Қазақстандағы діни білім беру орындары
Қазақстандағы діни білім беру орындары
20.07.2022
1012
0

Әрбір мемлекеттің діни білім беру жүйесінің қалыптасуындағы басымдықтарды бірінші кезекте мемлекет құрушы ұлттың діни қатыстылығы айқындайтыны белгілі. Қазақстандағы діни білім беру жүйесі соңғы жүзжылдықтарға дейін бірыңғай ислами арнада дамыды.

Қазақстандағы ислами білім беру жүйесінің ерте орта ғасырлардан басталған мың жылдан аса тарихы мен тәжірибесі бар.  Ең алғашқы ислами орта оқу орындары болған медреселердің  араб жерінде емес, Түркістан өлкесінде пайда болғаны тарихтан белгілі. Мұның басты себебі тілдік фактордың әсері болып табылады. Мұсылмандықты қабылдаған түркі халықтары үшін ислам дінінің негіздерін үйрену, шариғат заңдылықтарын түсіну, зерттеу, тарату талпынысын араб тіліндегі Құран Кәрімді, Мұхаммед пайғамбар хадистерін, исламдық мәтіндерді игеру арқылы ғана жүзеге асыру мүмкін болып табылатын.

Тәуелсіздік  алған жылдары еліміздегі жастардың жан-жақты білім алуы үшін бұрын-соңды болмаған мүмкіндік пайда болды. Бір ғана «Болашақ» бағдарламасының шеңберінде мыңдаған қазақ жастары дамыған елдерге барып, білім алды. Дәл осы сәтте діни білім алуға ұмтылған жастардың да қатары көбейгені жасырын емес. Олардың бірқатары қиын жағдайда қалған ислам елдерінен білім алып дүниетанымы өзгерді.

Өзге елдерде діни білім алу бүгінде өзекте мәселе екені сөзсіз. Діни білім алу дүниенің бір бұрышына барып, қандай да бір мамандықты меңгеретін оңай дүние емес. Діни сауаттылық ұлттық ерекшелік, жергілікті халықтың салт-дәстүрімен ұштасып жатуы маңызды. Оның үстіне, еліміз егемендігіне ие болып, арқа-басы кеңейген тұста ел ішінде дін саласында жұмыс істейтін мамандарды даярлайтын оқу орындары мүлде болмады десек болады. Сол себепті діни сауатын көтеруге аңсары ауған қазақ жастары имани білім алуы үшін сырт елдерге сапар шегуіне тура келеді.

Бүгінгі күні Қазақстанда дін мамандары екі бағытта - дінтанушылар мен теологтар ретінде даярланады. Дінтанушылар дінді ғылыми тұрғыдан зерттеп, жалпы әлемде бар барлық діндердің тарихы мен теориясын қарастырса; теологтар құдайды, дінді іш жағынан, діни тұрғыдан зерттеп, құдай идеясын мойындайтын және негіздейтін діндерді, ең алдымен, әлемдік діндерді зерттейді. Дінтанушы мамандарды Алматы қаласындағы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Шет тілдер және іскерлік университетінде (алғашында Абылай хан атындағы Халықаралық қатынастар және бүкіләлемдік тілдер университеті жанындағы Шет тілдер факультеті болған), Нұр-Сұлтан қаласындағы Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде, Түркістан қаласындағы Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде, Қарағанды қаласындағы Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде бакалавриат және магистратура бағдарламалары бойынша даярлайды. Дінтанушы мамандарға мемлекеттік, діни және қоғамдық ұйымдарда, бұқаралық ақпарат құралдарында тәуелсіз сарапшы ретінде және сарапшылар комиссиясы құрамында, мемлекеттік басқару, сыртқы және ішкі саясат бөлімінің, дін істері агенттігінің қызметкерлері, мемлекеттік және мемлекеттік емес жоғарғы және орта арнаулы оқу орындарының оқытушылары ретінде сұраныс жоғары.

«Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» заңның нормаларына сәйкес республикалық және өңірлік діни бірлестіктер дін қызметшілерін даярлаудың кәсіптік оқу бағдарламаларын іске асыратын мекемелер нысанында діни білім беру ұйымдарын құра алады. Осы негізде қазір елімізде 12 рухани (діни) білім беру орны жұмыс істейді. Оқу орындарындағы барлық діни, сондай-ақ, зайырлы пәндерді оқыту бағдарламалары ҚР Білім және ғылым министрлігінің талаптарына сәйкес дайындалған.

ҚМДБ құрамындағы Арнаулы орта және кәсіптік білім беретін мекемелер санатындағы 9 медресе – колледж Нұр-Сұлтан, Павлодар, Орал, Ақтөбе, Шымкент, Сарыағаш, Алматы, Шамалған, Тараз өңірлерінде 2007 жылдан бастап ашылған. Барлық медреселердің діни білім беретін оқу бағдарламалары бойынша қызмет жүргізуге құқық беретін мемлекеттік лицензиялары бар. Медреселер ҚР Әділет министрлігінде тіркелген, ҚР Қаржы министрлігінен Салық төлеуші куәлігін алған. Медреселердің Жарғылары, статистикалық карточкалары, т.б. құжаттары толық. Білім беру қызметін ұйымдастыруы Қазақстан Республикасының білім саласындағы заңнамасы талаптарына сәйкес жүргізіледі.

Барлық медреселер «Діни қызметкерлер үшін білім беру бағдарламасына қойылатын талаптар» мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандартына сәйкес қызмет атқарады. Медреселерде негізінен жоғары діни білім алған отандық мамандар қызмет етеді. Оқытушылардың көпшілігі «Нұр-Мүбарак» университетінің, Халықаралық Қазақ-Араб университетінің, Ташкент ислам институтының, Ташкент ислам университетінің түлектері.

Теологиялық ілімге бас ұрған жастар бірінші кезекте өз елімізде білім алуы керек. Жастар жергілікті оқу орындарында ислам құндылықтарын ұлттық ерекшелікпен қатар бойына сіңіргеннен кейін олардың ой-санасында қорғаныштық қабілет қалыптасатыны белгілі. Елімізде білім алып, оңы мен солын таныған жастарды білімін ұштау үшін сырт елдерге қорықпай жіберуге болады. Өйткені ұлттық тамыр тереңге кеткен жастарды ешкім дұрыс жолынан адастырып, кері жолға түсіре алмайды.

 Б.Абдрахман

Түркістан облысы дін істері басқармасының

«Дін мәселелерін зерттеу орталығы»

теолог маманы                                                                               

0 пікір