2 ақпанында «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» заң қабылданды. Экстремизм туралы заң ҚР ҚК 174-бабында көрініс береді. 174-баптың 1-тармағында: «Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік немесе діни араздықты қоздыру. Әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, діни араздықты немесе алауыздықты қоздыруға, азаматтардың ұлттық ар-намысы мен қадір-қасиетін не діни сезімдерін қорлауға бағытталған қасақана іс-әрекеттер жасаған адам екі жылға дейінгі мерзімге түзеу жұмыстарына не жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады». Бұл баппен жауапкершілікке тартылатын қоғам өкілдерінің жас ерекшелігі де әр түрлі. Көбіне көп сот залында жауап беруші тұлғалар деструктивті діни ағым мүшелері екенін байқап жатамыз. Себебі не? Әрине радикализмге негізделген Таяу Шығыс елдеріндегі қатаң доктриналарды пайдаланып біздің еліміздің Конституциялық нормаларына қарсы шығу және жоққа шығарып азаматтарды сол сенімге иландыру. Әлеуметтік желінің күшін пайдаланған теріс діни ағым өкілдері өздерінің арам пиғылдарына түрлі жастағы азаматтарды торға түсіріп жатады. Әрине оның ішінде егде жастағы адам, бозбала мен бойжеткен де бар. Сондай-ақ аталмыш баппен еліміздің солтүстік өңірлерінде тұратын кейбір азаматтар еліміздің заңды шекарасын мойындамай сепаратистік пиғылмен тәуелсіздігімізге қатер төндіретін кейбір жат пиғылды пікірлерін айту арқылы да сот залында жауап беріп темір торда жазасын өтеп жатады. Ал қылмыс жас таңдамайды. Жаза басқан соң оның өтемі де болады.

Экстремизм – латын тілінен енген термин, «соңғы, шеткі» деген мағынаны білдіреді. Ал саяси мағынасы экстремизм бойынша – бұл шектен шыққан көзқараспен және іс-әрекетімен ерекшеленетін күрделі әлеуметтік феномен. Сонымен қатар, бұл тікелей немесе жанама түрде зайырлы қоғамдағы демократияны жоққа шығаратын саяси қызмет түрі. Сондай-ақ шынайы діннің негізгі қағидаларынан, қазіргі қолданыстағы ұлттық заңнамалардың және халықаралық құқықтың қағидаттарынан тыс шектен шығу дегенді білдіреді. Экстремизм: саяси экстремизм, діни экстремизм және ұлттық экстремизм болып бірнеше топқа бөлінеді. Ал «діни экстремизм – басқа діндерді ұстанушы адамдарға төзімсіздік танытып, соған сәйкес қоғамға қарсы, көбінесе құқыққа қайшы, соның ішінде азаматтарға қарсы күш қолдану әрекеттеріне шақыру».

Діни экстремизм ұғымына Қазақстан Республикасының 2005 жылдың 2 ақпанында қабылданған «Экстремизмге қарсы іс-қимыл туралы» заңында мынадай сипат берген:

Экстремизм – жеке және заңды тұлғаның, жеке және заңды тұлғалар бірлестігінің белгіленген тәртіппен экстремистік деп танылған ұйымдардың атынан іс-әрекеттер ұйымдастырылуы және жасауы;

Жеке және заңды тұлғаның, жеке және заңды тұлғалар бірлестігінің мынадай экстремистік мақсаттарды: діни өшпенділікті немесе алауыздықты, соның ішінде зорлық-зомбылықпен немесе зорлық-зомбылыққа шақырумен байланысты алауыздықты қоздыруды, сондай-ақ азаматтардың қауіпсіздігіне, өміріне, денсаулығына, имандылығына немесе құқықтары мен бостандықтарына қатер төндіретін кез-келген діни практиканы қолдануды көздейтін іс-әрекет ұйымдастыруы және жасауы.

Зерттеушы ғалымдардың көзқарасы бойынша діни экстремизмнің шығуының басты үш негізін атап көрсетеді. Біріншісі – діни сауатсыздық. Дінге толыққанды діни таным-түсінікпен келмеу, діннің негізгі қағидаларын дұрыс түсінбеу діни сауатсыздықтың басты көрінісі. Екіншісі – теріс пиғылды ағымдардың өкілдерінің сөзіне еру арқылы қалыптасқан жаңсақ сенім. Ал үшіншісі – әлеуметтік мәселелер. Көп жағдайда жұмыссыз жастардың болашаққа сенімсіз жағдайын пайдаланып экстремистік идеология жетекшілері олардың санасына шетін көзқарасты сіңіреді.

Ғаламтор кеңістігіндегі мұсылмандардың қысымға ұшырауы жайлы материалдар, әсіресе АҚШ, Еуропа, Израйльдегі, Ресейдің Кавказ аймағындағы мұсылмандар туралы ақпараттарды, қанға бөккен адамдардың суреттерін, бейнематериалдарды ашық көрсету арқылы күллі әлемді мұсылмандарға жау ретінде көрсетуге ұмтылу діни экстремистік бағыттың негізгі жұмысы деуге болады. Мұндай іс-әрекеттер біздің елімізде де болып  жатқандығы жасырын емес. Шетелдегі түрлі діни экстремистік-террористік қарулы топтардың қатарына қосылып жатқан азаматтарымыз болды. Мұндай топтармен күрес жүргізу еліміздің басты бағыттарының бірі.

Қорыта айтқанда,  оқырмандарға айтарымыз жоғарыда келтіргендей діни экстремистік идеялары бар азаматтармен жақын жолдас болудан сақ болыңыздар. Қоғамның дамуы біртұтастық пен ынтымақ, бірлікте. Сондықтан да халқымызда бақ қайда болса, ынтымақ бірлік сонда деуі бекер еместі.

 

 Қ.Қосмаханов 

 

Түркістан облысы дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы» КММ-нің

 теолог  маманы                                                                          

0 пікір